Іргелі кәсіпорын іске қосылды

    Қазақ елінің қастерлі мерекесі қарсаңында Жезқазған қаласына қарасты Сарыкеңгір ауылдық округі аумағында жаңа кен өндіру орны ашылып, алтын кенін шоғырлы сілтісіздендіру құрылғылар кешені мен құрамында алтыны бар кенді өңдеуге арналған өндірістік модуль іске қосылды. Металлургтер шаһарынан 140 шақырым қашықтықтағы «Жалтырбұлақ» кен орнында өндірілген алтын кені заманауи күрделі технология тәсілдері арқылы шайылып, Шығыс Қазақстан облысындағы алтын қорытпа зауытына жөнелтіледі. Түпкі нәтижеде Жезқазған кенінен алынған Доре қорытпасы нарыққа жол тартып, мемлекеттік сұранысты өтейтін болады.

    Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы  талаптарымен үндесе қабысқан жаңа құрылғыны іске қосуға арналған салтанатты шараға Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов, «Жалтырбұлақ» АҚ филиалының директоры Сергей Верпата қатысты.

Тәуелсіздік туы желбіреген сәттен бергі кезеңде елімізде көптеген тың жобалар орнықты жүзеге асырылуда. Жалпы Қазақстанға тән жағымды үрдістерден Жезқазған қаласы ешқашан қалыс қалған емес. Ұлық мереке қарсаңында өтіп жатқан «25 жұлдызды күн» акциясы аясында өркен жайған өңірімізде тағы бір қуанышты оқиғаға куә болып отырмыз. Міне, бүгін ел дамуына қосар үлесі қомақты өндіріс нысаны іске қосылғалы тұр. Ол өз қуатына толық енгенде 150-ден астам адамды қамтитын жаңа жұмыс орындары ашылады. Ең бастысы, еңбеккерлерге қажетті барлық жағдай жасалып отыр. Жаңа кәсіпорын кен орнының төңірегінде орналасқан ауыл тұрғындарының тынысы кеңейе түсуіне де айтарлықтай сеп болады. Осының бәрі Елбасы саясатының Жезқазған аймағында орнықты жүргізіліп отырғанын айғақтайды, – деді нысанның ашылу рәсіміндегі өзінің құттықтау сөзінде қала әкімі Батырлан Ахметов.

      Алтын кенін шаю және өңдеу өндірісінің құрылыс жұмыстарына 3,4 миллиард теңге шығындалса, оның 2,4 миллиард теңгесі компанияның өз қаражаты есебінен жұмсалған. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 500 мың тоннадан 1 миллион тоннаға дейінгі кенді өңдеуге мүмкіндік береді. Түпкі өнімі Доре қорытпасының басты сатып алушысы – Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі.

    «Жалтырбұлақ» АҚ филиалының директоры Сергей Верпатаның сөзіне сүйенсек, болашақта өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту жоспары бар сыңайлы. Соған орай, алдағы жылы нарықтағы сұраныс деңгейі төмендемей, қазіргі таңдағы экономикалық ахуал қалыпты арнада болса, өндіріс ошағының іргесінен Доре қорытпасын құятын жаңа зауыттың құрылыс жобасын әзірлеу межеленген. Онда Жезқазған жерінде алтын кенін өңдеудің толық айналымы іске қосылатын болады.

     Кәсіпорын басшысы өндіріс жұмыстарына қажетті құрал-жабдықтар мен құрылғыларды тек отандық өнім өндірушілерден алатындарын, жұмысшылар құрамы Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының тұрғындарынан жасақталатынын да атап өтті.

      Компания кен өңдеу орнында жұмысшыларға арналған жатақхана құрылысын салып, оны талапқа сай жабдықтау жайын да мұқият ескерген. Жатақхананың екі, үш, төрт орынды бөлмелеріне жылу қазандық арқылы беріледі. Электр және телефон желілері тартылып, интернет жүйесі іске қосылған. Кең әрі жайлы асхана қалтқысыз қызмет атқарып тұр.

       Іргелі кәсіпорын басшылығының мәлімдеуінше, өндіріс орнындағы жұмысшылардың ең төменгі жалақы көлемі – 80 мың теңге, ал, жоғары жалақы деңгейі 250 мың теңгеден асып жығылады.

      Қысқасы, Арқаның құба жон, құла түзінде бой көтерген жаңа өндіріс ошағы болашақта халықтың берекелі тірлігіне берік негіз қалайтын кәсіпорынға айналады.

 

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.