Жаңалықтар

«Көз – өмірдің айнасы» Динара Тоқсамбаева

сухбат 1 (1)        Қоршаған әлем туралы ақпараттың   90%-ға жуығын көз арқылы қа­былдаймыз.  Адам денесіндегі өзге бұлшық еттермен салыстырғанда, өте жылдам қозғалатыны да осы көз бұлшық еттері. Ал, қасаң қабақ ақуызы мен көз бұршағы 70 градусқа дейінгі температураға төтеп береді. Тіпті, бала дүниетанымының кең болуы да оның көру қабілетіне байланысты.
Техника төрелік құрған әлемде көздің көру қабілетін қалай сақтауға болады және көз ауруларының алдын алу үшін не істеу керек? Осы турасында Қарағанды облыстық медицина орталығының көз микрохирургиясы бөлімінің меңгерушісі, облыстың бас офтальмологы, жоғары санатты дәрігер Динара Еркенқызымен сұхбаттастық…

– Динара Еркенқызы, қазір көз көруінің нашарлауы қалыпты құбылысқа айналды. Бұрын мектеп бойынша бірлі жарым ғана бала көзілдірік тақса, қазір сыныптың елу пайызын онсыз елестету мүмкін емес. Көз аурулары да көбейе түскен…
– Статистика бойынша көз аурулары көбейген жоқ, керісінше, емханалар жақсы жұмыс жасай бастады. Адамдардың да өздерінің денсаулықтарына алаңдаушылық танытып, дер уақытында дәрігерге көрінуі – ауруды ерте кезден анықтауға мүмкіндік береді. Ал, балалардың көз ауруы  – ХХІ ғасыр дерті,  ол бақыланбайтын процесс. Ақпараттың көптігі, компьютерде және мобильді құрылғылардағы жұмыс адамның ағзасына ғана емес, көру қабілетіне де артық жүктеме. Бұл – көздің көру қабілетінің төмендеуіне алып келетін бірден-бір фактор. Сонымен қатар, қазір жастар арасында созылмалы ауру түрлері көбейген. Артрит, ревматизм, жасарып келе жатқан қант диабеті көз ауруларының асқынуына алып келеді. Көздің өзі сирек ауырады, ал, көз ауруы – ағзадағы өзгерісті білдіреді. Яғни, иммунитет бұзылуы, қанға инфекцияның түсуі немесе ағзаның басқа мүшелеріндегі ауытқушылықтар көру қабілетін нашарлатады. Көзінің көру қабілетінің нашарлауына байланысты бізге емделуге келген науқас бойындағы басқа да аурулар туралы осы жерден білулері мүмкін. Көзілдірік таңдап қана беретін емханалардағыдай емес, бұл жерде ауру ошағы анықталып, соған қарай ем қолданылады.
– Кейінгі ұрпақтың көздің көруін жақсартатын лазерлік отаға тәуелді болып қалу қаупі қаншалықты?
– Иә, жастар қазір кітапханада емес, интернетте отырады. Процесс басталып кеткенде ғана көздерінің қадірін түсіне бастайды. Заманауи смартфондар, гаджеттер өмірді оңайлатқанымен, екінші жағынан өзімізге зиян келтіреміз. Сондықтан, бала кезден көзді қорғау проблемасын көтеруді жоспарлап отырмыз. Жасөспірім балаларды көзбен жұмыс жасаудың дұрыс режиміне үйретер болсақ, дені сау ұрпақ өсетін болады. Олар – болашақ дені сау ересектер. Ата-аналар  да уақыт тауып, үйде жарықтандырудың дұрыс болғанын, дұрыс тамақтануын қадағалауы керек. Адамдарға түсінікті тілде проблеманы түсіндірер болса – оны қабылдау да оңай. Ең алдымен менталитет пен дүниетанымды өзгерту қажет. Бізде аурудың алдын алғаннан гөрі, аурудың өзімен күресу басым. Қазақстанда да шетелдегідей емханалар жанынан салауатты өмір салтының мектептерін ашып, адамның өз денсаулығы үшін жауапкершілік алуға үйретер болсақ – көз ауруларына қатысты проблема да азаяры анық. Ұлт денсаулығы – аурудың алдын алуға байланысты.
Лазерлік түзету жайлы айтар болсақ – ол адам ағзасының ерекшелігіне байланысты. Көзілдірік тағу немесе жанаспалы линзалар салудың қарсы көрсетілімі болған жағдайда көзді ота жасау жолымен түзетуге тура келеді. Ол үшін ағза мінсіз дайын болып, қажеттілік туындаса – алдын ала емделуден өткен жөн. Косметологиялық ота болған күннің өзінде дәрігер ең алдымен тексерістен өткізіп, ота жасау қауіпті болған жағдайда, абай болуы керек. Бірақ, лазермен жасалған отадан кейін қабыну процесі болмайды. Көзге жасалатын отаға қатысты Қарағанды Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда алғашқы бестіктің ішінде.
– Ересек тұрғындар арасында көп кездесетін ауру түрлері бар ма? Егер бар болса оның себебі мен алдын алу жолдары қандай?
– Ересектер катаракта мен глаукомадан зардап шегеді. Катаракта жас ұлғаюына, глаукома көз қысымының көтерілуіне байланысты. Уақыт өте келе ағзада биохимиялық өзгерістердің болуына байланысты 60 жастан асқан адамдардың көздері де өзгеріске ұшырайды. Осы негізде катаракта пайда болады. Ота арқылы күңгірттене бастаған көз бұршағын жасанды бұршақпен алмастырамыз. Заманауи «Alcon» фирмасының факоэмульсификаторымен жасалатын ота кезінде пайдаланылатын материалдар да сапалы. Бұрын емделуші отадан кейін 3 айға дейін қалпына келетін болса, қазір бір аптадан кейін қалыпты өмір салтына орала алады.
Глаукомада жағдай басқаша. Ешқандай ауру белгісі білінбейтін болғандықтан, процесс өте баяу жүреді. Адам бір күні бір көзін жұмған кезде екінші көзінің көрмейтінін байқаған кезде дәрігерге жүгінеді. Глаукома толық емделмейді, асқыну процесі ғана тоқтатылады. Яғни, емнің барлығы көздің қан қысымын төмендетуге бағытталады. Глаукома бағдарламасы республикалық скрининг қатарына енгізілген, яғни, 40 жастан асқан кез келген адамның көзінің қан қысымы өлшенеді.  Біздің стационарда барлық ауру түрлеріне ота жасалады, қызмет түрлері тегін медициналық көмектің кепілді көлеміне енгізілген. Ең алдымен ауылдық жерден келген емделушілерге қызмет көрсетуге тырысамыз.
– Көз ауырып, отаға түспес үшін, тұрғындарға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Көздеріңізді сақтаңыздар. Көз – өмірдің айнасы. Бір сәтке көзіңізді жұмып, өмір бойы су қараңғыда өмір сүремін деп ойланып көріңізші. Шынымен қорқынышты. Сондықтан, кез келген жағдайда дәрігер мамандарға қаралу керек. Интернеттен көріп немесе халық емі  арқылы көздеріңізге орны толмас зиян әкелетін, мықты дәрігердің өзі көмек көрсете алмайтын жағдайдан аулақ болыңыздар. Адам денсаулығы өзінің қолында!
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button