Жаңалықтар

«Көп түкірсе – көл»

   Қарағандыға көктем кеш келді. Соған қарамастан, айта-айта жауыр болған жайттың арты ерте ашылды. Сезген боларсыз, әңгіме шұрық-шұрық жолдар мен саз-балшыққа малынған көшелер, аулалар жайында.
Қардың көбесі сөгілген бетте-ақ тас жолдардың талқаны шығып, тозығы жеткенін тағы да көз көрді. Ал, қар әбден ери бастағанда Қарағандыда батпақтан аяқ алып жүретін жер іздеп дал болдық. Көп көшенің бойында тратуар деген жоқтың қасы болса да қыста мұздың бетіне себілген топырақ сыпырылмайды. Қар ерісе, жаңбыр жауса, лайға айналып, көптің берекесін қа­шы­рады.
Мұны облыс әкімі Ерлан Қошанов та қатаң сынға алды. Таяуда ғана, кезекті аппарат жиынында. Шаһар басшысы Нұрлан Әубәкіровтен көше-көшені жаяу аралап өтуді талап етті.
Өткенде Октябрь ауданына қарасты «ЖБИ-ге» жол түсті. Бір ақсақалдың бұйымтайы бойынша – жұмыс бабымен.
Л.Чайкина көшесінің бойымен жүрдік. Қайтейік, жолдың шұңқырын санауға математикамыз жетпей қалсын. Тіпті, екі-үш үйдің бойын жаяу жағаладық. Көлігіміз сазға бөгеліп, тұрып қалмасын деп.
Жер үйлерді әрі қойғанда, көпқабатты үйлердің бойындағы батпақ тобықтан келеді. Жағамызды ұстадық. Облыс орталығындағы жағдай осы болса, өзге қалалар мен елді мекендерге не сор?!
Қарағандыда батпақтан көз аша алмай тұрған көшелер мен аудандар мұнымен шектелмейді. Қаланың орталығы саналатын Ермеков, Ержанов көшелері, «6-шы ықшам аудан», тіпті, Бұқар жырау даңғылындағы үйлердің ішкі аулалары да езіліп кетті. Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықтың да жетісіп тұрғаны шамалы.
Бұл – жаңалық емес және де. Жыл сайын, көктем шыға осы көрініс. Ел жақсы біледі.
Енді, қайтпек керек? Биліктің жолдарды жөндеу мен көшелерді абаттандыру жұмыстарын мүлдем жоққа шығарудан аулақпыз, әрине. Бірақ, мәселенің түйінін тарқату үшін түрлі механизмдерді іске қосу қажет сияқ­ты. Қол қусырып отырмай.
Біздіңше, бұл іске – көше бойының көркін кіргізуге шағын және орта бизнес өкілдерін көптеп тартқан дұрыс. Олар «тау қопарып, кен қазсын» деп отырғанымыз жоқ. Мәселен, қаладағы дүкен, дәмхана, дәріхана немесе шаштараздарды мысалға алайық. Кәсіпкерлер осындай бизнес субъектілері орналасқан аумақтың тым болмаса 20-30 шаршы метріне тас жол төсеп, абаттандыру жұмыстарын қолға алса, игі бастама емей немене?! Қала билігі ұйымдастыруды қолға алып, белсенді кәсіпкерлерді ынталандырса болғаны. Үздіктерін іріктеп, есімдерін халыққа үлгі етсе, бастама жалғасын тауып, жемісті болатыны даусыз.
Ресми деректер облыс бойынша өткен жылдың соңында 80 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелгенін айтады. Аз көрсеткіш емес-ау. Енді деңіз, солардың әрқайсысы әлгіндей бастамаға үн қосса, әжептәуір жыртық жамалар еді.
«Көп түкірсе – көл» ғой…

Қуаныш Аманқұлов

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button