КҮН ТӘРТІБІНДЕ: егіс, бизнес һәм дәрігер
Бүгінде аймақтың назары – көктемгі егісте. Қолайсыз ауа райы салдарынан диқандарға алдағы уақытта дән сіңіруде әбжіл қимылдау аса қажет. Егер, ауа райы тосын мінез танытпаса, аймақ диқандары маусымның алғашқы жұлдыздарына дейін дән сіңіруді мәреге жеткізбек. Кеше облыс әкімінің аппарат мәжілісінде аудандардың әкімдері бұған уәде берді. Сонымен қатар, аппарат мәжілісінде облыстағы жедел жағдай, бизнес жеңілдігі бойынша өңірлер рейтингісін жүргізудің таныстырылымы һәм облыстың дәрігер мамандармен қамтылуы да қарастырылды.
Аймақ басшысы Ерлан Қошанов қазіргі уақытта ең өзекті мәселенің бірі – көктемгі егіс екенін ерекше атап, бұл орайда облыстағы ахуалға айрықша назар аударды. Далада диқандардың жұмысына ауа райы да әсер етуде.
– Бұл күнгі негізгі маңызды жұмыстардың бірі – көктемгі егіс мәселесі. Көктемгі егісті ауа райы қолайсыздығынан біз жылдағыдан кешігіп бастап отырмыз. Өткенде бірнеше аудандарды, бірқатар ірі шаруашылықтарды аралап шықтым, жұмыс енді ғана басталды, – деді аймақ басшысы.
Даладағы диқандардың жұмыс ырғағы туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров мәлімдеді. Орынбасар дәл осы күні дәнді дақылдар 3200 гектарға себіліп, 38 пайызды құрайтынын, картоп – 3715 гектар, 36 пайыз, көкөніс – 515 гектар, 36 пайыз екенін айтады. Ал, 20 мың гектарға көп жылдық және бір жылдық шөп тұқымы себіліп, 38 пайызды көрсетіп отырса керек. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары кейбір өңірлерде, атап айтқанда, Қарқаралы, Ұлытау аудандарында жұмысты ширатуы керектігін атап өтті. Наурыз-сәуір айларына бөлінген жанар-жағармай толық жеткізілген. Шаруашылықтар үшін қолжетімді.
Егіс алқаптарының электронды картасын жасауда облыста 1184 жер пайдаланушының жалпы алаңы 893 мың гектар болатын 4994 егіс алқабы цифрландырылды. Ол – жалпы егіс алқабының 73 пайызы. Ал, 1 маусымға дейін егіс алқабының 80 пайызының электронды картасы жасалауы тиіс. Бұл бағытта облыс бойынша Сәтбаев қаласынан басқа өңірлерде жоспар орындалып келеді. Сондай-ақ, Бұқар жырау және Шет аудандары да жұмысты ширатуы қажет дейді С.Шайдаров. Сонымен қатар, Серік Жаманқұлұлы облыс әкімінің тапсырмасымен Шет, Ақтоғай аудандарына барып, шаруашылықтардың жағдайымен танысқанын атап өтті. Мұндағы проблемалардың бірі – ауыл шаруашылығының техникаларының тозуы. Ол кәсіптік білім беретін ұйымдарда кейінгі 20 жылда ауыл шаруашылығы техникаларының біреуі де алынбағандығына тоқталды. Осы орайда алдағы уақытта құзырлы орындармен бірлесіп, бұл мәселе қарастырылмақ.
Ұлытау ауданында осы орайда барлық құзырлы орындар бас қоспақ. Облыс әкімі өзінің орынбасарына, бұған қоса, өтінішпен келген халықты жеке қабылдауды міндеттеді. «Қабылдау-
да шектеу болмауы тиіс» деп қатаң ескертті.
Ал, ай басынан бері 9 атаулы азық-түлікке баға индексі 99,9 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш жыл басынан бері – 101,1 пайыз. Республикада – 101, 3 пайыз. Республикалық көрсеткіштерден Қарағанды аймағында азық-түлік индексі бойынша баға төмен көрінеді.
Бірінші мәселе бойынша аймақ басшысы орынбасарларына өздеріне бекітілген өңірлердегі барлық жағдайды бақылауда ұстауды, әр өңірдің тынысын тамыршыдай тап басуды, елмен етене араласуды жүктеді. Аймақтың жедел жағдайы бойынша әкімнің орынбасарлары хабарлама жасады. Жалпы, аймақта ахуал алаң тудырмайды.
Бизнес жеңілдігі бойынша өңірлер рейтингісін жүргізудің таныстырылымын кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева таныстырды. Басқарма басшысының айтуынша, 9
бағыттан тұратын рейтинг өңірлердегі шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етуді мақсат тұтады. Сол арқылы өңірлердің бизнеске қандай қолдау көрсететінін, бизнестің дамуы
сарапқа салынбақ. Рейтинг 9 бағытты құрағанымен, алдағы уақытта оның қатары толыға түсуі де әбден мүмкін. Осылайша, аймақта кәсіпкерліктің кең өріс жаюына жағдай жасалмақ.
Облыстағы дәрігер мамандармен қамтылу мәселесі туралы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев баяндады. Бұл күні облыстың денсаулық сақтау саласында 15 мың маман бар. Оның 4 мыңнан астамы – дәрігер, 11 мыңға жуығы – орта білімді медицина мамандары.
Былтырғы жылы басқарма арқылы 273 жас дәрігер маман жұмысқа тартылған. Оның 23-і ауылдық жерлерге жолданыпты. Бүгінде дәрігерлердің тапшылығы – 107 маман шамасында. Бұл мәселені шешу мақсатында биылғы жылы 200 жас маманмен келісім жасалған. Бұған қоса, облыста медицина ұйымдарының толыққанды мамандармен қамтылуы бойынша жұмыстар ұдайы жүргізілуде екенін айтты басқарма басшысы. Яғни, мамандардың интернатура, резидентурада мақсатты оқытылуы. Қазіргі уақытта жергілікті бюджет есебінен 29 маман резидентурада оқытылуда. Оқытудың ақысына кәсіпорындардың қаражатын тарту мамандардың жұмысқа тұрақтап қалуын қамтамасыз етуде.
Мәселен, резидентураны бітірген 46 маман осы күні халыққа қызмет көрсетуде. Дәл осы кезеңде дәріс алушы 79 маман алдағы уақытта бұлардың қатарын толықтырмақшы. Сонымен қатар, мамандардың сол медицина ұйымында тұрақтап қалуына баспана берілуі де зор мәнге ие. Осы орайда, облыстың қала-аудандарында мамандарды тұрғын үйлермен қамту үшін жұмыстар ұйымдастырылған. Сол арқылы өңірлердегі дәрігер мамандардың тапшылығын түбегейлі шешу көзделуде.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»