Білім

ҰБТ: шынайылық пен әділдіктің ара-жігі

Қазақстандағы ұлттық бірыңғай тестілеу білім беру жүйесіндегі ең маңызды бөлік. ҰБТ тек мектеп бітірушінің емтиханы ғана емес, оның болашақ мамандығына, жоғары оқу орнына түсуіне, тіпті, өмірлік бағытына әсер ететін маңызды сынақ. Сондықтан, бұл жүйеге деген талап әрдайым жоғары. Әсіресе, тестілеу кезеңінде әділдік, шынайылық, дайындық сапасы және жекеменшік білім беру орталықтарының рөлі туралы пікірталастар қоғам арасында күшейе түсуде.

Сурет ҰБТ орталығының парақшасынан

2026 жылғы ҰБТ басталғалы бері жоғары нәтиже көрсеткен оқу­шылар қоғам назарын ерекше аударды. 10 мамыр мен 26 мамыр аралығында 8 оқушының максималды 140 балл жинауы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Бір тарап мұны оқушылардың табандылығы мен жүйелі еңбегінің нәтижесі деп қабылдаса, екінші тарап «Осындай нәтижеге шынайы жолмен жету мүмкін бе?» деген күмән келтіреді. Бұл жағдай Қазақстандағы білім беру жүйесіндегі ең өзекті сұрақтардың бірін қайта көтерді: ҰБТ қаншалықты әділ өтуде және жоғары балл шынайы білімнің көрсеткіші ме?

ҰБТ алғаш енгізілген жылдардан бастап, қоғамда оған қатысты екі түрлі көзқарас қалыптасты. Біріншісі, тестілеуді білімді бағалаудың тиімді әрі ашық жүйесі деп санайды. Өйткені, тест барлық оқушыға бірдей талап қояды. Тест арқылы бағалауда мұғалімнің субъективті пікірі әсер етпейді және нәтижелер автоматты түрде шығарылады. Екінші көзқарас бойынша, тестілеу оқушының толық білімін көрсете алмайды, кей жағдайда механикалық жаттауға немесе тест шешу техникасына тәуелді етеді. Соған қарамастан ҰБТ Қазақстандағы ең негізгі бағалау жүйесі болып қалып отыр.

Қазіргі кезде мемлекет ҰБТ-ның ашық әрі әділ өтуіне ерекше назар аударып келеді. Тестілеу орталықтарында камералардың орнатылуы, металл іздегіштердің қолданылуы, смартфон мен шпаргалкаға қатаң тыйым салынуы – соның дәлелі. Соны­мен қатар кейінгі жылдары бейнежазбаларды қайта тексеру тәжірибесі енгізілді. Яғни кез келген уақытта бейнежазбаны қайта тексеру кезінде оқушының тәртіпті бұзғаны байқалса, бұл оның нәтижелерінің өшуіне әкеледі. Мұндай шаралар қоғамдағы сенімді арттыру үшін қажет.

Жоғары балл жинаған әр оқу­шыға күмәнмен қарау дұрыс емес.
140 балл мүмкін емес нәтиже емес. Соңғы жылдары Қазақстанда білімге деген бәсеке күшейді. Көптеген оқушылар бірнеше жыл бойы тұрақты түрде дайындалады, қосымша әдебиеттер оқиды, онлайн платформаларды қолданады, күн сайын сынама тесттер шешеді. Кейбір оқушылар күніне бірнеше сағат бойы тек ҰБТ-ға дайындықпен айналысады. Мұндай еңбек міндетті түрде нәтиже береді. Сондықтан жоғары балдың артында үлкен тәртіп пен табандылық жатқанын да мойындау қажет.

ҰБТ төңірегіндегі тағы бір айт­пай кетпесе болмайтын мәселе – жекеменшік дайындық курстарының ықпалы. Қазіргі таңда Қазақстанда ақылы білім беру орталықтарының саны айтарлықтай артты. Әсіресе ірі қалаларда ҰБТ-ға дайындайтын орталықтар үлкен индустрияға айналды. Көптеген ата-аналар балаларын «Достық», «Самға», «125» секілді ақылы мектептерге, оған қоса тағы «JUZ40», «Тарих мектебі», «Зерделі» секілді бірнеше курсқа қатар береді, себебі, жоғары балл жинаудың бас­ты жолы – қосымша дайындық деп есептейді. Қоғамда «Бұл мәселе орта мектептегі білімнің сапасына көлеңкесін түсіріп тұрған жоқ па?» деген сұрақ туғызып жатыр.

Қазақстанның бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бұл мәселеге қатысты маңызды пікір білдірген болатын. Оның айтуынша, қосымша білім беру орталықтары белгілі бір деңгейде көмектескенімен, негізгі еңбек мектеп мұғалімдеріне тиесілі екенін айтты. Бұл пікірдің астарында үлкен мағына жатыр. Шынында да, мектеп тек ҰБТ-ға дайындайтын орын емес. Мектеп баланың тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Оның базалық білімін мектеп қалыптастырады.

«JUZ40» онлайн білім беру орталығының қызметкері ретінде айтар болсам, мектептің білімі ҰБТ-ны жоғары балға тапсыруға көмектесе алмайды. Қазіргі таңда әрбір екінші оқушы қосымша курс алады. «JUZ40», «Зерделі» секілді курстар жоғары нәтиже көрсетіп жатқан оқушыларға курста оқуға жеңілдік, жоғары оқу орындарында оқуға грант беріп, оларды жігерлендіріп жатыр.

Олардың негізгі мақсаты – тест нәтижесін көтеру. Олар көбіне нақ­ты форматпен жұмыс істеуге үйретеді. Курстарда жиі кездесетін тапсырмалар талданады, тест шешу техникасы үйретіледі, уақытты басқару жолдары көрсетіледі. Бұл, әрине, пайдалы. Себебі, көптеген оқушылар мектеп бағдарламасын білсе де, тест форматына бейімделмеген болуы мүмкін. Курстар осы осалдықтың орнын толтырады.

Сонымен қатар, жекеменшік орталықтардың психологиялық әсері де маңызды. ҰБТ алдында көптеген түлектер күйзеліске түседі, өзіне сенімсіз болады. Ал, курстарда мотивациялық жұмыстар, тұрақты бақылау және жиі жай-күйін бақылау үшін сауалнамалар ұйымдас­тырылады. Бұл оқушының психологиялық қысымға түспеуіне көмектеседі. Кей жағдайда курс мұғалімдері оқушыға мектептегі мұғалімнен де жақын болып кетеді, себебі олар тек балл үшін емес, бала үшін жұмыс істейді.

Қарағанды облысының тестілеу орталығы мәліметінше, 2026 жылы нағыз ҰБТ-ны тапсыруға 10755 адам өтініш тастаған. Екі мүмкіндікті қатар есепке алатын болсақ, 19624 өтініш қабылданды. Бұл тек Қарағанды облысы бойынша статистика. Қазақстан бойынша, ҰБТ тапсыруға 240000 түлек өтініш тастаған. Әрине, 240000 түлектің барлығы грантқа түсе алмайды. Жыл сайын талапкерлер саны артып, мемлекеттік грантқа бәсеке жыл сайын күшейіп жатыр.

Бұл жерде туындайтын тағы бір маңызды мәселе оқушылардың мектепті екінші орынға қоюы. Егер оқушы барлық үмітін тек курсқа артса, онда мектептің тәрбиелік және білімдік рөлі әлсіреуі мүмкін. Сондықтан, мектеп пен курсты бір-біріне қарсы қою дұрыс емес. Екеуі бірін-бірі толықтыруы керек. Мысал ретінде, «JUZ40», онлайн курсы мен Қызылорда қаласындағы №127 Ш.Уәлиханов атындағы лицейді көрсетуге болады. 127 мектеп оқушысы Алтынсары Кәусар Ұлттық Бірыңғай тестілеуді тапсырып, максималды 140 балл иегері атанды. Оқушы соңғы екі жыл бойы, яғни 10-11 сынып бойынша JUZ40 онлайн курсында қосымша білім алған. Екі білім беру орталығы бір-бірін құттықтап, әлеуметтік желіде сыйлықтармен, Алғыс хаттармен алмасқанымен бөлісіп жатыр. Бұл «сен, мен» деп жарысу емес, екі жақтың да тең болуы және оқушының еңбегін бірінші орынға қоюдың үлгісі.

Шын мәнінде, жоғары нәтиженің негізі мектепте қаланады. Егер оқушыда 5-10 жыл бойы қалыптасқан базалық білім болмаса, бірнеше айлық дайындық үлкен нәтиже бере алмайды. Курстар тек сол білімді жүйелейді, бекітеді және тест форматына бейімдейді. Сондықтан, ҰБТ-дағы жетістік – ең алдымен оқушының ұзақ жылдық еңбегінің нәтижесі.

Мәжіліс депутаты Ерболат Сау­рықовтың айтуынша, «Егер тестілеудің орнына барлық түлектерге жалпы сауаттылық деп диктант алатын болсақ жүз мыңдаған жазуды кім тексереді, әрі қаншалықты әділ тексереді, қайтадан жазып алып кел деген адами фактор орын алмай ма?» деген пікірін білдіріп отыр. Америка Құрама Штаттарында оқушының шығармасының мазмұны мен сауаттылығын жасанды интеллект арқылы тексеру тәжірибесімен бөлісті. Жасанды интеллект объективті түрде әр оқушының жұмысын тексеріп қана қоймай, адамдардың жұмысын жеңілдетеді. Бұл жасанды интеллектіні қолданудың ең дұрыс жолы.

Ділназ ҚАППАРОВА,
ҚарҰЗУ-дың II курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button