«Іскерде» топ жарды

Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Іскер» арнайы сыйлығы иегерлерінің есімдері жарияланды. Марапаттау «Алтын сапа» ҚР Президенті сыйлығының және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінің лауреаттарын құттықтаумен қатар өтті. «Іскер» сыйлығын иеленгендердің арасында Қарағанды облысының екі кәсіпорны бар. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қарағандылық жүлдегерлер – «Galex Plus» Саран тігін-трикотаж фабрикасы және «ЕвразияИнвест Ltd» ЖШС құрғақ бие сүтін өндіру зауыты.

Сыйлық үміткерлері «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына қатысқанымен, лауреат және дипломанттар қатарынан көрінбеген ұйымдар арасынан таңдалады. Үміткерлерді іріктеуді алдымен комиссия жүргізеді. Содан кейін тізімді «Атамекен» ҰКП президиум төрағасы бекітеді.

Тағы бір қарағандылық кәсіпорын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша өткізілетін «Парыз» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Теміртау қаласының «Инкар-1» ЖШС «Үздік ұжымдық келісімшарт» номинациясында алтын мүсіншені иеленді.

«Парыз» байқауы Энергетика министрлігі, «Атамекен» ҰКП және Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен өткізіледі. Саран тігін-трикотаж фабрикасы Орталық Қазақстандағы ең ескі жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының бірі. Бүгінде кәсіпорын жаңғыртылған. Шеберлер Жапония, Германия, Қытай және басқа да елдердің қазіргі заманғы өнеркәсіптік құрылғыларымен жұмыс істейді. Фабрика 70-тен астам өнім түрлерін шығарады: формалық киімдер, мектеп формасы, жүн трикотаж бұйымдары және тағы басқалары.

«Евразия Инвест LTD» ЖШС өнімі – құрғақ бие сүті – елімізде де, шет елде де танымал. Компания Еуропа мен Азия елдеріне экспортқа бағытталған. Осакаров ауданында салынған зауыт, неміс кәсіпорнының тура көшірмесі. Бірақ, одан анағұрлым көлемдірек.

Барлық технологиялық құрылғылар мен материалдар Германиядан жеткізілген және әлемдік стандарттарға сай. Кәсіпорын тәулігіне 2,5 тонна бие сүтін өңдейді.

«Инкар-1» ЖШС металлургия, тау-кен саласы және цемент өндісіне арналған қосалқы бөлшектерді шығарумен айналысады. Кәсіпорында жүзге жуық адам жұмыс істейді. Өндіріс мамандары дуалды білім беру жүйесін дамытуда. Серіктестік Теміртау жоғары политехникалық колледжімен және GIZ Халықаралық серіктестік ұйымымен үш жақты келісім-шарт жасасты. Биыл өндіріс ошағында мамандарды қысқа мерзімді оқыту бойынша оқу орталығы ашылды.

 Өз тілшімізден.