Ресми

Өңір тынысында өрлеу бар

Ақтоғай аудандық мәдениет үйінде аймақ басшысы Салтанат ӘБЕУОВАНЫҢ тұрғындар алдындағы есепті кездесуі өтті. Кездесуге облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Халел МАҚСҰТОВ қатысты.

Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде баяндап, тұрғындарды алаңдатқан бірқатар сауалдарға жауап берді. Оның айтуынша, өткен жыл экономиканың барлық жетекші салалары бойынша аудан үшін берекелі болған. Өңір тынысында өрлеу бар. Көрсеткіштер – көшелі, өсім – еселі.

Былтыр аудан 68 млрд. 380 млн. теңгенің өнеркәсіптік өнімін өндірген. Өндіріс көлемінің өсуіне кәсіпкерлікті қолдау мемлекеттік бағдарламалары арқасында қол жеткізілген. Ауданның инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көлемі 16 млрд. 415 млн. теңгені құраған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылы «KnSai» ЖШС арқылы құны 10 млн. теңге тұратын жартылай фабрикатты ет өнімдерін өндіру цехын іске қосу арқылы жалғасын таппақшы. Сондай-ақ, Айыртас ауылдық округінде «БәйтерекАгро» ЖШС, «Ерасыл» шаруа қожалығы бастамасымен жалпы құны 81,9 млн. теңгені құрайтын ет бағытындағы жылқы шаруашылығы құрылып, Қызыларай ауылында «Ерасыл» шаруа қожалығы 300 бас ірі қара, 50 бас жылқы малына арналған бордақылау алаңы салынады деп көзделуде.

Үстіміздегі жылы «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы кең ауқымда іске асырылатын болады. Аталған жоба аясында Ақтоғай ауылы мен Шашубай кенті бойынша 518 млн. 300 мың теңгеге 11 жоба мақұлданып, қаржы қарастырылған.

Ауданда жұмыссыздықпен күрес қарқын алып келеді. Есепті кезеңде 560 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылған, 69 жас түлек Жастар тәжірибесіне жіберілген. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасының бағыттары бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 98 адам жолдама алып, кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру мақсатында өз ісін ашу мен дамыту үшін 99 адамға несие, 95 адамға мемлекеттік грант берілген.

Аудан экономикасының үлкен саласының бірі – құрылыс саласы. Өңірдегі құрылыс жұмыстарының көлемі 8 млрд. 167 млн. теңгені құрады. Өткен жыл ішінде 31 отбасы баспанамен қамтамасыз етілсе, 2020 жылы 20 пәтердің кілті тапсырылатын болады.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы шағын және орта бизнес, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік, санитарлық тазалық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы, мәдениет, ішкі саясат және жастар саясаты салаларындағы оң нәтижелер туралы егжей-тегжейлі сөз қозғады.

Кездесу барысында тұрғындардың сұрақтары мен талап-тілектеріне кезек берілді. Ауыл тұрғындары атынан сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәкітай Сыздықов электр қуатын беру сапасы сын көтермейтіні, Ақтоғай-Балқаш, Ақтоғай-Қарағанды бағытында заман талабына сай автобус шығару, ауылдың сұрқын алып тұрған екі қабатты үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу жайлы ұсыныстарын ортаға салды. Тұрғындар ауылдың абаттандырылуы, санитарлық тазалық мәселесін қозғап, сауда орталығы, асхана салу туралы пікірлерін білдірді. Әр сауалға нақты әрі қанағаттанарлық деңгейде жауап берілді.

Жиында халықтың қоғам тынысына бейжай қарамайтыны байқалды. Өйткені, өтініш-тілектердің дені жалпыға ортақ, қоғамдық маңызға ие мәселелер жүгін арқалаған.

Кездесу қорытындысында аудан әкімінің қызметіне қанағаттанарлық деген баға берілді.

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button