Көзге де, көңілге де медеу сурет

Ерлан НҰРҒАЛИЕВ. Осы есімді ести қалсаңыз ішіңіз жылып қоя береді. Иә, киік киесін қоримын, қарақшының жолын торимын деп, қандықол қылмыскерлердің қолынан ажал құшқан жерлесіміз еді. Сол ерлігі ескерусіз қалмады. Мемлекет тарапынан марапатталды. Ел жүрегінен едәуір орын алды. Ішіміздің жылитыны сондықтан болса керек.

Естеріңізде болса, Ерлан Нұрғалиевтің киіктің лағын көтеріп тұрған суреті ел назарын бірден аударған еді.

Міне, тағы да Қарағанды орталығының төрінде сол бейнесі жарқ етті. Нұркен Əбдіров даңғылындағы №4 үйдің қасбетіне қорықшының суретін қылқалам шебері Шыңғыс Қасымов бейнелепті.

«Белсенді азамат» жобасының жетекшісі Сабир Ниязов суретті салу идеясы былтыр ойға келгенін айтады.

– Бұл – қалаларға тəн заманауи өнер. Көркем суреттегі жанрдың мұндай түрін – мурал деп атайды. Мұның эскизін жасауға жəне демеуші табуға облыс пен қала əкімдігі көмектесті. Алғыс білдіреміз. Жалпы бұл жоба ағартушылық, өлкетанушылық қызметтерін де қоса атқарады, – дейді ол.

Муралдың астыңғы жағына Ерлан Нұрғалиевтің өмірбаяны мен қызметі жəне ерлік ісі туралы қысқаша ақпарат жазылған тақтайша ілінді.

Алдағы уақытта қала орталығында батыр ұшқыш Нұркен Əбдіровтің бейнесі бедерленген тағы бір мурал салыну жоспарда дейді жоба ұйымдастырушылары.

Айтпақшы, қаһарман жерлесіміздің құрметіне салынған мурал Алматы қаласында да бар. Демек, батыр елдің көзінде де, көңілінде де мәңгі қалады деген сөз.

Қасымхан ҒАЛЫМ