Бас тақырып

IT хаб ауылға бет бұрды

Аймақтық «Terricon Valley» IT хабы ауыл мектептерінің оқушыларына арналған тамаша жаңалықпен бөлісті. Террикондықтар өңірдегі ауыл балаларының әлеуметтік көшбасшылық бойынша білім беру курсынан өтуіне және Алматыда ашылатын инновациялық университеттің грант иегері атануына мүмкіндік бермек.

Алдымен InDrive халықаралық IT-компаниясының Вeginit әлеуметтік-білім беру жобасы жалпы білім беретін мектептердің оныншы сынып оқушылары арасында дарынды балаларды анықтайды. Білікті оқушыларға грант бөледі. Сондай-ақ, жаңа технологиялар саласындағы жаңашылдықты үйретіп, әлеуметтік кәсіпкерлікке баулиды. Әсіресе, робототехника секілді ғылымға терең үңілетін бағдарламашы мамандықтарына қызығушылығы бар оқушыларға көңіл бөлінеді. Осылайша аймақтағы IT хаб мамандары оқушыларды заманауи мамандықтарға қызықтырып, ауылда білім алатын балаларды жобаға тартпақ.

Тегін жобаға биыл ауылдық жерлердің оқушылары ғана емес, Қостанай, Павлодар, Өскемен, Тараз, Орал және оған іргелес облыстар да қатысады. Өңірлік кездесулер Astana Hub-тың қолдауымен өтеді. Осы ынтымақтастықтың арқасында барлық қатысушылар өңірлік хабтардың инфрақұрылымын тегін пайдаланады.

Beginit by InDrive әлеуметтік білім беру жобасының жетекшісі Елена Тропинованың айтуынша, бағдарламада кәсіптік бағдарға жіті мән берілген. Сондықтан жобаға тек мамандықты сәтті таңдауды ойлайтын балалар қатысқаны жөн.

– Өңірлерде өтетін турларда балалардың сұранысын ескеріп, қандай жобалар жетіспейтінін анықтайтын боламыз. Әлеуметтік жобалар мен оларды іске асыратын өңірлердің қысқа тізімін жасаймыз. Бұл абаттандыру, цифрлық компоненті бар жобалар – сайттарды, чат-боттарды, ақпараттық порталдарды әзірлеу. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың әртүрлі мәселелерін шеше алатын платформалар құру болуы мүмкін. Кейін жергілікті әкімдіктермен ынтымақтастық аясында жаңа жобаларды іске асыру жоспарлануда, – деді Елена Тропинова.

Beginit төрт кезеңнен тұрады. Алғашқысы – 600 адам қатысатын аймақтық тур. Екінші турға 300-ге жуық жоғары сынып оқушылары іріктеледі. Оқушыларға өз идеяларын жүзеге асыру үшін заманауи технологияларды қолдануға мүмкіндік беріледі. Үшінші тур лагерьде өтетіндіктен, оқушылар әлеуметтік көшбасшы ұғымымен танысады.

Жоба маусым айында фестивальмен аяқталады деп күтілуде. Алматыда құрылып жатқан inVision U by InDrive инновациялық университетіне үміткер ретінде жиырма финалист ұсынылып, үздік алты қатысушыға грант тапсырылады. Олар өздері білім алатын университетті қалауы бойынша таңдайды.

Айта кеткен жөн, Astana Hub – Орталық Азиядағы ең ірі IT-стартаптар технопаркі. Astana Hub қызметі ІТ-бизнес үшін экожүйе құруға, ІТ саласындағы таланттарды оқытуға және стартап-жобаларды дамытуға бағытталған. Astana Hub-тың жетекшілігімен Қарағандыда «Terricon Valley» жұмыс істеп тұр

Ал, inDrive – штаб-пәтері АҚШ-тың Калифорния штаты Маунтин-Вью өңірінде орналасқан көлік саласындағы қызметтерді көрсететін жаһандық платформа. Сондай-ақ, 175 миллионнан астам қолданушы жүктеген әлемдегі көлік шақыру бағытындағы ең танымал екінші қосымша.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button