Ресми

Кәсіпорындардағы қауіпсіздік күшейтілді

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК аймақтағы ірі кәсіпорын басшыларының қатысуымен онлайн-кеңес өткізді. Кездесуде өндірісте санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылау және COVID-19 таралуының алдын алу мәселелері талқыланды. Аймақ басшысы кәсіпорын басшыларына санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын мұқият қадағалауды тапсырды.

«Нұрқазған» кенішінің қызметкерлері арасында коронавирустық инфекцияның өршігені белгілі. Облыс басшысы бұл жағдайдың басқа кәсіпорындарда қайталанбауына алаң білдірді.

– Сіздер кеніштегі жағдай санаулы күн ішінде бүкіл облыстағы вирусты жұқтыру жағдайын өршітіп жібергенін көріп отырсыздар. Қазір кеніштегі жұмыс тоқтатылды. Бірақ, аймақта жұмысын тоқтатуға болмайтын кәсіпорындар бар. Сондықтан, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын мұқият қадағалау керек. Денсаулық сақтау басқармасы мен бас санитарлық дәрігер беретін ұсыныстарды ескеру қажет, – деді Жеңіс Қасымбек.

Бүгінде өңірдегі барлық кәсіпорындар күшейтілген санитарлық тәртіпке көшті. Қызметкерлер бетперделермен және қолғаптармен қамтамасыз етілуі тиіс. Үй-жайлар антисептикалық ерітінділермен өңделіп, жеке заттарға арналған шкафтар ара қашықтығы кемінде бір жарым метрден орналастырылады. Зауыттардағы ас блоктары да күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Кейбір мекемелерде асханада түскі ас ланчбокспен алмастырылды.

Ауысым басталар алдында өңірдің барлық кәсіпорындарында қызметкерлердің температурасы өлшенеді. Бұл талаптар мердігерлерге де қатысты. Мысалы, Топар ГРЭС-де COVID-19 инфекциясына тексерілу үшін ПТР-талдаудан өту талап етіледі.

– Резервтік жоспар ретінде біз казармалық режимге көшуді қарастырамыз. Жұмысты бізге ешбір жағдайда тоқтатуға болмайды. Сондықтан, қажет болған жағдайда, қызметкерлер жұмыстан соң үйлеріне қайтпай, арнайы қарастырылған үй-жайларға орналастырылады. Мұндай шаралар инфекцияның таралуын тоқтатуға, қысқартуға көмектеседі, – деп хабарлады Топар ГРЭС директоры Евгений Никитин.

Кәсіпорын басшылары қазір өз қызметкерлерін вирусқа тестілеуге ерекше көңіл бөледі. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ПТР-талдау жүргізу үшін «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасымен шарт жасасты.

– Қазір біз үшін ерекше мәселе – қызметкерлердің жұмыс орындарына келуін, олардың шахтаға түсуін бақылау. Атап айтқанда, әлеуметтік қашықтықты сақтау, маскалық режим, көлік пен үй-жайларды дезинфекциялау қарастырылған. Мұның бәрі бізде сақталады. Қызметкерлерге үнемі бақылау мен нұсқау жасап отырмыз, – деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз.

Жеңіс Қасымбек кәсіпорындарда коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алуды ерекше мұқият жүргізуді, сондай-ақ, аурудың қайталануы жағдайында жұмыс жоспарын ойластыруды тапсырды. Мамандардың болжамы бойынша, ол Қазақстанда осы жылдың қыркүйек-қазан айларында орын алуы мүмкін.

Сондай-ақ, аймақ басшысы облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевқа міндетті медициналық сақтандыру қорынан қала құраушы кәсіпорындардың қызметкерлері үшін COVID-19 скринингтерін қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button