Жаңалықтар

Көктемгі су тасқынына дайындық – ойдағыдай

Аймақта су тасқынына жоғары дайындық режимі қолданылуда. Бүгінгі таңда су тасқынына қарсы штабтар тәулік бойы жұмыс істеп, жағдайды мұқият бақылап отыр. Әзірге, өңірдегі жағдай – тұрақты. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Сурет: ТЖД баспа сөз бөлімі

Өңірдегі 149 елді мекен, 99 жол учаскесі мен 237 су шаруашылығы құрылыстары қатаң бақылауға алынған. Мамандардың айтуынша, су тасқыны 7-10 сәуір аралығында болады деп күтілуде.

– Облыстың барлық өңірлерінде су тасқынына қарсы жедел штабтар құрылды. Материалдық-техникалық құралдың қоры, оның ішінде 5 мың тоннаға жуық ЖЖМ, 100 мың тоннадан астам инертті материал және 200 мыңға жуық құм толы  қапшық дайындалды.  Елді мекендерден 2 млн. 192 мың м3 қар шығарылды. 130 шақырым су бұру траншеялары жасалып, 167 шақырым болатын канал мен арық тазартылды. Автожолдарда 4,5 мыңнан астам су өткізгіш құбыр мен 461 көпір тазартылды, – дейді Мұрат Қатпанов.

Сонымен қатар, кептелістің алдын алу үшін 13 наурыздан бастап Департаменттің құтқару бөлімшелері жалпы ауданы 2350 шаршы метр болатын өзендердің күрделі учаскелерінде мұзды кесу және бұрғылау жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, ТЖД бастығы облыс тұрғындарын ауладағы қарды тазалауды, су өткізу құрылыстары мен арықтарды жеке аумақтағы қар мен қоқыстардан тазартуды қамтамасыз етуге шақырды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button