Бас тақырып

Көмір бар, мәселе – ұқсатуда

Қазір ауылдағы ағайынның сары уайымы – «қара алтын». Қаладағының да шекесі шылқып отырғаны шамалы. Жұрт, әсіресе, Шұбаркөл көміріне ынтық. Қызуы – мол, күлі – аз. Содан аталған разрездің көмірін тарататын тұйықтарда ұзын сонар көлік кезегі тұр. Тұйықтан тиеп алған көмірді ауыл-қалаға таситын алыпсатарлардың мұрнына су жетпей жүр… Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі аймақта көмір тапшылығы жоғын айтады. Тіпті, тұрғындарға таратуға бөлінген көмір көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 8 пайызға өскен.

Марина ШАПОВАЛОВА, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

Биыл коммуналдық-тұрмыстық және тұрғындар қажеттілігіне 5,2 миллион тонна көмір қарастырылды. Былтыр бұл көрсеткіш 4,8 миллион тоннаны құраған-ды. Қазіргі таңда «Рапид» ЖШС-не қарасты шахта мен «Қушоқы», «Молодежный», «Шұбаркөл көмір», «Sat Komir», «Кузнецкий», «Сарыарқа – Energy», «Қияқты көмір», «Соқыр көмір», «Гефест» разрездерінің көмірі таратылуда. Көмір 24 теміржол тұйығы мен 10 қоймада сатылуда. Жалпы, халықты көмірмен қамту мәселесі әкімдіктің тұрақты бақылауында тұр. Баспасөз хатшысы көмірді жеткізу шаралары кестеге сай жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Және бұл мәселені әкімдікпен қатар «ҚТЖ» ҰК АҚ төрағасының орынбасары жетекшілік ететін оперативті штаб бақылап отырғанына да тоқталды. Мамандардың есебінше, бір қыста облыс халқы 654,7 мың тонна көмір жағады. Ал, бүгінде көмір тарату нүктелерінен 493,4 мың тонна артылған. Яғни, 75 пайызы. Жалпы, облыс бойынша көмірдің орташа құны – тоннасына 12 764 теңгені межелейді. Әлгі жұрт мақтаған Шұбаркөлдің көмірі Қарағандыда екі жерде сатылады. Майқұдық станциясындағы және нан-макарон комбинаты (ХМК) маңындағы теміржол тұйықтарында. Мұнда күніне 160-180 жүк көлігіне көмір тиеледі. Тоннасын 11 500 теңгеден әкетіп жатыр. Ал, ресми мәлімет бұл марканың облыс бойынша орташа құны – тоннасына 14 400 теңгеден дейді. Дегенмен, Ақтоғайда Шұбаркөл көмірінің құны орташа деңгейден айтарлықтай жоғары. 5 600 теңгеге қымбат.

Қайыр БОЛҒАНБАЕВ, Ақтоғай ауылының әкімі:

– Аудан орталығы бойынша екі базада көмір сатылады. Қарағандыдан аптасына екі-үш мәрте жеткізіледі. Кузнецкий көмірінің тоннасы – 18 мың теңгеге, Шұбаркөлдікі 20 мың теңгеден сатылып жатыр. Көмірден тапшылық болмайды деп ойлаймын.

Ақтоғай ауылында 829 түтін бар. Әр шаңыраққа 5 тоннадан есептесек, 4145 тонна көмір қажет. Бұдан бөлек, аудан көлемінде оннан астам ауыл халқы «қара алтынға» мұқтаж екенін ескеріңіз. Алыпсатарларды қыруар жұмыс күтіп тұр қысқасы… Облыс орталығынан алыстаған сайын көмір қымбаттай түседі. Мәселен, Ақтоғайға қырық шақырымдай Шабанбай би ауылында Кузнецкий көмірі 22-23 мың теңгеден сатылса, 250 шақырымдағы Айыртаста тоннасына 25 мың теңге бересіз. Ауыл тұрғындары жиі алатын Шығыс Қазақстан облысындағы Балапан көмірі де 23 мың теңге тұрады. Бұл – қазіргі баға. Қар түскенде тағы қымбаттайтыны және бар. Жер аяғы алыс, қолында күші жоқ ел алыпсатарлардың бағасына тәуелді. Бұл тұрғыда көмір тасуды кәсіп еткен жігіттердің де айтар уәждері бар. Көмір кезегінде тәуліктеп тұратындарын да жасырмады.

Дархан ЕСЖАНОВ, көмір тасушы:

– Қарағандыдағы «ХМК» маңындағы тұйықжолдан көмір аламыз. Қыркүйекте кезек шамалы еді. Қазір «кузнецкийді» алу үшін де бір-екі тәулік басында қона жатамыз. Шығып кетсеңіз, орныңыздан айырыласыз. Ал, Шұбаркөлдің көміріне кезек, тіпті қалың. Апталап жатуыңыз да мүмкін. Ауылға жеткенше жол алыс, бензин, сайман бар, кезек күтіп, бірнеше күн кабинада жатқаныңыз, ішіп-жеміңіз бар дегендей. Кейде сатқаныңыз шығыныңызды әрең жауып жатады. Дегенмен, бағаны орынсыз көтермеуге тырысамын.

Жоғарыда «Шабанбай би ауылына жеткенде тоннасы 22-23 мың теңге тұрады» дедік. Әйтсе де, 40 шақырымдағы Ақтоғайдан 18-20 мың теңгеге де алуға болады. Егер, тақымыңызда «ГАЗ-ыңыз» немесе «КамАЗ-ыңыз» болса. Бірақ, екінің бірінде көлік жоқ. Есесіне, 4 тонна көміріңізді 12-15 мың теңгеге жеткізіп беретіндер бар. Шабанбай би ауылының Ернат есімді тұрғыны бір үйге орта есеппен 9 тонна қажет екенін айтады.

Ернат, Шабанбай би ауылының тұрғыны:

– Ақтоғайдан 9 тонна «шұбаркөлді» 180 мың теңгеге аласыз. «ГАЗ-53» 4-4,5 тоннадан артық тиемейді. Бір рейсі 12 мың теңге делік. 4,5-4,5 тоннадан екі рет барып қайтса, 24 мың теңге шығады. Сонда сіз 204 мың теңгеге көмір алдыңыз. Бұл – арзандатып есептегенім. Кейде, «елу үш» мінгендер 15 мың теңге сұрап, бір барғанда 4 тоннадан артық артпай қоюы да мүмкін. Үш рейс үшін 45 мың теңгеңізді қағып алады.

Қазір көмір – көмірлі өлкедегі басты тақырып. Қалада да, ауылда да талас. Қапы қалса, қалтырайтынын жақсы біледі жұрт. Анау бір жылы Шығыс Қазақстандағы разрездің кезегіндегі төбелесте жас жігіт көз жұмғанын еске түсірсек, бойымызды үрей билейді. Қарағандыда көмір мол. Әйтсе де, молшылықтың үстінде отырған халықтың қолы «қара алтынға» әлі де жетпей отыр. Ресми дерек көздері көмірді бар дейді. Ендігі міндет – сол барды ұқсату. Билік те мұны біледі…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Суреттер интернеттен алынды.

Басқа материалдар

Back to top button