Бас тақырыпМәселе

КӨТЕРМЕ жол ма, КӨТЕРЕМ жол ма?

Жол. «Жол азабын жүрген біледі» депті қазақ. Міне, сол жол азабын тартып, әбден запы болған Ақтоғай, Шабанбай би, Қызыларай ауылдарының тұрғындары. Көктемде аққан қар суы тұстұстан жамырап, жолды әбден жырымбалақ қылып тастаған. Бірер жыл бұрын қыруар қаржы бөлініп, «Ақтоғай-Шабанбай би-Қызыларай» бағытындағы жол күрделі жөндеуден өткен. Арада жыл өтпей, көтерме жол көтерем жолға айналып, баяғы тазкепеш күйіне қайыра түсті. Неліктен? Себебін тірі жан білмейді.

Мәселенің мәнісін білмекке «Ақтоғай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің есігін қағып, табалдырығын тосып, табанымыздан тоздық. Жиі жолға шығып кететін аталмыш бөлім басшысы Ардагер Қапашевті он күннің мұғдары болды-ау дегенде орнынан әзер бастық…

«Ақтоғай-Шабанбай би-Қызыларай» бағытындағы көтерме жолға күрделі жөндеу жүргізіп, «іс бітті, қу кетті» деп жоқ болған мердігер кім? Жол жөндеу жұмысын қадағалап, бақылау жасауға тікелей жауапты жоғарыда аталған бөлім қайда қарап отыр?» деген жолаушылардың наразы сұрағының құлағы еріктен тыс қылтияды.

Қолда бар құжатта көрсетілгендей, «КазДорСтрой2050» ЖШС 70 560 000 теңгенің тендерін ұтып алып, көтерме жолдың орташа жөндеу жұмысын жүргізеді. Алайда, мердігер жол құрылысын жүргізу барысында заңсыздық орын алып, атқарылған жұмыстың шығынын асыра көрсетіп, жұмыс ауқымы толықтай аяқталмайды.

Ардагер Қапашевтің айтуынша, мердігер жұмысты толық ауқымда орындамаған. Соған сәйкес, «Ақтоғай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ заңға жүгініп, сотқа шағымданған.

Нәтижесінде, сот «КазДорСтрой2050» ЖШС-нен 23 489 000 теңге қаржыны мемлекеттік мекеме пайдасына кері өндіріп беру туралы шешім шығарған.

Осылайша, қыруар қаржы бөлінген жол жұмысы шала жасалып, заң бұзушылық орын алған. Әлбетте, заңсыздықтың орын алуына тапсырыс беруші тараптың да салғырттығынан жол берілген («Ақтоғай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-нің бұрынғы басшысы Д.Қасымжанов).

Бөлім басшысы Ардагер Қапашев бүгінде «Ақтоғай-Шылым-Ақжарық» бағытындағы жолды күтіп ұстау үшін келісімшарт жасалғанын айтты.

– Аудандық маңыздағы «Ақтоғай-Шылым-Ақжарық» бағытындағы 0-63 шақырымды құрайтын автомобиль жолын күтіп ұстау үшін «Берер» ЖШС-мен келісім шарт жасалды. Ағымдағы айда аталған учаскеде жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, 2020 жылы аудандық бюджет есебінен 53-63 шақырымға асфальт жабынын салу мақсатында жоба дайындалып, сараптама қорытындысы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсынылды. Қаражат бөлінген жағдайда, жоба жүзеге асырылады. Жұмыс жоспары қадағалауға алынған, – деген бөлім басшысының сөзін дәтке қуат дедік.

Әгерәки, «Ақтоғай-Шабанбай биҚызыларай» бағытындағы көтерме жолға асфалт төселетін болса, екі ауыл тұрғындары жол мехнатынан құтылып, арқа-жарқа болып қалар еді. Одан әрі Қызыларай мен Нұркен ауылдарына дейін жол жалғанса, Қарқаралымен арада ел шұбап, ауданда туризмге де кең өріс ашылар еді. Әрине, бұл – алдағы күндердің еншісіндегі мәселе. Ал, бүгінгі күнгі мәселе – «Ақтоғай-Шабанбай биҚызыларай» көтерме жолының проблемасы «Нарманбет-Абай-Айыртас» бағытындағы көтерме жолдың басында да тұрғаны. Айыртас ауылына баратын жолға да өткен жылы жөндеу жұмысы жүргізілген. Негізі, кез келген жол жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейді. Бұл, тек, бір Ақтоғай ауданының басындағы жағдай емес. Бұл – тұтас елімізге тән кесел.

«Ақтоғай-Қарағанды» бағытындағы қырық жылғы тасжол да қырық жамау. Құдды бір, автокөлікте емес, теңіздің таудай толқынында кемемен жүзіп келе жатқандай күй кешесің. Құрылысы ондаған жылға ұласқан «Ақтоғай-Балқаш» тасжолы да сыр беріп, әр жерінен шұрық тесіліп, ойыла бастады.

Ашығын айту керек, Ақтоғай ауданының аумағындағы жолдарды тақтайдай сайратып қоюға республикалық, облыстық бюджет араласпаса, жергілікті бюджеттің қалтасы көтермейтіні екі бастан белгілі. Сондықтан, Ақтоғай жолдарына облыстық деңгейде көңіл бөлінуі керек. Сонда ғана ел жол азабынан құтылып, алғысын жаудырар еді.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button