Коронавирус

Карантин кезінде туыстармен қалай араласамыз?

Теміртаулық тұрғын баласын ата-әжесіне қонаққа жіберіп, карантин аймағынан шығуға тыйым салынғаннан бері бес жасар ұлын қайтара алмай отыр. Металлургтер қаласында тұратын келесі бір ер адам да Қарағандыда ауруханада жатқан әйелі мен үш айлық баласын көре алмай алаңдаулы. Облыс әкімдігі жанындағы жедел әрекет ету орталығына осындай мәліметтер келіп түсуде.

Теміртауда тұратын жас отбасы бес жасар ұлын, бір-екі күн қонаққа ата-әжесіне Шахан кентіне жіберген. Ертеңіне қалада карантин жарияланып, блок бекеттер қойылды.
– Ұлым кемпір-шалдың қолында. Күнде жылап, үйге оралғысы келетінін айтады. Тамақ ішуден де бас тарта бастады. Ал, әке-шешеміз қария болғандықтан, кішкентай балаға ие болу қиын болып отыр. Олар балаға неге ата-анасының келуге болмайтынын түсіндіруге қауқарсыз, – дейді баланың әкесі.
Қиындыққа тап болған Теміртау тұрғыны көмек сұрап қала әкімдігіне жүгінді. Бұл мәселе туралы жедел әрекет ету орталығы да хабарлады. Баласын қайтарып алып келуге ер адамды өз көлігімен өткізу туралы шешім қабылдады. Дегенмен, көлікте ол өзі жалғыз болуы керек деген шарт қойылды.
– Қазір мен ұлыма барамын. Әрине, біз мәселенің шешілгеніне қуаныштымыз. Бізге көмектескен мамандарға рахмет, – деді баланың әкесі.
Үш айлық сәбидің әкесі де Қарағандыда ауруханада жатқан әйелі мен баласын көре алмай уайымдап отыр.
– Ұлымды ауруханаға жатқызып, ота жасау керек еді. Мен оған Қарағандыда табылмайтын арнайы тамақты Теміртаудан таситынмын. Бірақ, карантинге байланысты ол мүмкін болмай тұр. Мен әкімдікке көмек сұрап, жол жүруге рұқсат етуін өтіндім, – деді ол.
Қазір балаға ота жасалып, шығаруға дайындап жатыр. Жақын арада ер адам өз отбасымен қауышады.
Естеріңізге сала кетейік, жедел әрекет ету орталығы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасы бойынша құрылған болатын. Орталық тәулік бойы және демалыссыз жұмыс істеуде. Сұрақтар Senim 109 қызметінен және басқа ведомстволардан беріледі. Орталықта барлық облыстық басқармалардың, департаменттердің, санитарлық қызмет пен полицияның мамандары жұмыс істейді.
Байланыс орталығына Facebook-те senim 109 парақшасы арқылы хабарласуға болады. Әлеуметтік желілердегі барлық хабарламалар #senim109 хэштегімен белгіленіп, 25 символдан кем болмауы тиіс. Шағым мен ұсынысты senim109.kz Telegram-бот арқылы да жіберуге болады және senim109.kz интернет-порталына жіберуге болады.

Келесі сілтеме бойынша сіздердің барлық шағым-ұсыныстарыңыз әлеуметтік желілерге түседі:

https://www.instagram.com/senim109.kz/ (https://taplink.cc/senim109.kz).

Басқа материалдар

Back to top button