Бас тақырыпБілім

«Кәусар» – келешектің сарайы

Қарағандыда Халық­аралық балаларды қорғау күнінде заманауи «Кәусар» Оқушылар сарайы ашылды. Қаланың кішкентай тұрғындарын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы келіп құттықтап, балалармен бірге сарайды аралады.

Қаланың Пришахтинск аталған бөлігінде бой көтерген сарайда аймақтың жас тұрғындары үшін робототехника, VR сәулет өнері секілді үйірмелердің түр-түрі бар. Алдағы уақытта ауданның кішкентай тұрғындары қала орталығына бармай-ақ ғимаратта көптеген қызықты үйірмелерге қатыса алады.

– Сіздердің жан-жақты дамуларыңыз үшін бар жағдайды жасауға тырыстық. Мұнда IT-технология, инженерия, робототехника, VR-сәулет және веб-дизайн, сондай-ақ, басқа да көптеген заманауи бағыттар бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Әрқайсыңыздың болашағыңыз үшін сапалы білім алуға мүмкіндік болғанын қалаймыз. Бұл жерде сіздерге жаңа достар табуға, оқуға, ізденуге мүмкіндік көп. Алдағы уақытта Майқұдықта да осындай оқушылар сарайын саламыз, – деді аймақ басшысы.

Бүгінде аталған қала бөлігіндегі 12 мектепте 8 мыңға жуық оқушы бар. Күн сайын оқушылар сарайына 600-ден астам бала мен жасөспірім келіп, үйірмелерге қатысып, өздері қызығушылық танытқан іспен айналысады.

– Оқушылар сарайының жалпы ауданы – 3 мың шаршы метр. Оқушыларға кең әрі әдемі ғимаратта өзіне ұнайтын үйірмені таңдауға мол мүмкіндік жасалған. Мүмкіндігі шектеулі балаларға да жағдай қарастырылған. Сенсорика және моториканы дамытуға арналған көптеген құрылғылар бар. Мысалы, ауа-көпіршікті колба көру мен естуді, тактильді сезімдерді жетілдіреді. Құрғақ душ баланың еркіндігін дамытуға арналып, оның көмегімен бала жаңа түстерді қызықты түрде есте сақтай алады. Инклюзивті білім беру үшін де барлық жағдай жасалған. Штатқа логопед пен психолог қабылдан­ған, – деп атап өтті «Кәусар» Оқу­шылар сарайы директорының міндетін атқарушы Әйгерім Әуезова.

Болашақ инженерлер үшін HI-TECH цех, STEM зертханасы, Іntellectum студиясы бар. Шығармашылық дарындылар үшін Art-және музыкалық студиялар құ­­рылды. Сәбилерге ерте даму ка­­бинеттері жасақталған. Сондай-ақ, жас экологтарға арналған ор­талық, телестудия, медиа орталық жабдықталған. Концерттер, кон­курстар, жарыстар өткізуге бо­латын үлкен акт залымен қатар ко­воркинг аймағы да жұмыс істеп тұр.

– Қаланың ірі бөлігінің бірі При­­шахтинскіде бұрын мұндай Оқу­­шылар сарайы болған жоқ. Ба­лалар үйірмеге қатысу үшін ор­талыққа автобуспен қатынайтын. Халық тығыз орналасқан ау­данда ұзақ уақыт кептелісте тұратын. Енді, міне, ашық ауада да түрлі шаралар өткізуге болады. Оқушылар сарайының айналасы абаттандырылған. Футбол алаңы, тренажерлер орнатылды. Балалар да, ата-аналар да жаңа сарайдың ашылуына бек қуанышты. Қызым София 4,5 жаста. Біз хореографиямен айналысуды жоспарлап отырмыз және тағы бір шығармашылық үйірмеге жазылғымыз келеді, – деп бөлісті аудан тұрғыны Татьяна Рихтер.

10 сынып оқушысы Рамазан Ора­залы да балаларды қорғау кү­ніне орайластырылған сарайдың ашы­луын тамаша сыйлық деп санайды.

– Оқушылар сарайында балаларға барлық жағдайлар жасалған. Арбамен жай жүруге болады. Бұл сарайдан көптеген таланттар шы­ғарына сенімдімін, – дейді республикалық және халықаралық вокалдық байқаулардың жүлдегері.

Сарайдың ашылу салтанатында сондай-ақ, мерекелік бағдарламалар көрсетіліп, спорттық жарыс­тар ұйымдастырылды.

Жалпы, аймақта аталып өткен халықаралық балаларды қорғау күнінде ерекше балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көңіл бөлінді. Ерекше қойылымдар және жарыстары бар ауқымды мерекелік бағдарлама дайындалды.

Облыс орталығында жыл сайынғы арбалар шеруі, «Кукляндия» театрлар фестивалі өтті. Орталық саябақта жаздың бірінші күнінде балалар теміржолы іске қосылғанын атап өткен жөн. Балалар жақсы көретін «Хогвартс экспресс» жолаушылар тасымалдауды бастады. Мереке күні хайуанаттар бағы құрметті қонақтарын трансформерлер мен аниматорлар шоуына шақырды.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button