«Кел, балалар, оқылық…»

Білім күні мерекесін Приозерск қаласының халқы да ерекше атап өтті. №1 және №2 жалпы білім беретін орта мектептердегі салтанатты шараға жиналған мұғалімдерді, ата-аналар мен мектеп оқушыларын қала әкімі Қайрат Қамзин құттықтап, жаңа оқу жылында толағай табыстар тіледі.

Қаланың білім бөлімінің ақпаратына сүйенсек, Приозерск қаласында жалпы орта білім беретін екі мектеп жұмыс істейді. Бұл білім ошақтарында 1800-ден астам ұл-қыз білім алуда. Биылғы оқу жылында 244 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Ал, 74 оқушы 11 сыныптың партасына жайғасты.

Сондай-ақ, осы жиында ҚР ҚМ 06708 әскери бөлім өкілдері Спасск қаласында өткен «Айбын – 2019» әскери-патриоттық ойынына белсенді қатысқан мектеп оқушыларын медальдармен және құрмет грамоталарымен марапаттады.

Биылғы 2019-2020 оқу жылында білім саласында қандай өзгерістер орын алмақ? Бұл туралы 16 тамызда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен республикалық Тамыз кеңесінде айтылды. Мемлекет басшысы білім мен ғылым саласын одан әрі жетілдіру мақсатында тиісті органдарға тапсырма берді.

– Тамыз кеңесіне ел Президентінің қатысуы барша педагогтердің еңбегіне көрсеткен ілтипаты деп танимыз. Конференцияда көтерілген мәселелер уақыттың талабынан туындап отыр және аса маңызды. Мәселен, 2019-2020 оқу жылында 4, 9 және 10 сынып оқушылары білім берудің жаңартылған мазмұнына көшеді. Келесі 2020-2021 оқу жылында бұл үрдіске 11 сынып та қосылатын болады. 10-сынып оқушылары үшін «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық», «Графика және жобалау», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәндері қосылмақ, бұл пәнді оқыту оқушылардың алдағы уақытта мамандықты дұрыс таңдауына септігін тигізеді деп күтілуде. 2021 жылы жаңартылған білім беру мазмұны толықтай енгізілген соң, кезең-кезеңмен 12 жылдық жүйеге көшу жоспарланған. Бұл жүйеге көшу үшін бастауыш сыныптарда оқу мерзімі бір жылға ұзартылады (1-5 сыныптар). Негізгі орта және жалпы орта білім беру мерзімі өзгермейді.

Қазір 12 жылдық орта білім беруге көшу 2020-2025 жылдарға арналған білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жобасына енгізілген. Бұл жүйеге 2021-2022 оқу жылдарынан бастап көшу жоспарланып отыр. Бағдарлама бекітілген соң, оқу жоспары мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына тиісті өзгеріс енгізіледі, – дейді Приозерск қаласы білім бөлімінің басшысы Гуля Кеңесқызы.

Бөлім басшысы айтқандай, білім беру жүйесін жетілдіру және Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесін одан әрі насихаттау мақсатындағы жұмыстар өз жемісін беруде. Мысалы, 2019 жылғы мамыр айында Балқаш қаласында «Ұлы Дала мұрагерлері» форумы өткізілді. Бұл іс-шара Балқаш, Приозерск қалалары, Шет, Ақтоғай аудандарының білім ардагерлерінің, педагогтері мен оқушыларының және қала тұрғындарының басын қосты. Форумдағы шеберлік сыныптары, шеберлер қаласы, Назарбаев зияткерлік мектептерінің «100 күй», «100 ән», «2 апта ауылда», «Ата-ана кәсіпорнында 10 күн», «Қобыланды батыр» жырын жатқа айту, «100 кітап» желісіндегі әдеби салон және басқа да жобаларға Приозерск қаласының мектеп оқушылары мен мұғалімдері қатысып, өз шеберліктері мен өнерлерін көрсетті.

Қуаныш АМАНҚҰЛ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.