Бас тақырып

Күш атасы

Біз күш атасын ғаламат жазушы Қалмақан ӘБДІҚАДЫРОВТЫҢ «Қажымұқан» повесінен танып өстік. Балуанның балалық шағынан бастап, соғысқа ұшақ дайындатқан ірілігіне дейін жата-жастана оқып едік. Әсіресе, алып тұлғаның тышқаннан қорқатын тұстарын оқығанда сықылықтап күлетінбіз. Жазушының бұл деталі хикаяттың тұздығы секілді көрінетін.

ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ ЫҚПАЛЫ БАР

Маңғаздың мәрттігін айтып қалдық қой жоғарыда. Қажымұқан атындағы мұражайдың қызметкері, балуанның немересі Перизат Қажымұқанова өз естелігінде бұл жайлы былай дейді: «Атамыздың өмірінің соңғы жылдары Ұлы Отан соғысына тұспа-тұс келді. Егде тартқан жасына қарамастан, ауыл-ауылды аралап өнер көрсетіпті. Сөйтіп 100 мың сом қаражат жинаған. Ол ақшаны еліміздің қорғаныс қорына ұшақ жасату үшін жіберген. Сталиннің атына арнайы хат жазады. Сөйтіп, өз өтініші бойынша ол ақшаға әскери ұшақ жасалады. Сталин де балуанға алғысын білдіріп жауап хатын жолдаған. Жауынгер Қажытай Шалабаев балуанның ұшағымен немістерге әуеден соққы берген. Жау оғы құйрығын жұлып кеткен сол ұшақ әлі күнге дейін соғыс ескерткіші ретінде сақтаулы тұр. Атамыз өте қарапайым тұрған. Артық дүниеге қызықпаған кісі болыпты. Тұрған үйін саз балшықпен өзі тұрғызыпты. Төбесін қамыспен жапқан үлкен қазақы үйді өзі салғаны – ол кісінің шеберлігін көрсетеді».

«АЛАШОРДАШЫЛАРДЫҢ» ДЕМЕУШІСІ

Қажымұқанның ұшақ жасатқан шарапатынан бөлек, Алашордашыларға да демеушілік көрсеткен көрінеді. Белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай ағамыз өзінің естелігіне алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың мына сөзін негізге ала отырып жазады. «Қажымұқан – «Алашордашылардың» рухани демеушісі. Сондай-ақ, ол кісі «Алашорданың» барлық жиындарына қаржылай көмек берген. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов сияқты тұлғалармен өте тығыз қарым-қатынаста болған. 1905 жылы «Алаш» идеясымен таныстыру үшін Қажымұқан Қоянды жәрмеңкесінде өнер көрсеткен. Қажымұқанның өнерін көреміз деп жиналған жұрт петицияға қол қойған. Сондай-ақ, 1914 жылы Омбы, Семей қалаларында Алаштың кеңестері өтер алдында міндетті түрде Қажымұқан қатысып, өнер көрсететін болған. Бұл – «Цирктің әртісі Қажымұқан өнер көрсетті» деп, жандармерияға алаштықтардың басқосуын көлегейлеу үшін де таптырмас себеп болыпты. Қажымұқан өнер көрсетіп тапқан қаржы-қаражатын «алашордашыларға» беріп отырған болса керек», – дейді алаштанушы ғалым. Ерлан Төлеутай ағамыз жазбасын «Қажымұқан өмірінің жиырма жылдан астам уақытын Омбы қаласында өткізген. Бәлкім, ол Алаш зиялыларының жанына жақын жүруді мақсат тұтқан болар. Алаштықтар қуғынға түскенде, Қажымұқан оңтүстікке қарай қоныс аударған екен» деп түйіндейді.

ЖАН БЕРГЕН БЕЛДЕСУ

Жапон балуаны Сарекехимен болған белдесуі тарихи оқиға десек те болады. Жапонияның Хармен қаласында 1912 жылы екеуара ережесіз күрес болады. Кейбір деректер 1905 жылы кездескенін мәлімдейді. Жалпы, «Джиу-джитсу» қазақшалағанда «өмір мен өлім» деген мағына береді. Білуімізше, Сарекехи дүниежүзінде ешкімге есе жібермеген балуан. Бірақ, біздің Қажымұқан атамыз осы жекпе-жекте жапон балуанын теріше илейді. Тартысты белдесуде атамыз да бір құлағы мыжылып, ерні жыртылып, ауыр жарақаттар алған. Содан бері бұл белдесу аңызға айналып кетті. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бұл белдесудің бейнежазбасы табылып, ашық ресурстарда жарияланған еді.

СӨЗГЕ ТОҚТАҒАН ЕРДІҢ СОЙЫ

Қаламгер Әлімқұл Бүркітбаевтың «Қажымұқан» атты хикаятында мынадай ғажап эпизод бар. Ердің сойы Иманжүсіп, Балуан Шолақ және Қажекең үшеуі Ұлытау өңірінде сән-салтанат құрып жатады. Балуан Шолақ білектей темірді арқан сияқты білегіне үш-төрт қайыра орап, екі ұшын тұйықтап тастай салады. Қажымұқан болса ұзын рельс темірді жотасына көлденең салып, жиналған халыққа, «екі басына сыйғандарыңша мініңдер!» дейді. Ел темірге жабысады. Балуан рельсті баяу айналдырғанда жұрт көбелектей шашырап ұшады. Думан қызған сәтте атақты жылқышы Сәлімбай ортаға шығып: «Ағайын, бір шартым бар. Балуан Шолақ пен Қажымұқан күрессін. Қай жеңгеніне 100 жылқы беремін» дейді. Сәлімбайдың үкімін естіген ел де ес жоқ. «Күрессін» деп жапа-тармағай қолдай жөнеледі жұрт. Балуан Шолақ палуан інісіне қарайды, Қажымұқан көзін төмен салып, үнсіз. Көптің қиқуымен екі балуан белдеріне шылбырларын байлап, әзірлене бастайды. Осы кезде аюдай ақырып Иманжүсіп ортаға шығады. «Ей, халайық, ей, Сәлімбай! Өрге тартса, сорға тартатын неткен сорлы едіңдер! Бақтарыңа туған екі балуан көздеріңе көп көрінді ме? Ал екеуін күрестірдіңдер, бір-біріне зәбір жасауға итердіңдер! Бір-бірін майып қылса сендерге пайда түсе ме? Неткен сорлы едіңдер! Ей, Балуан Шолақ, сен ұялмай артыңнан ерген ініңді жер қаптырмақсың ба? Ей, Қажымұқан, сен мына елдің айтағына еріп, жалғыз ағаңның жағасына жармаспақсың ба?» деп Иманжүсіп саңқ еткенде ел сабасына түседі. Сол кезде сөзге тоқтаған Қажымұқан еңіреп келіп, «Қайран Имекем-ай, сен болмағанда Шөкемнің жағасынан ұстап, күнәһар болар едім» деп екі ағасын құшақтап солқылдапты…

P.S: Күш атасының 150 жылдық мерейтойына орай Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қажымұқан» фильмі түсіріліп жатыр. Дегенмен, қазіргі жағдайға байланысты фильмнің көрерменге қашан жол тартатыны әзірге белгісіз. Біз жоғарыдағы аңызға айналып кеткен әңгімелерді жаңа фильмнің эпизодына енеді деген үміттеміз…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button