Үй ішімен елге үлгі болғандар
Елімізде белгіленген Отбасы күнінде Бұқар жырау ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен “Үлгілі отбасы” аудандық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық тәрбиені жаңғырту, асыл мұрамыз болып сақталған ұлт қазынасын ұлықтау, бала тәрбиесіндегі ата-ананың, немере тәрбиесіндегі ата мен әженің рөлін көрсету және қоғамға үлгілі отбасыларды насихаттау болды.
Аудандық Мәдениет үйінде осы дәстүрлер мен құндылықтарды қастерлеп жүрген отбасылар арасында өткен бәсеке өте тартысты болып, олар барын салды.
Сайыс қорытындысында қазылар алқасының шешімімен Баймырза ауылынан келген Нұрдәулет Мырзақановтың отбасына 1-орын мен 400 мың теңгенің сертификаты, ал 2- орын алған Ботақара кентіндегі Ербол Қолғанаттың отбасына 300 мың теңгенің, 3-орын иегері Баймырза ауылында тұратын Мұрат Нұркеннің отбасына 200 мың теңгенің сертификаттары берілді.
Енді аудандық сында басқалардан озық көрінген Нұрдәулет Мырзақановтың отбасы облыстық “Үлгілі отбасы” байқауына барып,қатысатын болады.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Суреттер ұйымдастырушылардан