Кең пейілді кемімес

   Қолы ашық кәсіпкер Гүлжан СЕЙДІҒАЗЫМҚЫЗЫН Арқа жұрты жақсы біледі. Бір басына бірнеше өнерді жиған нәзік жанның биылғы қайырымдылық шаралары – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналуда.

Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) хадисінде «Кәсіптің ең жақсысы – әркімнің өз қолымен істелген ісі және адал сауда» екені айтылған. Кәсіпті бастағалы алты жыл қатарынан Қарағандыдағы қайырым күткен, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп келеміз. Бұл – біздің фирманың директоры, ұлым – Сайдтың да қалауы.

Осылай жауапты қысқа қайырған кәсіпкер жақында қаладағы Саңыраулар мәдениет үйінде болды. Мүмкіндігі шектеулі ІІІ топтағы жиырма адамды азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Саңыраулар мәдениет үйінің басшысы Райса Бисакова: «Бізге қаладағы кәсіпкерлер қарайласып тұрады десек, жалған айтқандығымыз болады. Ал, игілігін көрген барлық жарымжандар Гүлжанды жақсы біледі. Туғанын көргендей құшаққа алып, хал сұрасқанын көрдіңіздер. Азық-түлікті үйіп-төгіп әкеліп тастайды. Алладан қайтсын дейміз. Сананы тұрмыс билеген заманда, осындай мәрт жандардың барына қуанамын. Жүрегінің кеңдігіне таң қаламын», – дейді.

Бұған дейін Гүлжан Сейдіғазымқызының бастамасымен «Қамқор» фирмасы, «Үміт» мүмкіндіктері шектеулі адамдардың ерікті қоғамы, сондай-ақ, Қарағанды қалалық №1 мешіт жанындағы медреседе қайырымдылық шаралары ұйымдастырылған. Облыстағы жаңа мешіттің салынуы барысында жұмыскерлерді тегін азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Құрбан айт, Ораза мейрамдары, атаулы мерекелік күндерде мүмкіндігі шектеулі жандарды жиып «Гүлжан» мейрамханасында ас беріп тұрады. Жақында қаладағы қарттар үйіне бас сұғып, қырық адамды тегін етпен қамтамасыз етті. Оның дүкендеріндегі азық-түліктің бағасы қаладағы басқа дүкендер бағасынан арзан. Қоймаларындағы тауарлар әлдеқайда қолжетімді бағада сатылады. Дәстүрлі шаралар алты жыл бойы жалғасып келеді.

«Кейде менің жеке ұялы телефоныма көмек сұрап хабарласады. Тіркеп алып, дереу қол ұшын береміз. Қарағандының маңайындағы ауылдарға тегін киім-кешек үлестірген кездер де болған»,– дейді кәсіпкер.

Құдайға қарағандардың қайырымы бөлек екен. Бұрын біз Гүлжан Сейдіғазымқызын – тектінің ұрпағы, нағашы атасы Нұржан Шоңұлының немересі деп танитынбыз. Тектінің тәрбиесін алған Гүлжан бүгінде – көмекке мұқтаж жандардың жарылқаушысы. Ізгі жандар жақсылығын жасырады. Бірақ, сіз біліп жүріңіз!

Аяулым СОВЕТ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.