Көктемгі егіске әзірлік – қызу
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстанды жақын уақытта дамыған аграрлы елге айналдыруды айтты, Польша сияқты…
Алаш көсемдерінің ізгі армандары енді жүзеге аса бастағандай…
Қарағанды облысында да бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Бейсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Нұра ауданына барып, егіс науқаны қарсаңындағы кеңеске қатысты.
Соңғы жылдары қарағандылық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер күн жылына Нұрада жиналуды дәстүрге айналдырған. Өңірде аудан әкімі Ниқанбай Омархановтың басшылығымен толағай шаруа қолға алынуда.
Щербаков ауылының «Қайнар» ЖШС базасында өткен агрокеңеске облыс әкімімен бірге, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов қатысты.
«Қайнар» ЖШС – облыстағы озық диверсификацияланған шаруашылықтардың бірі болып табылады. Дәнді-дақылдар мен мал өсіруге маманданған қожалық.
Көрмеде кәсіпорын асыл тұқымды мал мен ауыл шаруашылығы техникасын жұрт назарына ұсынды.
Кеңеске Қарағанды облысының әкімдігі, агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ынтымақтастық орнату жөніндегі меморандум жасасқан С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеттің өкілдері қатысты.
– Біз 2017 жылы Қарағанды облысында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныстар әзірледік. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге кітапшалар тараттық, – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Серікпаев.
– Бізде ынтымақтастық жөніндегі ұсыныс бар. Ғылыми жетістіктеріміз, ғалымдардың әзірлемелері енгізілген 10 базалық шаруашылық анықталды». Облысқа ЖОО қызметкерлері – өсімдіктерді қорғау, жер өңдеу, тұқым шаруашылығы бойынша мамандар келді. Сонымен қатар, аймақта ветеринарлық факультеттің жоғары курстарының 84 студенті тәжірибеден өтуде. Сондай-ақ, университет болашақ агрономдарды жіберуді жоспарлап отыр.
– ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігінің арасында жасалған егістік жерлерді диверсификациялау бойынша меморандумға сәйкес, аудандардың әкімдіктерімен 2017 жылы дәнді-дақылдар мен дәнді-бұршақты дақылдар егістіктерінің ауданын 815 мың гектарға дейін, майлы дақылдар – 14 мың гектарға дейін, азықтық – 51 мың гектарға дейін, картоп – 16 мың гектарға дейін және көкөністер егістігінің – 3500 гектарға ұлғайту бойынша пәрменді шаралар қабылданды, – деді облыс әкімінің орынбасары Шагурашид Мамалинов өз баяндамасында.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, егісті оңтайлы агротехникалық мерзімде өткізу үшін қолда бар техника жеткілікті. Облыста егін егу жұмыстары 15 мамырда басталмақ. Далаға 20 мың дана ауыл шаруашылығы техникасы шығарылады.
Қарағанды диқандарына жеңілдікпен 19 мың тонна дизельдік отын бөлінді. Биліктің көмегімен жанармай жеткізу мәселесі шешілді. Өсімдік өсіру мамандарын қолдау үшін 2 млрд. теңгеден аса субсидия қарастырылған. «Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау» бағдарламасы бойынша 391 млн. теңге бөлінді.
Кеңес барысында бірқатар проблемалар да қаралды. Облыс әкімі шалғай жатқан аудандардың ауыл шаруашылық тауар өндірушілері үшін тұйықтар беру бойынша теміржолшылардың қатысуымен жеке кеңес өткізуді тапсырды.
– Проблемалар туралы ашық айтыңыздар, – деді Ерлан Қошанов. – Шешім қабылдаймыз. Қажет болса, орталық органдарға шығамыз.
Нұрқанат ҚАНАФИН
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.