Жаңалықтар

КӨКТІ ОТАМАҒАН ЕЛМІЗ

Бүгінгі орман, жасыл желек – Сіздің ертеңгі денсаулығыңызға шипа екенін, ал сол орманға–жасыл желекке деген қарым-қатынасыңыз Сіздің саулығыңыздың көрсеткіші екенін білесіз бе?

Біздің жергілікті аймағымыздың еліміздің басқа аумақтарына қарағанда қоршап тұрған орман-тоғайлар көлемінің аздығымен де ерекшеленетіні бәрімізге белгілі.

Осы орайда Елбасымыздың қазақстандықтарды ел аумағын жасылдандыруға шақырған сөзінде «Біз өз елімізді, өз жерімізді қалай жақсы көретінімізді көрсету үшін барлық Қазақстанды таза, жасыл, жайлы етуіміз керек» деді.

Жасыл желек экологияны жақсартудың тиімді жолы.

Орман шаруашылығы– экономиканың бір саласы.

Елбасымыз айтқандай бүгінгі күні жасылдандыру және маңайды гүлдендіру, көркейту маңызды мәселелердің бірі болып қалуда. Ол адамның тіршілік ортасын қолайлы және жағымды ететіні сөзсіз.

Біздің осы жергілікті өңірімізде қоршаған ортаның экологиялық тазалығын арттыру үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан мекемелер баршылық. Соның бірі – Қарағанды табиғи ресурстар басқармасының Қарағанды орман шаруашылығы мекемесі.

Бұл орман шаруашылығы қызметкерлерінің айта кететін бір ерекшелігі, орман тек қана табиғи ресурс қана емес, елімізді әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамытудың да жолы деп санайтындығы.

Орман шаруашылығы қызметкерлері аумақты көгалдандыру, ормандарды молықтыру ісімен ғана шектелмей, сол ормандарды өрттен, заңсыз ағаш кесуден және орман заңнамасын басқа да бұзушылықтан күзету, оларды зиянкестер мен аурулардан қорғау міндеттерін де қоса алып жүруде.

«Қорғау», «күзет» деген сөздердің мағынасының өзі кімнен немесе неден қорғау қажет деген ойды тудырады.

Ал, осы орман күзеті қызметкерлері, өкінішке орай, кездесіп отыратын орман заңнамасын бұзушылықтың алдын алып, бар еңбек жолдарын жергілікті өңіріміздің, оның әр азаматының бүгіні мен ертеңіне арнауда.

Әсіресе, әуелі тұқым жинап, оны егіп, жылдап күткен көшетті отырғызып, күтіммен, күзетпен оны жайқалған жасыл желекке айналдыруға кеткен ұзақ жылдық еңбегі бір сәтте өрт- жалынға айналса, сол сәттегі орман қызметкерінің жан дүниесін түсініп көріңіз…

Соңғы жылдары облысымыздың табиғи ресуртар басқармасы басшылығымен Қарағанды орман шаруашылығы мекемесі Қала төңірегіне жыл сайын 1000000-нан астам көшет отырғызуда.

Ғалымдарымыз болса «….бүкіл Қазақстан халқы, әсіресе жастар бірігіп, ерінбей еңбек етсе, әрбір елді мекендерде емен, арша, акация, тағы басқа ағаштар көптеп отырғызылса, егістік алқаптарда санитарлық-қорғаныс белдеулер жасап, ағашты және бұталы өсімдіктер өсірілсе және бұл үдеріс 40-45 жыл бойы үздіксіз жүргізілсе, Қазақстанға төніп келе жатқан өте қатал континенталды климатты жұмсартып, экологиясын жақсартуға болады. Осылай жұмыла еңбек еткен жағдайда орасан көп экономикалық және әлеуметтік шығындарды азайтуға, тіпті болдырмауға мүмкіндік бар» деп дабыл қағуда.

Орман жалпы табиғатымыздың асыл қазынасы саналады. Дегенмен, бүгінгі күні бұл қазынамыз да өзіне қамқоршы болатын сенімді иесін қажет етеді.

Біздің планетамыздың жасыл бөлігін қорғау міндеті тек қана орман күзеті қызметкерлерінің ғана емес, сол жасыл желекті сая етіп отырған барша халықтың жауапкешілігі екенін ұмытпасақ екен.

Ашық алаңда жылдың мезгілімен де, уақытпен де санаспай, қызметтік міндетім деп қана емес, тұрғылықты жерімді гүлдендіру мен қорғаудағы азаматтық міндетім деп жүк көтеріп жүрген орман шаруашылығы қызметкерлері, еңбектеріңіз елеулі болсын демекпіз!

М. МАХАТШИНА,

Қарағанды облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кадр жөніндегі инспекторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button