Көктемнің мөп-мөлдір тамшысы (Әңгіме)

(Г.С.-ға)

Шалғайдағы, ұлтарақтай ғана қалаға көктем кеш келді былтыр. Қыс ұзаққа созылған. Жаздың жағалауына ентелей кеп соғылып, демде демі тынған көктем толқыны бір жалт етіп көрініп, ғайып болған сиқырлы сұлу елес болды ескі шаһар үшін. Кеш болса да, көктем ғой. Лап етіп жанған бетте жалп етіп өше қалған шырақтай — сәулесін сағындырып, аңсатып кеп, көзіңді қарықтырып, сезімді талықсытып жіберген. Көктем көздің жасындай сырғып, жаздың кірпігіне іліккен…

***

Қала шетіндегі ескі қойманың ішіндегі қыстан қалған сызды қуып шықты көктем. Әу баста шифермен қымталмаған қойма шатырындағы қар қыста да күн қызуымен ери жібіп, ақпанның ақырған аязында қақша тілініп, қақырап кеткен шайырлы қарамай арасына тоңази сіңіп, қатқан еді. Сәуірдің сәулесі тозған қарды тоқымша қаға бастаған күндері еріп, қойма төбесінің жарылған қарамайы арасындағы мұздан көктемнің алғашқы перзенті — жалқы тамшы жарыққа келген. Сол мөп-мөлдір тіршілік қойманың ішіндегі жылулы ауаға ұмтылып, ғұмырының жалғыз-ақ мақсатына — еденге тамып өліп кетуге асыққан. Қойма төбесін жапқан бетон плитаның жымдасқан жігіне шым-шымдай сіңіп, қардан еріп мұзға, мұздан сөгіліп суға құбылған жалғыз тамшы тіршілік те көктемнің жылуын бізден әрмен аңсай сырғып, ескі ғимараттың кеңістігіне мөлдірей қарап еді. Көктем боп қарап еді ол. Май мен шаң жұптасып, мүктеніп кеткен қойма қабырғалары, сонау түкпірдегі қалқиған қарақшы — нысаналар, ескірген еден жалғанның жалқы жұмыр жанарында жалт ете мөлдірей тұнып, аға жөнелді. Кешіккен көктемнің алғашқы бөлшегі құлап келе жатты қойма төбесінен. Сыз қамаған ауамен аймаласып, қарғыннан қарғып шыққан жетім тамшы жылап келе жатты — құлап. Бір ғұмыр… Тырс етті де тынды. Тақтайы тозған еденге етпеттей құлап, лезде шылапара болды. Көктемнің тәнінен ажырап, қарғынның қағанағын жарып шыққан бір түйір ғана тіршілік бес метр биіктен еденге қарай зулап, жалт еткен мезеттей қып-қысқа ғұмырын сүріп-ақ үлгірді. Сол көктемнің ғұмыры да осы тамшы тағдырлас — зу-у етіп өте шыққан. Тым келте болды.

Одақ тарағалы ішіндегі мүлік-мүкәммалды саудалап тауысқан иесі қаладағы белгілі байшыкеш Мұратқа сатқан қойманы. Оншақты жыл қаңырап тұрған кең қойманы ерте көктемнен тазарта бастаған Мұркең ескі ғимараттың еденін қырып, қабырғасына өрмелеген сүлгіден арылтып, жазғасалым мұнда садақ тартатын мергендерді жиып, спорт клубын ашпақ еді. Қыста Қытайдан алдырған аймүйіз арбалет, саржа-садақтарын баптап, қойманың түкпіріне нысаналар орнатып қойған. Баласы екеуі жұмыстан жалыға бастағанда қатар тұра қап, адырна шірейтін. Оныншы сыныпты биыл тәмәмдайтын ұлы да садақ тартып, арбалеттің адырнасын ала өгіздей мөңірете, қамыс сапты, қауырсын масақты, кірісі мұқыл, мұқыл болса да көбебұзар құрыштан соғылған сырлы жебені қарақшыға қарата аңырата атқанды жақсы көруші еді.

Бозбаланың құштарына айналған ермекке сеп болған Әйгерім қыздың жалт ойнатқан нұрлы жанары ғой. Көктемнің кешіккен жылуы қос жас өреннің де жүрегіндегі егіз тамшы — ынтықтық дәнегін кенет қыздырып, кеуделерінің сол жақ тұстарын бүлк еткізген. Егіз тамшы қосылмаққа ұмтылып, бір-біріне қарай талпынған. Қыз — он алтыда, бозбала — он жетіде. Адам ғұмыры көктемінің мөлдір тұнығындай гүл-дәуреннің алғашқы белесі ме еді сол күндер?! Бір күні сабақтан қайтып келе жатқан қыздың сөмкесін ала қашсын бозбала… Бір күні ерке қыз бозбаланың мұрнын қысып қап, сақылдай күліп, жүгіре жөнелген. Бұл оны қуып жетіп, екі бала бір-біріне еркелеп, ойнап жүрген… Бір күні бозбала бойжетіп қалған бүлдіршін қызға қып-қызыл жүректі шанши қадалған қырлы жебенің суреті бейнеленген открытка сыйлаған. Открытка ішіне «Мен сені жақсы көремін!» деп жазыпты. Қыздың беті дуылдап, жүрегі кенет дүрсілдей кеткен. Алақандай қағазды сүйіп алғанын да сезбей қалды. Екеуінің де жүрегіндегі ынтық тамшылар сәл ұлғая түсіп, кешіккен келте көктемнің тамырлүпіліне ырғақ қосқан. Бозбала садақ тартқан сәтінде Ұрымның махаббат құдайы Әмір ойына түсетін. Көз алдына ғашық аңсарының бейнесі келіп, жүрегі тулай соғып, демі жиілейтін. Сыңар тамшы егізіне ынтығып, кеудесін соққылайтын тәрізді еді. «Еділден атқан жебесі, Жайықтан асып жоғалған…» бағзы дәуір батыры деп сезінер еді өзін кейде. Жебесінің ұзаққа ұшқанын аңсайтын ұлан арбалеттің адырнасын шірей тартып, ең алыс қашықтыққа жеткізер межесіне қоятын тиекті.

…Сол күні әке-шешесі шетелге кеткен. Шығарып салып тұрғанда әкесі «Қолың тисе, қойма шатырының қарын күрей саларсың» деген. Сол айтқанын орындайын деп, үйден шықты бұл. Шатырға өрмелемес бұрын ішке кіріп, садақ тартқысы келді кенет. «Жұмыс қайда қашар?!» деп ойлады жымиып. Жымия жүріп, қойманы ашқан. Алакөлеңке кең сарайдың азынаған ауасы түршіктіріп-ақ жіберді. Сонда да күпәйкісін шеше сап, қабырғаға ұстатқан жай тартқан кентаврдың суреті бейнеленген плакаттың жоғары тұсындағы шегеге ілген. Кіреберісте тұрған партаны дырылдата сүйреп апарып, екі-үш метр жерге қойды. Түпкі бөлмеден арбалет алып келуге кеткен сәт шаң, май жұққан парта үстіне тырс-с етіп тамшы құлады төбеден. Бұл барып, өзінің қолы сүйсініп ұстайтын бүктемелі «Қарагер» садаққа ұмсынған. Қытайдың қара базарынан әкесі әкелген оншақты арбалеттің ішінен өзі еншілеп алған. «Қарагер» деп ат қойды. Былғарымен қапталған жеп-жеңіл қаруды күніне бір ұстамаса көңілі көншімейтін. Алты-жеті үкілі жебе салынған қорамсақты иығына аса салды. Жымия келіп, садағын партаға қойып, орамалмен шаңын сүрткен болды. Шаң басатындай болған жоқ, әрине. Кеше кешкісін келіп, нысананы ең алыс түкпірге жылжытып, бірер сағат ауа тілгілеген жүйрік жебелерімен. «Қазір!» деді ішінен. Серпімелі болатты сымша ширата тартып, әр тұсына қой қабырғасындай құрыш пластинкалар тастап күшейтілген, иыққа тірер дүмінің өзі қытайдың сәнқой сардарларының винтовкасының үлгісінен алынған. Адырнасы шынашақ елі — пластик сымдардан өріле созылған. Шүріппесі саусаққа жұмсақ, тежегіш тетігінен ағытқан сәтте-ақ, шығырға ілінген адырнаны босатуға ғапыл дайын тұрар, тиектен шыққан бетінде шыны-пластик талшықтардан сірестіре созған жеп-жеңіл, кірісі мұқыл жебені зулатуға әзір арбалетті сүйсіне ұстап, оқтады. «Қаз-і-ір!» деді, демін тоқтатып. Нысана кешегі орнында тұр екен. «Бүгін ондыққа қадалмасаң, саған серт!» деді кірісі құрыш сырлы жебеге. «Не болса да, қарымы қашыққа жететіндей қылайын» деп, арбалеттің ең алысқа оқ атар межелі тұсына дейін тартты адырнаны. Алғашқы оғы зырқырап барып, нысанадан сәл биік тұстан зу етіп өте шығып, қарсы қабырғадағы қалыңдығы кереқарыс пенопластқа кірш ете қалды. Екіншісі сәл оңға қарай кетті. Үшінші… Төртінші оқ тіпті лаққан. Ашуланайын деді. Бесінші оқты қол мергендігіне басып, адырна тартқан бетте талтайып тұра қап, заулатты. Сегіздік! «Е, бәсе!» деді дауыстап. Қорамсақта соңғы жебе қалыпты. Оны да бүктемелі жағының белағашына салып, адырнаны сықырлата тартты. «Ең соңғы оқ! Ең соңғы мүмкіндік! Бұл ондыққа қадалмаса, атаңа нәлет, төбеден тамып тұрған тамшыны құрту үшін, қар күреуге кетуім керек. Кәне, қанды басың бері тарт! Қақ жүректің тұсы деп..!» деді ысылдай сыбырлап. Енді көздеп ата бергені сол еді ғой. Есік ашылып, көктемнің гүл-жұпарын ала Әйгерім кіріп келген. Кіріп келе сап, мұның ұйпа-тұйпа шаштарын одан сайын дудырата сап, қойма төріне қарай қашты. «Қап!» деді бұл. Артынан жүрегі бүлк ете түсіп, «жаным-ай…» деді жымиып. Арбалетті парта үстіне қоя салып, қызды қуа жөнелген. «Қазір жетіп ап, сүйіп алмасам ернінен!» деп ойлады да, өз ойынан өзі ұялып, беті ду ете қалды. Оншақты аттап жетіп алған, жетіп алған да ту сыртынан құшақтай кеткені есінде. Оң қолымен бойжеткеннің нәп-нәзік белінен орай бере, «тым жеңіл киініпті-ау» деп ойлады. Сол қолын иығына асып, мойнынан құшқаны есінде. Құшқан бетте еңкейіңкіреп, қыз ернінен тұңғыш рет өбіп қалды…

Қыз бен бозбаланың егіз жүрегіндегі қос тамшы сезім дулатқан тәндерінде шиыршық атқан қан тамырлары арқылы тәтті сүйіспен табысқан еріндерге қарай зауламаққа қалт тынып, тоқтаған сәтте шатырдың төбесінен жылай ағып келе жатқан көктемнің бір мөлдір өмірі парта үстінде оқтаулы күйде атылмай қалған арбалеттің шүріппесіне былш-ш етіп құлап түскен еді. Тежегіш тетігі тірек нүктесінен ажырап, мергеннің сұқ саусағын қапысыз күтіп тұрған жұмсақ серіппелі шүріппе басылып та кеткен сол сәт. Жебесінің кірісі нысанаға бағытталған аймүйіз арбалет кенет дір-р етіп, серпіле түсіп, керілген адырна шірей тіреп тұрған қамыссап құрыш оқ қойма түкпіріне қарай суылдап ұша жөнелді. Ұша жөнелді — көктемнің дерткен төсінен тамып кеткен әлемдегі салмағы ең ауыр тамшыдан серпіле атылған ажал жебесі. Суылдап ұшып бара жатқан жебенің бағытында еркелей ойнап, қытықтасып, бақыттың алғашқы мастығын көтере алмай тәлтіректей кетіп бір-біріне сүйеніскен, сүйенісе кетіп, өмір-көктемдерінде алғаш рет сүйісіп қалған қыз-жігіт нысана боп тұр еді. Екі жас, екі мастың жүрегінде бұлқынып тұрып қалған егіз тамшы бір-біріне қарай заулап ағуға батпай, алғаш кешкен алапат сезімнен дір қағып тұрған сәт құшақтасқан қос тәннің жүрек тұсына құрыш жебе қадала кеткен еді. Бұрала қашқан сұлу бойжеткенге жайраңдап жеткен бозбала қыздың ту сыртынан қапсыра құшып, сәл еңкейе емінген қалпы еркелей күлген, әнтек шалқақтай қалып, былқ-сылқ етіп ойнап тұрған ғашығының қауызына шық тұнған қызыл гүлдей ернінен сүйген сәті еді. Адырнадан ұли ұшып, зырқырап жеткен мұқыл кірісті қандыауыз жебе бозбаланың жауырыны етегінен қадалып, дүрс-дүрс етіп, дүр сілкініп қалған жүрегіндегі ынтықтық тамшысын пышырата жарып өте шыққан. Бозбаланың жүрегін қақ бөліп өткен сұм жебе! Жалт еткен сәтте «аһ» деп ышқына да алмай қалған жігіттің кеудесін көктей кеткен оқ қыздың жүрегіне де шаншылып, бүрін сезім түрткен тал-шыбықтай тәнін тесіп өте шыққан еді. Егіз жүректегі қос тамшы қандыауыз жебенің кірісінде қауышып, солығы басылмаған ажал оғы сәл алыстағы, адам кейіпті қалқиған нысананың ондығы таңбаланған қызыл шеңбердің дәл ортасына қадалып, дыр-р етіп тынған.

Аспан асты осынша тар ма еді?! Көктемнің мөп-мөлдір бір тамшы жасы қас-қағым тірлігін жалғыз тыя салмай, сезім, махаббат тұнған қос өмірді қоса ала кетуі әділет пе?! «Тым жеңіл киініпті-ау…» деп ойлады жалған өмір басынан бақиға ұшып бара жатқан бозбала. «Аһ» деді ақтық рет өмірінде алғашқы тәтті сүйіс дәмін татып, елжірей қатып қалған бойжеткен.

Қаланың елеусіз бір шетіндегі иесіз қойманың дәл ортасында бір-біріне сүйенісіп тұрған екі жастың түйіскен басынан, сүйіскен ернінен көктемдей мөп-мөлдір өмір өксік боп шығып, сәуірдің сәулесі сүйген аспанға қарай ұшып бара жатқан еді. Көктем де, аспан да, жер де, тіпті анау нысана ондығына қадалып, соңғы тұяқ серпістей кенет діріл қағып қап, қалт тынған жебеден тамып бара жатқан қанкүрең тамшы да жалт еткен жалғыз сәт екі ғашықтың жүрегімен бірге қалт тоқтап, түпсіз ғаламның ғайыбына үзіліп түсіп құлай кеткен-ді.

***

Сол көктемдей мөлдір маусым келмес бұл ғасырда енді! Келсе де шалғайдағы ұлтарақтай ғана шаһарға соқпайды…

Сол мазаң маусымнан қалған жалқы белгі — көктен тамып, жерге құлай сіңіп кеткен мөлдірліктің моласындай қос төмпешіктің ортасына биыл көктемде садақ жебесіндей сабағының әр тұсына тікен біткен қып-қызыл гүл өсіп шықты…

Серік Сағынтай

Қарағанды

25.11.2012