Өңірдің өнертапқыштары жарап тұр
Кеншілер астанасында екі күн бойы өткен халықаралық робототехника чемпионатында Қарағанды облысы тағы да жоғары нәтиже көрсетті. Аймақ командасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленсе, Қостанай облысының өкілдері II орынға, ал Өзбекстан республикасынан келген қатысушылар III орынға тұрақтады.
Жалпы, биыл Қарағанды оныншы рет әлемнің түпкір-түпкірінен келген мықты робототехниктерге айқара есік ашып, оларды «RoboLand 2025» мерейтойлық халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалінде қарсы алды.
– Бүгінде «RoboLand» – Қазақстандағы білім беру робототехникасы бойынша ең алғашқы ірі жоба әрі техникалық шығармашылық пен жаңа технологиялардың ауқымды форумына айналды. Бұл іс-шара – жас инженерлер мен конструкторлар үшін тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар білім беру робототехникасының өзекті мәселелерін талқылауға арналған ашық диалогтық платформа, – деді фестивальдың бас төрешісі Есбол Әрінов.
Бұған дейінгі өткен тоғыз фестивальға Италия, Сербия, Грекия, Польша, Грузия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан жеті мыңға жуық команда қатысты. Жалпы 12 мыңнан астам қатысушы «Жастар» спорт кешенінің алаңында бақ сынады. Фестиваль жыл сайын үш мыңнан астам көрермен жинап, жарыстар онлайн трансляция арқылы да көрсетілді. Осылайша он жыл ішінде фестиваль өз ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу алаңына және жастар арасында техникалық шығармашылықты насихаттайтын маңызды іс-шараға айналды.
Жыл сайын жарыстың деңгейі артып, оған қатысушылар саны көбейіп келеді. Биылғы фестивальға 362 командадан тұратын 750 қатысушы қатысты. Олардың қатарында Болгария мен Ираннан келген жаңа командалар да болды.
Болгарияның Варна қаласынан келген Сергей Смынтына шәкірттері 9-13 жас аралығындағы балалар лабиринттері байқауына қатысатынын атады.
– Қазақстанда осындай ауқымды іс-шаралар өтіп жатқанын білмедік. Фестиваль керемет өтті. Осындай ерекше оқиғалардың қалай өтіп жатқанын көруге, тәжірибе жинауға, өзімізді көрсетуге және басқаларға жаттықтырушылар және бизнесмендер ретінде қарауға келдік. Өйткені бізде робототехника және бағдарламалау мектебі бар, – деді Сергей Смынтына.
Жалпы биылғы байқау тартысты өтті. Сонымен қатар жарыстың жаңа санаттары енгізілді. Robot mouse санаты бойынша кішкентай қатысушылар арасында Теміртау қаласының «Дельфинчик» бөбекжай-бақшасының жас бағдарламашылары жеңімпаз атанды. Fischertechnik санатында Осакаровка кентіндегі №9 гимназия базасындағы тірек мектебінің BitRobotics командасы үздік нәтиже көрсетті. Шығармашылық санаттарда Нұра ауданы, Тассуат ауылындағы Р. Қошқарбаев атындағы мектептің «Тассуат» командасы және Өзбекстаннан келген «Start Up» командасы жеңіске жетті.
«Садақ ату» бойынша Семей қаласындағы №15 мектептің RoboSoul командасы жеңімпаз атанса, жұптық теннис бойынша Қарағанды қаласындағы Қ. Нұржанов атындағы гимназияның «Гроза» командасы үздік шықты. Футболдан Орал қаласындағы «Сәулет» мектеп-лицейінің «SauletML» командасы жеңімпаз болды, ал кегельринг-квадро санатында Астана қаласындағы №8 мектеп-лицейінің RoboCom командасы бірінші орынға жайғасты.
Кедергілер жолағын ең жылдам еңсерген команда Бұқар жырау ауданы, Ростовка ауылындағы тірек мектебінің командасы болды. Әр деңгейдегі лабиринттер бойынша Жамбыл облысы, Мерке ауылындағы Т. Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназиясының «Ұлы Дала» командасы және Өзбекстаннан келген «Steam Land 2» командасы үздік нәтиже көрсетті. Су роботтарының лабиринті бойынша Саран қаласындағы №1 мектеп-лицейінің «Тұлпар 3» командасы жеңімпаз атанды.
«Үлкен саяхат» атты ең күрделі санатта Қарағанды қаласындағы М. Жұмабаев атындағы гимназияның өкілдері жеңіске жетті.
Жалпы Roboland-Kazakhstan санаты бойынша Көкшетау қаласынан келген Джон Сина командасы бірінші орынға ие болды. Квадрокоптерлермен кәсіби басқару қабілеттерін Теміртау қаласының «Baymax» жеке робототехника үйірмесінің Baymax командасы көрсетті.
«Робогеометрия» санаты бойынша Өскемен қаласынан келген «RoboVALLI» командасы және Қарағанды облысы, Ростовка ауылынан келген команда жеңіске жетті. Ал 3D-прототиптеу санатында Қостанай қаласындағы А.Горький атындағы гимназияның командасы шеберлігін дәлелдеді.
Robоland жас өнертапқыштардың дағдыларын көрсетіп, бейресми жағдайда сөйлесуге мүмкіндік берді. Балалар С. Сапиев атындағы Бокс орталығында өткен RoboLand Party ойын-сауық бағдарламасын ерекше ықыласпен тамашалады.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ