Көмірлі шаһарда даму бар

   Сейсенбі күні Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВ қала тұрғындарымен кездесті. Кездесуге облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ, Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген БЕКСҰЛТАНОВ қатысты. Шаһар басшысы қаланың 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде баяндап, тұрғындарды алаңдатқан бірқатар сауалдарға жауап берді.

Мұның алдында, 10 ақпан күні Нұрлан Ерікбайұлы Майқұдықтағы Мәдениет сарайында халықпен жүздескен-ді. Әкімдіктегі жиында да алдымен былтырғы даму көрсеткіштеріне тоқталды. Әкім есебі газетіміздің өткен сандарының бірінде (№11 (22318), 28.01.2017 ж.) жарық көрген еді. Сондықтан, көлемді есептегі негізгі көрсеткіштердің бірнешеуіне ғана тоқталғанды жөн көріп отырмыз.

Былтыр облыс орталығындағы 1215 кәсіпорын 310,4 млрд. теңгенің өнеркәсіптік өнімін өндірді. Бұл салада 40 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өндіріс көлемінің өсуіне кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында іске қосылған жобалардың арқасында қол жеткізілді. 2016 жылы 26 тың жоба жұмысын бастап, 49,3 млрд. теңгенің тауарын шығарды.

Сондай-ақ, қаланың кәсіпкерлікті қолдау картасына екі инвестициялық жоба енгізіліп, 400 жаңа жұмыс орны құрылды. Карта шеңберінен тыс металл құрылымдарын өндіру бойынша 2 зауытты іске қосу жоспарлануда.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы құны 19,2 млрд. теңге болатын 112 жоба мақұлданды. Нәтижесінде, 389 жұмыс орны ашылды. Ал, бағдарлама қанат қаққан сәттен бері қалада сомасы 74 млрд. теңге болатын 477 жобаға қолдау көрсетілді. 5 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды.

Жұмыссыздықпен күрес қарқынды. Есептік кезеңде тұрақты және уақытша жұмыс орындарына 18 мыңнан артық адам орналастырылды. Бұл – өтініш білдірген азаматтардың 82 пайызы. Қоғамдық жұмыстарға 449 адам қатысты, 395 түлек жастар тәжірибесінен өтті.

Халықты жұмыспен қамту мәселесі «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру арқылы орындалды. Бағдарлама аясында 4,5 мың адам қамтылды. Оның ішінде, 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі 57,6 пайыз, ал, әйелдер 48,2 пайызды құрайды. Бағдарлама шеңберінде 302 адам қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Мектепке дейінгі ұйымдар желісі айтарлықтай ұлғайды. «Шаңырақ» мемлекеттік балабақшасы мен 10 жекеменшік балабақша ашылды. Сәйкесінше, мектеп жасына дейінгі балалар үшін 1654 жаңа орын пайда болды.

Биыл да балабақшадағы орын тапшылығын қысқарту бағытында жұмыстар атқарылады. 12-ші және 21-ші шағын аудандарда 2 жаңа мемлекеттік балабақша тұрғызу және 23-ші шағын аудандағы балабақшаны қайта құру жоспарлануда. Жеке секторда оннан астам балабақша ашылады.

Қаланың 29 жол учаскесінде және 1 өтпежолда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатта 3,1 млрд. теңге бөлінді.

Бұдан бөлек, қала әкімі шағын және орта бизнес, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік санитарлық тазалық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы, мәдениет, ішкі саясат және жастар саясаты салаларындағы оң нәтижелер туралы сөз қозғады. Кездесудің екінші бөлігінде тұрғындар базынасына кезек берілді.

Қала тұрғыны Валентина Федоровна «Наука» саяжайшылар қоғамында саяжай ұстайды. Бүгінде зейнеткердің көктемгі су тасқынынан қауіптеніп отырған жайы бар. 2015 жылы аталған өңір телегей судың астында қалып еді. Қарияның айтуынша, қазіргі таңда шаһардың Оңтүстік-Шығыс бөлігінен жиналған қар осы саяжайларға таяу маңға тасылуда. «600 тоннадан артық болмаса, кем емес, – дейді зейнеткер, – «Бұл қар көктемде еріп, саяжайларды су баса ма?» деген қорқыныш бар». «Наукамен» қатар, осы аймақта бес саяжай қоғамы орналасқан. Мұндағы 3591 саяжайға апаратын жалғыз көпір жағдайы сын көтермейді екен. 1981 жылы тұрғызылған көпір жыл санап шөгуде. Қария көпірді жөндеуден өткізу мәселесін қарастыруда сұрады. Әкім бұл мәселеден хабардар екендігін жеткізіп, шешу жолдарын тиісті бөлім басшыларына тапсырды.

Аханов көшесінің тұрғыны Самат Сейсенбеков көше атауларына қатысты сын айтты.

«Жамбыл көшесіндегі тақтайшаларда көше атауы дұрыс жазылмаған. Бір үйде «Джамбула» деп тұрса, келесі үйде «Жамбула» деп көрсетілген. Мұның қайсысы дұрыс? Сол сияқты Шәкіров көшесі кей жерде «Фестивальная», кей тұста «Шакирова» деп жазылған», – деген зейнеткер бұрынғы Театральная көшесіне Аханов есімі берілуіне наразылығын білдірді.

Қала әкімі көше атауларына қатысты мәселені шешу жолдары қарастырылу үстінде екендігі айтты.

«Иә, кейбір көшелер атауы дұрыс көрсетілмеген. Мәселен, қаланың орталығындағы Ермеков көшесіндегі үйлердің бірқатары бұрынғы Дзержинский есімімен тұр. Бүгінде біз көшелер атауы үш тілде көрсетілген тақтайшалар дайындаудамыз. Заманауи талаптарға сай әзірленген бұл тақтайшаларды алдымен қаланың орталық бөлігіндегі көшелерге орнатамыз. Аханов көшесіне қатысты айтар болсам, Театральная көшесі атауын өзгертумен арнайы комиссия айналысты. Алдын ала қоғамдық тыңдау өткізіп, соған сәйкес, шешім қабылдады. Тыңдауға қатысушылар қолдау білдірген соң, көшеге Аханов есімін беруді ұйғарды», – деді Нұрлан Ерікбайұлы.

Кездесуде тұрғындар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, баспанаға қол жеткізу, қаланың абаттандырылуы, санитарлық тазалық, білім беру, денсаулық сақтау саласына қатысты көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдады. Әкім жиында тиісті жауап беріп үлгермеген мәселелер жазбаша түрде тіркелді. Келешекте бұл тұрғындарға әкім өзінің нақты жауабын бермек.

Нұрқанат ҚАНАФИН

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.