ЖаңалықтарАймақБалқашБас тақырып

Балқаш жағалауында жаңа «112» құтқару станциясы ашылды

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге Балқаш көлінің жағалауындағы Торанғалық кентінде жаңа «112» құтқару станциясының ашылу рәсіміне қатысты.

Суреттер ТЖД

Жаңа нысан туристер көп шоғырланатын жағалаудағы демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл аумақта 20-дан астам демалыс орны орналасқан.

Балқаш қаласынан 43 шақырым қашықтықта орналасқан станция тәулік бойы жұмыс істеуге және іздестіру-құтқару операцияларын жүргізуге қажетті заманауи техникамен жабдықталған. Оның құрамында жедел-құтқару автокөлігі, қайық, байланыс құралдары мен арнайы жабдықтар бар. Құтқарушылар үшін қызмет атқаруға және демалуға қолайлы жағдай жасалған.

Станция аумағында бақылау мұнарасы, пирс, воркаут алаңы, беседка және мангал аймағы қарастырылған. Ғимарат ішінде әкімшілік кабинет, ас үй, душ бөлмесі, санитарлық торап және демалыс бөлмесі орналасқан.

Шыңғыс Әріновтің айтуынша, жаңа бөлімшенің ашылуы төтенше жағдайларға ден қою уақытын айтарлықтай қысқартады. Бұған дейін жағалаудағы қауіпсіздікті Балқаш қаласындағы құтқарушылар қамтамасыз етіп келген. Жаңа станцияда 12 қызметкер жұмыс істейді, әр ауысымда үш құтқарушы кезекшілік атқарады.

Салтанатты шара барысында министр үздік қызметкерлер мен жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан азаматтарды ведомстволық наградалармен марапаттап, жаңа станция мен арнайы техниканың символикалық кілттерін табыстады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button