Қарағанды

Көлік артериясы көп кілтипанды шешеді

Бүлкілдеген көлікті күркілдетіп тастайтын көлік жолы туралы кем айтылмайды. Қазан шұқырын санап тауыса алмайтын жолдар сөз болмаған, оларға күрек тимеген бір жаз жоқ. Жыл сайын қайсыбіріне күрделі, орташа жөндеу бұйырады. Енді бірінің жыртығы жамалады. Не десек те, көлік жолының қаржыдан қағылған кезін көрмеппіз. Биыл да Қарағанды шаһары жер қарая, дәлірек айтқанда, мамырда көлік жолдарын жөндеуге күрегін ала шыққан-ды. Ресми деректерге сүйенсек, биыл Қарағанды қаласында 25 шақырым, басқа қалалар мен аудандарда 363 шақырым жолға жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ, республикалық 882 және облыстық 563 шақырым жол қалыпқа келеді. Мұның арасында Қарағанды қаласының Майқұдық бөлігінде орналасқан 10, 8 шақырымды қамтитын Карл Маркс-Магнитогорск көшесіндегі жолдың күрделі жөнделіп, қайта жаңғыратыны – ауыз толтырып айтатын ауқымды құрылыс болып отыр. Жобаның құны – 7 млрд. 444 мың теңге шамасында.

Құрылыс басталғанға дейін әбден ежіктеліп, пысықталған жоба – аймақ басшысының ұдайы назарында. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек ең тиімді жоспарын жасауды қадап тапсырғаны белгілі. Майқұдықтың көліктік «күретамырын» жөндеумен «Казахдострой» ЖШС айналысуда. Жоба бойынша компания екі жыл мұғдарында «жіптен жаңа шыққандай» етуі тиіс.

Мұнда қиыршықтасты-мастикалық асфальтбетон төселеді. Бағдаршамдар, жиектастар, жарықтандыру толық ауысады. «Акация» кафесінің маңындағы қауіпті жол тармағының орнына Т-бейнесіндегі қиылыс салынады. Сонымен қатар, қоғамдық көлік үшін арнайы жеке жол қарастырылады. Сол жақтан шығатын, техникалық және жаяу жүргіншілер жолы, қауіпсіздік тұрақтары және жаңартылған жаяу жүргінші өткелдері де жоспарда бар.

Деректер бұл жолмен күніне 200 мың адамның жолаушылайтынын көрсетеді. Майқұдыққа және Сұрыптау станциясына халық қатынайтын жалғыз жол. Оның бүгінгі күнге дейінгі жағдайы кісі жылайтындай еді. Бұл туралы облыс әкімі «Қалада осындай нашар жағдайдағы бірде-бір жол жоқ» деген-ді.

Сонымен қатар, құрылыс барысында жол бойындағы 22 үйдің қасбеті мен шатыры толық жаңарады. Екі және үшқабатты үйлер өткен ғасырдың 50-жылдары бой көтерген. Содан бері сыр мен сылақ тиіп, күрделі жөндеу көрмепті.

Республикалық бюджеттен бөлінген қомақты қаражатпен жөнделетін жолдың құрылыс барысын бұған дейін Үкімет басшысы Асқар Мамин де арнайы барып көрген болатын. Бүгінгі таңда жұмысқа 180 жұмысшы мен 90 техника жұмылдырылған.

Мердігер көліктерге ыңғайсыздық тудырмас үшін жөндеу жұмысын кезекпен атқарып отыр. Яғни, алғашқыда жолдың бір жақ тарабын жөндейді. Ол аяқталған соң екінші тарабына көшеді.

Тағы бір баса айтарлығы – ірі жобаның қазіргі уақытта туындаған экономикалық қиындықтарға қатысты антивирустық шара мәнін иеленгендігі. Экономикалық дағдарысқа қарсы әзірленген «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының шеңберіне енген жоба арқылы жүздеген адам нәпақасын айырып келеді.

Қызғалдақ АЙТЖАН,

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button