Бас тақырып

Қасым жырларына жазылған әндер байқауы қорытындыланды

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 115 жылдық мерейтойына орай Қарағандыда «Домбырамда бір күй бар тартылмаған» атты ашық композиторлар байқауы өтті. Ақын шығармашылығына арналған мұндай өнер додасы өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Айтулы шараға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қатысып, байқаудың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Байқаудың басты мақсаты – Қасым Аманжоловтың бай мұрасын музыка өнері арқылы насихаттау. Ақын өлеңдеріне жазылған әндерді кеңінен танытып, композиторлардың шығармашылық ізденісіне қолдау көрсету.

Өнер бәйгесінде Қасым жырларына әуен жазған сазгерлер өзара бақ сынап, ақын поэзиясының музыкалық мүмкіндігін паш етті.

Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен Алматы қаласынан келген Гүлмира Сарина І орын иеленді. Қарағандылық Арайлым Жүкенова ІІ орынға табан тіресе, Шымкент қаласының өкілі Мади Айжанов ІІІ орынды қанжығасына байлады.

Сонымен қатар, Астана қаласынан келген Қанат Едресов пен қарағандылық Шыңғыс Сәрсенбай арнайы дипломдармен марапатталды.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button