Жаңалықтар

Кәсіби аппарат – мемлекет тірегі

Мемлекеттік қызмет атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Мемлекеттік қызметке келген кез келген азаматқа заңнамамен көзделген бірқатар шектеулер қойылады. Осы шектеулердің ішінде әдеп нормаларын сақтау маңызды орын алады.

Себебі, көп жағдайда мемлекеттік қызметшінің сыртқы бейнесіне, өзін-өзі ұстауына, әдептілігіне қарап қарапайым халық мемлекеттік билікке бағасын беріп жатады. Мемлекеттік қызметшілердің әдептілігіне қойылатын талаптар Елбасы бекіткен Әдеп кодексінде нақты айқындалған.

Өз кезегінде аталған құжатпен қызметшілердің тек қана жұмыс уақытында ғана емес, сонымен жұмыстан тыс уақыттағы мінез-құлық жағдайлары реттелген. Өкінішке қарай, қазіргі кезде Әдеп кодексі тек қана жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларының алдын алуға бағытталған құжат ретінде ғана қолданылады.

Шын мәнінде аталған кодекспен тек қана жалпыға қабылданған моральдық-әдептілік нормалары емес, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерді қабылдап жатқан шешімдерінің заңдылығын қамтамасыз етуді, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуді міндеттейтін тағы да сол сияқты басқа нормалар көзделген. Жекелеген қызметшілер әдеп нормаларын сақтаудың маңыздылығын жете түсінбейді. Соның салдарынан әдеп нормаларының бұзылуымен қатар, халық тарапынан жалпы мемлекеттік қызметшілерге қатысты жағымсыз пікір туындауына әкеп соғады.

Шындығында, кодекспен көзделген нормаларды сақтау ешқандай қиындық туғызбайды. Себебі, мемлекеттік қызметшілерден тек қана адал қызмет ету, адамдармен дұрыс сөйлесу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмеу, өз әрекеттерімен қоғам тарапынан сынға себепкер болмау және тағы да сол сияқты қарапайым нормаларды сақтау талап етіледі.

Десек те, қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілер тарапынан оларды тым шектеп тастады деген пікірлер естіп жатамыз. Алайда, мемлекеттік қызметке кірудің бірден-бір талабы ол еріктілік, яғни, мемлекеттік қызметке орналасу үшін адамның өз еркімен жазған өтініші негіз болады. Сондықтан, өзінің келешегін мемлекеттік қызметпен байланыстырамын деген адам бірінші кезекте шектеулерді, оның ішінде әдеп нормаларын сақтай алатынына сенімді болу керек. Өз кезегінде мемлекеттік қызметке кірген адам Әдеп кодексінің нормаларымен таныстырылып қана қоймай, «Мемлекеттік қызметшілердің әдебі және мінез-құлық нормалары» атты қалта кітапшасы беріледі. Аталған кітапшада, мемлекеттік қызметшінің кез келген жағдайда өзін-өзі қалай ұстауы, мемлекеттік қызметшілердің тәжірибесінде көптеп кездесетін әдепке сай емес мінез-құлық нормаларының көп тараған түрлері көрсетілген. Сондай-ақ, аталған нұсқаулықта мемлекеттік қызметшілердің парасаттылық мәдениетін қалыптастырудың негізгі аспектілері де айқындалған.

Бұдан бөлек, әрбір мемлекеттік қызметке тағайындалған адамдармен міндетті түрде Әдеп жөніндегі уәкілдер мемлекеттік қызметте болумен сыйыспайтын шектеулер жөнінде, сыбайлас жемқорлық бұзушылығына жол бермеу жөнінде, сондай-ақ, әдеп нормаларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында Агенттік тарапынан «Өзгерістерді өзіңнен баста» атты бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама негізінен мемлекеттік қызметшілердің санасын өзгертуге, халықтың мемлекеттік билікке деген сенімін арттыруға бағытталған.

Кезінде Үндістанның белгілі қоғам қайраткері Махатма Ганди «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзіңнен баста» деген екен. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілерге де заман талабына сай өзгерістерге бейімделіп, бұрынғы санаға сіңіп кеткен жағымсыз әдеттерден арылуы керек. Тек, сонда ғана Елбасы алға қойған айқын мақсаттарының бірі – кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мүмкін болмақ.

Жандос СӘРСЕНОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button