Ресми

Карантинге қатысты ең көп қойылатын сұрақтардың жауабы

Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі карантин режиміне қатысты тұрғындар тарапынан ең көп қойылатын 5 сұраққа жауап берді. Сонымен…

Карантин қанша уақытқа созылады? 

Ел аумағында және аймағымызда коронавирус инфекциясының таралуына байланысты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шектеу шаралары енгізілді. 2020 жылдың 7 сәуірі күні сағат 00:00-ден бастап Қарағанды облысының барлық аумағында  карантин режимін күшейту бойынша қосымша шаралар қабылданады. Осы уақыттан бастап карантиндік аймаққа кіруге және одан шығуға тыйым салынады.
Карантиннің ерекше тәртібі Қарағанды, Абай, Саран, Теміртау және Шахтинск қалаларында, сондай-ақ Бұқар Жырау ауданыа қарасты  Доскей, Үштөбе, Ботақара, Көкпекті, Ғабиден Мұстафин, Петровка елді мекендерінде енгізілді. Бұл шектеу шаралары ерекше өкім жарияланғанға дейін сақталады.

 Қала ішінде жүруге бола ма?

Жүріп-тұру біршама шектелген. Қаланың басқа аудандарына  жұмысқа барып-қайту үшін ғана шыға аласыз.  Ол үшін жұмыс орнынан басшының қолымен және мөрімен куәландырылған анықтама қажет. Сәйкесінше маршрут көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ,  жеке куәлікті жаныңыздан тастамағаныңыз абзал. 

Карантин кезенде қандай ұйымдардың жұмысына рұқсат беріледі? 

  • Денсаулық сақтау жүйесінің объектілері;
  • Инфрақұрылым, тіршілікті қамтамасыз ету және коммуналдық шаруашылық объектілері;
  • Көлік және байланыс қызметтері;
  • Өнеркәсіп, ауылшаруашылығы және жер қойнауын пайдалану субъектілері;
  • Бөлшек сауда объектілері;
  • Тамақтану (жеткізу режимінде) және құрылыс қызметтері;
  • Екінші деңгейлі банктердің филиалдары мен бөлімшелері;
  • Пошталық, курьерлік және жүк қызметтері;
  • Тамақ өнімдерін, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды, сондай-ақ бірінші кезекте қажетті тауарларды жеткізу сервистері;
  • Тамақ өнімдерінің, дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың қоймасы/дистрибуциясы;
  • Қонақ үйлер, қарттар үйлері, балаларға арналған баспаналар, үйсіздерге арналған баспаналар, жануарларға арналған баспаналар;
  • Жерлеу рәсімін ұйымдастыру қызметтері және зират агенттіктері;
  • Бұқаралық ақпарат құралдары;
  • Волонтерлік ұйымдар;
  • Уақытша сақтау қоймалары;
  • Объектілерді күзету бойынша қызмет көрсететін ұйымдар.

Қандай жағдайда үйден шығуға рұқсат беріледі? 

 Жұмысқа баруға және кері қайтуға болады. Сондай-ақ, үйіңізге жақын орналасқан дүкенге немесе дәріханаға баруға рұқсат берілген. Бір ескеретін жайт, олардың қашықтығы 1,5 шақырымнан аспауы тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, онлайн сатып алуға шектеу қойылмайды.  Курьерлер тапсырыстарды көрсетілген мекен жайға жеткізеді. Оны қолма-қол ақшамен немесе банк картасымен төлей аласыз.  

Қоғамдық көліктер қызметі тоқтады. Жұмысқа немесе емханаға қалай баруға болады? 

Кәсіпорындар өз қызметкерлері үшін орталықтандырылған жеткізуді ұйымдастыруы тиіс. Бұдан басқа, такси қызметі жұмысын жалғастырады. Бірақ, машинада бір жолаушыдан артық болмауы тиіс. Сондай-ақ, жаныңызда жұмыс орнынан анықтама болса, онда  жеке көлікпен де жетуге болады.

Карантин режимін бұзғаны үшін жаза қолданыла ма? 

ТЖ режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған (ҚР ӘҚБтК 476 бабы). Полиция қызметкерлері әкімшілік хаттама толтырып, сотқа жібереді. Осыдан соң 10 АЕК (26 510 теңге) немесе 15 тәулікке қамау түріндегі жаза қолданылуы мүмкін. 

Карантин талаптарын орындауыңызды өтінеміз. Өзіңді сақтаңыз!

Басқа материалдар

Back to top button