Кәсіпкерлік – береке бастауы

     2021 жылға дейін жоспарланған «Нәтижелі жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында Қарағанды облысында жүздеген жоба қолға алынбақ. Биылғы жылы бағдарлама шеңберінде шағын несиелендіруге 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл туралы кеше аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен өткен аппарат отырысында белгілі болды.

Облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Абылаеваның айтуынша, бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша Қарағанды мен 8 моноқала (Жезқазған, Абай, Балқаш, Қаражал, Саран, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск) қамтылып отыр. Бағдарлама арқылы жаңа шағын бизнес нысандарын ашып, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерліктердің қуатын арттыру көзделуде. Тиісінше, жұмыс орындары да көбейе түспек.

Несиенің ең жоғарғы сомасы – 18 млн. теңге. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6 пайыз. Инвестициялық несие – 5 жылға, айналым қаражатын толтыру мақсатында алынған несие – 3 жылға беріледі. Сондай-ақ, «Даму» қоры кепілдеме ұсынады. Бұл жағдайда қор жұмыс істеп тұрған бизнеске 50 пайызға дейін, жаңадан ашылған кәсіпкерліктерге 85 пайызға дейін кепіл болуға әзір.

Несие алу үшін бағдарламаға қатысушы тұрғылықты мекен-жайы бойынша жұмыспен қамту орталығына баруы тиіс. Сол жерден кәсіпкерліктің арнайы курстарына жолдама алады.

Түсіндіру жұмыстары ақпан айынан бастап жүргізілуде. Барлық қалаларда семинарлар өткізіліп, 900 адам қамтылды. Облыс орталығындағы жоғарғы оқу орындары студенттерінің қатысуымен кездесулер ұйымдастырылды.

Бағдарлама шеңберінде 1 млрд. теңгеден аса қаражат қарастырылуда. Бүгінде құны 414 млн. теңге болатын 82 бизнес-жоспар түзілді. Дегенмен, бұл көрсеткіш аталған мақсатта бөлінген 912 млн. теңгеден екі есе кем. Яғни, 45 пайызы. Татьяна Абылаеваның мәлімдеуінше, қатысушылардың барлығы несиеге қол жеткізе алмауы мүмкін. Себебі, екінші деңгейлі банктердің кепілге қатысты талаптары қатал. Ал, өңірлердегі бағдарлама қатысушыларының кепілге қояр дүниесінің құны банк талаптарын орындауға жете бермейді. Мәселен, шағын шаһарлардағы пәтер бағасы Қарағанды қаласындағы пәтерден арзандау екенін ескерсек, жеткілікті. Сондықтан, осы қатерлерді ескере келе Татьяна Абылаева «түзілген бизнес-жоспарлар жалпы құны 2 млрд. теңгенің мөлшерін жобалағаны жөн болар еді» деген пікірін жеткізді.

Статистика көрсеткендей, бинес-жоспарлардың тең жартысы Қарағанды қаласына тиесілі.

Облыс орталығындағы жылжымайтын мүлік бағасының жоғары екенін есепке алсақ, алдыңғы лекте қарағандылықтар несиеге ие болады деп ойлаймын. Ал, моноқалалар тұрғындары кепілзат құнының төмендігіне байланысты несие ала алмау қаупі басым, – деді басқарма басшысы.

Осы орайда Ерлан Жақан­ұлы моноқалалар әкімдері мен қаржылық институттар басшылығына, жауапты басқармаларға өңірлердегі жұмыстарды жандандырып, бағдарламаға тұрғындарды тарту мақсатында түсіндірме шараларын ширатуды тапсырды.

Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік бастамаларын шағын несиелендіру бағыты турасында облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожин баяндама жасады.

Биыл бұл бағытта 3 млрд. 570 млн. теңге бөлінді. Басқарма тарапынан аудандар мен Приозерск қаласында 780 бағдарламаға қатысушы анықталды. Мұнда 95 кепіл беріліп, 87 жаңа жоба (барлық жобаның 20 пайызы) қанат қақпақ. Несие 7 жылға беріледі. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6 пайыз. Бағдарламада алғаш рет ауылдағы кәсіпкерлікті несиелендіруді кепілдендіру шарасы атқарылмақ. Аталған операцияны «ҚазАгроГарант» АҚ мойнына алды.

Несиелер 58 ауыл шаруашылығы кооперативін құруға жұмсалады. Оның ішінде, 21 сүт өндіру және 37 мал бордақылау кооперативі бар. 5 сүт тасу көлігі, 18 рефрижератор, 780 отбасылық мал бордақылау алаңына мал сатып алынып, 8 мал сою және 33 сүт қабылдау пункті ашылады.

Жалпы, жыл басынан бері облыс көлемінде 36 кооператив ашылып, 798 млн. теңге игерілді.

Басқарма басшысының мәліметін тыңдаған облыс әкімі бұл қаржының ел берекесін еселеуге бағытталғанын атқамінерлердің есіне салды. Жергілікті жердегі әкімдерге бұл бағыттағы жұмыстарды да жеделдетуді міндеттеді.

Ерлан Жақанұлы бизнес құрылымдарына бекітілген аумақтардағы абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізілу барысына көңілі толмайтындығын айтты. Өңірлердегі әкімдерге өздерінің қарауындағы қала-кенттерді жаяу аралап, жағдаймен танысу туралы талап қойды.

Көпшілік кәсіпкерлік нысандарының маңайы тиісті деңгейде абаттандырылмаған. Бұл мәселемен ешкім айналыспайды. Әкімдер, қызметкерлеріңізді ертіп, өздеріңізге қарасты елді мекенді жаяу аралап шығыңыздар, – деген облыс әкімі Қарағандыдағы «City Mall» сауда орталығымен жасалған келісімді мысал етті, – Жүргізілген келіссөзден кейін орталық қожайындары нысан маңын абаттандыру жобасын құрды. Осы аптада ұсынбақ. Жоба мақұлданған соң дереу жұмыстар басталады. Әр бизнес ұйымымен осылайша жеке-жеке жұмыс жасау қажет.

Ерлан Жақанұлы қалалар мен аудандар әкімдеріне жергілікті Кәсіпкерлер палатасымен біріге отырып шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдары маңайын абаттандыру шараларын жүргізуді тапсырды. Тұрғындар қауіпсіздігін назарға алды.

Теміртау қаласындағы стадион жанында орналасқан балалар алаңы адам көргісіз күйде. Алаң құрылысына 300 млн. теңге жұмсалған еді, – деді аймақ басшысы.

Отырыс соңында Ерлан Жақанұлы бұқараны алаңдатқан мәселеге қатысты пікірін білдірді. Қарағандылық жолаушы тасымалдаушы ұйымдар 22 мамырдан бастап зейнеткерлердің жеңілдетілген жол жүру ақысын алып тастауға ниет танытқан-ды. Зейнеткерлер бұған дейін қоғамдық көлікте 50 теңге жолақысын төлейтін. 2014 жылы билік пен жолаушы тасымалдаушылар арасында жасалған меморандумның мерзімі аяқталуына байланысты кешеден бастап зейнеткерлер жалпыға ортақ тариф бойынша (80 теңге) жолақы төлеуі тиіс еді. Облыс әкімі мұндай әрекетке жол бермеу қажетін айтты.

Жеңілдетілген жолақыны алып тастауға тыйым салу керек. Бұл мәселені заң тұрғысынан қарастырсақ, Қарағандының жолаушы тасымалдайтын мекемелері өз мойындарына міндеттемелер алған меморандум болды. Дегенмен, моральдық тұсын да ұмытпаған абзал, – деді Ерлан Қошанов.

Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровке жұмыс күнінің соңына дейін мәселені шешуді жүктеді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.