АймақАбай

Топарда түпкілікті тұрақтады

Жоғары білімді жас маман Нәзира Зиябек осыдан екі жыл бұрын «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша Топар кентінде орналасқан Абай ауданының орталық ауруханасына жалпы тәжірибе дәрігері болып қабылданып, осында түпкілікті тұрақтап қалды.

Суретті түсірген автор

Жалғыз Нәзира ғана емес, елімізде осы бағдарлама басталған 2009 жылдан бүгінге дейін сол бойынша Абай ауданына әр саланың 615 маманы келіп, жұмысқа орналасып, 276 адам бюджеттік несие алса, соның 36 пайызын денсаулық сақтау қызметкерлері құрайды екен.

– Солардың арасынан бізге жұмысқа орналасып, осы күнге дейін жұмыс істеп жүрген дәрігерлер мен медбикелер жеткілікті. Мәселен, жалпы тәжірибе дәрігерлері Гүлжайна Келес, Михаил Татищев, Әсем Қанатқызы, Нәзира Зиябек, Жазира Балғабек, кардиолог Хайрулла Ахмадалиев, тағы басқаларының алды осында бірнеше жыл еңбек етіп, отбасыларымен түпкілікті тұрақтаса, соңғы жылдары қосылған жас мамандар да солардың жолын қуып, бізде біржола қалуға бекінген, – дейді «Абай ауданының орталық ауруханасы» КМК директоры Айгүл Бәшекова.

Міне, осы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен аталған ауруханаға орналасқан Нәзира Зиябекті жұмыс орнынан тауып, оның да ойы Топарды тұрақты қоныс қылу екенін білдік.

– Мен мұнда келген екі жылдан аса уақытта мемлекетіміз бен үкіметіміздің жас мамандарға деген қамқорлығы мен көмегін көріп, анық сезіндім. 2023 жылдың қыркүйек айында келген бетте Абай ауданы әкімдігінен 365 мың теңге көтерме ақы мен үй сатып алуға 15 жылға 1 пайызбен 5 миллион 175 мың теңге несие беріліп, облыс әкімдігінен 5 миллион теңге бөлінді. Сол ақшаға Топар кентіндегі көпқабатты үйлердің бірінен 2 бөлмелі пәтер сатып алып, қазір отбасымызбен сонда тұрып жатырмыз, – дейді Нәзираның өзі.

Нәзираның айтуына қарағанда, ол қазіргі Түркістан облысы, Сайрам ауданының Ақсукент ауылында туып-өсіп, сондағы Абылайхан атындағы орта мектепті 2013 жылы үздік бітіреді де, сол жылы оқуға бармай, бір жыл дайындалып, келесі жылы Қарағанды медицина университетінің жалпы медицина факультетіне түседі.
Отбасында жалғыз бала болған оның бала күннен арманы ақ халатты дәрігер болу еді. Бұл мамандықты қалауына ұзақ жылдар Манкент санаторийінің балшықпен емдеу бөлімінде медбике болып еңбек еткен анасы Баянның да ықпалы аз болмады.

Университетте оқып жүріп, 2018 жылы жерлесі Мейірбек деген жігітке тұрмысқа шығып, осындағы 5 жыл оқуын аяқтаған ол екіжылдық интернатураны Астана медициналық университетінде жалғастырады. Оны бітірген Нәзира одан әрі резидентурада бір жыл оқып, оны толық аяқтауға үлгермеген. Өйткені, бұл екі аралықта Көркем, Мәруа, Сафа есімді балалары дүниеге келіп, өзі Астана қалалық емханасында мамандығы бойынша істеп жүрген.

Сол кезде өзінен бұрын Топар кентіне қоныс аударып, осындағы аудандық ауруханаға жоғарыдағы бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқан құрбысы Жазира Балғабектің шақыруы сеп болып, бұл да бағын сынап көруді ойлаған.

Осы шешіміне қазір еш өкінбейді де. Мұнда басшылық оны жақсы қарсы алып, қызмет те беріліп, баспаналы да болды. Жұбайы Мейірбекке де көршілес Қарабас станциясынан теміржолшы кәсібі табыла кетті. Екі баласының алды мектепке барып жүр.

Қысқасы, мемлекетіміздің жас мамандарды қолдауға арналған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының шапағаты мен игілігін көріп отырған Нәзира Зиябек бүгінгі өміріне риза.

– Осы екі жылдан аса мезгіл ішінде бұл кентке үйреніп, сіңісіп кеткендейміз. Жері де, елі де жақсы. Өзім жалпы тәжірибе дәрігері болып істейтін учаскемде тіркелген 1606 адамның денсаулығы менің күнделікті бақылауымда. Шүкір, олардың арасында қауіпті, жұқпалы аурулар жоқ. Олар да маған қаралып, ем алған сайын жылы қабақ танытып, алғыстарын жаудырып жатады. Сондықтан, енді Топардан ешқайда көшкіміз келмейді. Амандық болса, алдағы уақытта резидентураға қайта түсіп, аяқтап алсам деген ойым бар, – дейді сөзінің соңында білікті дәрігер Нәзира Зиябек.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай ауданы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button