Көңілден шыққан қойылым

Театр ұжымы Қарқаралы халқын спектакльдерімен сусындатуда. Бұдан бұрын театр айлығы жарияланғанын хабарлаған едік. Бұл жолы көрермендерге салиқалы ой салып, қазақ қоғамында орын алған келеңсіз саяси оқиғаны шынайы кескіндеген – қазақ театр өнерінің майталманы, аңыз адам Атығай Шанин атындағы Қарқаралы халық театрының артистері болды.

Сахнадағы кейіпкерлер мен көрермендердің көңіл-күйлері өзара бір-бірімен астасып, спектакльді жасаушылардың шынайы кейпі, санадағы еркіндігі мен бет-бейнесі, ішкі жан-дүниесі бір-бірімен ұштасып жатты. Әу бастан маңдайына тағдыр соққысы жазылған қазақтың басындағы қасіретті шынайы сомдау әрі оны көрермендердің жүрегіне жеткізу тек кәсіби режиссер мен талантты сомдаушылардың қолынан ғана келетіні осы спектакльде анық байқалды.
Шым-шытырық, тарихи күрделі оқиғаны өз мәнінде, жоғары деңгейде сомдап шыққан театр әртістері көпшіліктің көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды. Сонау Қарағандыдан арнайы келген театр әртісі, кәсіби маман, қоюшы режиссер Сламбек Жұмағалидың еңбегі ерен. Сол кісінің дайындауымен шыққан спектакль көрермендер көңілінен шықты. Сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы «Қарқаралы халық театрының тарихы тереңде, жерлес апамыз Хабиба Елебекованың айтуынша «32 жылы, қуғын-сүргіннің кезінде 16-17-дегі қыз баламын, ел аштықтан қырылып жатқан тұста, халық сақшысы болған Жақсыберген Толымбеков деген кісі апайым екеуімізді қолымыздан жетектеп әкеліп, жұмысшылар жатақханасынан бөлме алып беріп, Қарқаралы халық театрына жұмысқа тұрғызған» деген естелігін өз аузынан естідім. Сол кезде де Қарқаралының мәдениет үйінде халық театры жұмыс жасаған. Міне, содан бергі рухани дәстүрді үзбей жалғастырып келе жатқан, ұрпақтың өнеріне куә болып отырмыз. Бұл нағыз ұрпақтар сабақтастығы» деп өзінің ризашылығын білдірді. Аудандық мәслихаттың хатшысы Сләмиден Нүркенов және аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Аслан Рахымбергенов, белгілі кәсіпкер Тілеужан Қазиева қойылымының сәтті шыққандығын, сомдаған кейіпкерлердің шынайылығына көрермен қауымның тәнті болғандығын айтып, алғыстарын білдіріп, сый-сияпаттарын табыс етті. Қойылымның сәтті шығуына еңбек сіңірген Аида Әбілқасымова, Жанат Садықов, Еркебұлан Уалханов, Елдос Шыңғысов, Диляра Ақан және суретші Сәкен Дәулетбаев, костюмер Әйгерім Мұздыбаева, әрлеуші Арай Хұснитденова болды.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.