Басты тақырып

Кәрі құрлық көшіп келгендей

       Кәрі құрлық (Еуропа) көшпелілер даласына көшіп келгендей. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайына барсаңыз көресіз. Қазір мұнда облыстағы суретші-оқытушылардың Чехия-Германия-Австриядағы VI ашық арт-пленэрінің «Таңғажайып Прага» атты көрмесі өтуде. Көрме қаңтар айының 27-сіне дейін жалғасады.

Қарағанды өнер мектептерінің суретші-оқытушылары мен оқушылары Прагаға 2016 жылдың күзінде, қараша айында сапарлап барып қайтса керек. Чехия бейнелеу өнерінің майталмандарымен танысып, шығармашылық шеберліктерін шыңдау мақсатында. Ондағы «Чехия-Германия-Австриядағы VI ашық арт-пленэр» аталған шеберлік сыныбына Германия бейнелеу өнерінің өкілдері келіп, тәжірибелерімен бөліскенін айтады мұндағы суретші-оқытушылар. Чехия – Германия – Австрия мемлекеттері бір-біріне жақын орналасқан іргелес елдер екенін сіздер білетін боларсыздар. Оқытушы-суретшілер мен оқушылардың көрмеге қойылған жұмыстарына қарағанда, шеберлік сыныбы нәтижелі өткенге ұқсайды. Біз бұрындары барған Прага көріністері көз алдымызға қайта келді.

Көрмеден қарағандылық суретшілердің Прага әсерлерінен туған көзқарасынан адамзатқа деген сүйіспеншілігін аңғарасыз. «Прага қаласын көп араладық. Сәулет өнерінің небір үлгілері – сарайлар, шіркеулер, қамалдар мен мұнараларын тамашаладық. Көшелер, көне сәулет өнерлері мен көпірлер ерте кездің күйін шерткендей әсерге бөледі. Әсіресе, Корлов көпірі өзіне магниттей тартып, біздің суретшілеріміз оны өз туындыларына арқау етті. Таңғажайып ертегі еліне деген әсерімізді алпыстан астам этюдтық жұмыстар мен фотосуреттер көрсетеді», – дейді №1 өнер мектебінің бейнелеу өнері бөлімінің меңгерушісі Елена Граф.

Мәселен, мұндағы Е.Графтың «бір сызық және әуе кеңістігі» тәсілі арқылы майлы бояумен салған «Қала көрінісінің бояулар желісі», В.Ермишинаның Пленэрдегі гуашь техникасымен салған «Қысқа этюдтері» (дақпен жұмыс), Т.Хаванцеваның «Пастельмен жұмыс тәсілдері» адам баласын әсерсіз қалдырмайды. Сондай-ақ, №1 өнер мектебі оқытушылары В.Магдеева мен Г.Попова, осы мектеп оқушылары Алина Джанзакова, Сабина Бейсенгалиева, Святослав Магдеевамен графикалық нобайлар жасап, жұмсақ материалдармен жүргізген жұмыстары назар аудартпай қоймайды. №25 мектеп оқушысы Елена Любимованың бояулары қанық мәтінді суреттерін атап айтуға болады. Суретші-оқытушылар В.Храпко мен Е.Любимованың жеңіл мамықтай акварельдік этюдтері, пастельдік нобайлары Прага көшелеріне шақырады. Бұдан бөлек, экспозицияны суретші Валентина Лазардидің фотосуреттері толықтырады.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button