Жаңалықтар

Инновация кілті – ғылымда

Қарағанды ғалымдары өңірдің өндірістік әлеуетін өрістету жолында еңбек етуде. Жақында ғана Пархоменко атындағы Қарғанды машина жасау зауытында галлуазитті нанотүтікшелерден тұратын тоттануға қарсы жабындарды өндіру орны ашылды. Бұл жобаны Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің бір топ ғалымдары жасап шығарған болатын.

Бұл бірегей жобаны жүзеге асыруға ҚарМТУ-дың бірінші проректоры, профессор А.Исағұлов, «Металлургия, материалтану және нанотехнология» кафедрасының доценттері, техника ғылымдарының кандидаттары С.Квон мен В.Куликов, «Нанотехнология және металлургия» кафедрасының аға оқытушысы Е.Щербакова, осы кафедраның оқытушысы Д.Әубәкіров, «Кәсіпорын экономикасы» кафедрасының доценті, экономика ғылымдарының кандидаты К.Тәжібекова және басқалары еңбек сіңірді.

– Қазақстан галлуазитті саз балшықтың бай қорына ие. Аталған саз балшық арнайы өңделгеннен кейін галлуазитті нанотүтікшелердің табиғи көзіне айналады. Металл конструкцияларын тот басудан қорғайтын отандық өнімді ойлап табу мақсатында осы саз балшықты қолдандық. Бұл галлуазитті нанотүтікшелер шетелдік баламаларынан анағұрлым арзан және пайдалану мерзімі де айтарлықтай ұзақ. Мәселен, қолдан жасалған нанотүтікшелермен салыстырғанда жарамдылық мерзімі 20-30%-ға жоғары. Қазақстан нарығында жаңа өнімнің баламасы жоқ,– дейді профессор Аристотель Исағұлов.

Мамандардың айтуынша, қазіргі қолданыстағы спрей немесе сұйық түріндегі тоттануға қарсы жабындар да айтарлықтай тиімді болғанымен, олардың белсенді заттарды бақылайтын және өздігінен қалпына келетін қасиеттері жоқ. Ал, бұл қасиеттерге ие жаңа өнім беріктік пен жабынның ұзақ қызмет етуін қамтамасыз етеді.

Жобаны жасауға зерттеушілер бірнеше жылын арнаған. Жұмыстар Білім және ғылым министрлігінің «Ғылым қоры» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асуда. Жобаның жалпы қаржылық құны 170 млн. теңге. Оның 150 млн. теңгесі «Ғылым қоры» АҚ тарапынан бөлінген болса, қалған соманы «Пархоменко атындағы Қарағанды машина жасау зауыты» ЖШС өз қалтасынан шығарып отыр. Жүзеге асырылу мерзімі – 3 жыл. Жоба өткен жылдың басынан бастау алған, қазір тексерістің маңызды кезеңінде. Тәжірибе жасау учаскесін ашу арқылы жыл соңына дейін өнім алуды жоспарлауда. Зауыт жылына 35- 40 тонна дайын ерітінді жасап шығаруға қауқарлы. Ал, келесі жылы зерттеушілер технологияны кемеліне жеткізіп, түрлерін арттыру бойынша еңбек ететін болады.

Галлуазитті саз балшық әуелде тұрмысқа қолданылып келген. Өткен ғасырдың 50- ші жылдарында галлуазитті зерттей келе, ғалымдар оның бөлшектерінен түтікшелерді байқаған. Тек 1990 жылы ғана саз балшықтың диаметрі 40-200 нанометр болатын нанотүтікшелерден тұратыны анықталған. Бұл нанотүтікшелердің құрамында алюминий, оттегі, кремний және сутегі бар. Сондықтан, ол металл бұйымдарды қоршаған ортаның түрлі әсерінен болатын тот басу процесін азайтып, тоттануға қарсы қасиетін бірнеше есе арттыратын қасиетке ие. Қазақ жерінде кеңінен кездесетін осы бір саз балшықтың осы бір қасиеттерін пайдалану өндірістің дамуына біршама үлес қосады. Өз жерімізде жатқан табиғаттың берген байлықтарын дамудың жаңа мүмкіндіктеріне пайдалану арқылы университет ғалымдары жиырмадан астам халықаралық журналдарда галлуазит жайлы зерттеулер жариялады және жалпы қазақстандық және еуропалық 12 патенттің иегері атанды.

Қазірдің өзінде өнімге сұраныс берушілер қатарында «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС, «Имсталькон» АҚ, «АрселорМитталТеміртау» АҚ сияқты ірі кәсіпорындар, сонымен қатар, машина жасау, құрылыс, энергетика, металлургия салаларында жұмыс жасайтын кәсіпорындар, әскери-өндірістік кешендер және металл бұйымдар қолданатын тұтынушылар бар.

Жобаның ашылу салтанатында «Ғылым қоры» АҚ президенті Ә.Сұлтанғазин, облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғ.Жұмасұлтанов, «Пархоменко атындағы Қарағанды машина жасау зауыты» ЖШС директоры В.Сурина қатысты.

 – Бұл орынның ашылуы – ҚарМТУ ғалымдары мен Пархоменко атындағы машина жасау зауытының бірлескен еңбегінің нәтижесі. Бұл жоба еліміз бойынша алтыншы, ал, Қарағанды облысы бойынша үшінші саналады. Осындай барлығы тоғыз жоба жоспарланған. Қазір алдымызда тұрған басты мақсат – өндірістің дамып, жаңа жұмыс орындардың ашылу мен сапалы өнім шығару,– деді «Ғылым қоры» АҚ президенті Әнуарбек Сұлтанғазин.

 Тот басу – кез келген металл бұйымның басты жауы екені белгілі. Ғалымдардың бірлескен еңбегі бұл мәселенің тиімді шешімін табатын болады.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button