КөрмеРуханият

Күміс ертоқым

Сағыныш ӘБІЛ ,

Ortalyq Qazaqstan

Қазақ ежелден қыз жасауына ерекше мән берген. Ыдыс-аяқ, алтын-күміс, мақта-матадан бөлек, ес біліп, етек жапқан шағында мінетін атының да әбзелдерін қоса дайындаған. Ертоқымы мен жүгенінің әшекейі мол болған. Әрине, ауқатты адамдар күміспен күптетіп, алтынмен аптатқан. Осындай құнды жасаудың бірі Шерубай-Нұра жерін жайлаған Сармантай-Мұрат елінен жеткен ер-тұрман Қарқаралыдағы өлкетану музейінде тұр.

Аталған ертоқым өңірге есімі белгілі Бегалы байдың қызы Бибісараға тиесілі болған. Бұл туралы Бибісара ананың жиені Шәрбану Ахметбекқызы айтып берді.

 «Менің нағашы әжем Бибісара – Бегалы байдың қызы. Балиғат жасына толғанда әкесі өзі теңдес байдың баласына атастырады. Бірақ, нағашы әжем бұған келіспеген. Кейін он алты жастағы анамызды атам Іргебай Жолдин Қарқаралыға алып қашып келеді. Алайда, біраз уақытқа дейін әке-шешесі разылығын бермейді. Содан нағашы әжемнен туған ер балалар қырқына жетпей шетіней берген. Кейін менің шешем туады. Жақсы хабарды естіген төркіні боз атқа ақ киіз жауып, күміс ер-тұрман мен алтын-күмісін беріп жіберген екен. Кәмпеске тұсында бұл алтындарын Түнқатар тауына апарып тығып, сақтаған. Шешемнің қолынан небір қымбат бұйымдар көргенмін. Оның ішінде, үйір жылқыға жасатқан, асыл таспен безендірілген білезік те бар еді, – дейді Шәрбану Ахметбекқызы.

Ал, ертоқымды Шәрбану апайдың бауыры Самат іздеп тауып, музейге тапсырыпты.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button