Жаңалықтар

Инфрақұрылым жетістігі жеңіске бастайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға ерекше мән беріп, осы саладағы заңнаманы жаңарту қажеттігін баса айтқан болатын. Сонымен қатар, спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру нысандарының қолжетімділігі мен дамуына ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді. Президенттің спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бастамаларының нәтижесінде кейінгі алты жылда өңірде 506 спорт ғимараты пайдалануға беріліпті.

Алты жыл ішінде ел игілігіне берілген ірі спорт нысандарының ішінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, бассейні бар спорт кешендері, футбол манеждері, жабық хоккей корттары мен фитнес орталықтары бар. Одан бөлек, 401 алаң мен 82 корт салынған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 21 спорт нысаны бой көтеріпті.

– 82 спорт объектісіне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ол үшін бюджеттен 5 млрд 692,7 млн теңге бөлінген. 2021 жылы дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері ашылды. Спортшыларды медициналық бақылауға алып, оңалту жұмыстарын жүргізіп отырады. Бүгінде спортшылардың нәтижесі де жаман емес. Парижде өткен паралимпиада ойындарында парадзюдо және жеңіл атлетикадан екі қола жүлде бұйырды. Үстел теннисінен жасөспірімдер арасында Тунисте өткен әлем чемпионатында Алан Құрманғалиев тарихи алтынды алып келді, – деді дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандары.

2021 жылы Ұлттық спорт түрлері бойынша қауымдастық құрылып, құрамына ат спорты бойынша алты федерацияны енгізген. Және сол жылы балалар мен бұқаралық спортты дамыту орталығы да ашылғанын айта кеткен жөн.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының дерегіне сүйенсек, өңірдегі спорт ғимараттарының саны бүгінде 1301-ге өсіпті. Оның 313-і – ауылдық жерлерге тиесілі. Былтыр төрт ірі спорт нысаны пайдалануға берілген. Атап айтсақ, Бұқар жырау ауданының Қарақұдық және Ғ.Мұстафин кентінде, Абай ауданының Топар кенті мен Ақтоғай ауданы Сарышаған кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған. Топардағы кешен – 100 орындықты. Оның құрылысына бюджеттен 720,7 млн теңге бөлініпті. Кент тұрғындары үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Қажетті спорттық құралдар да жеткілікті. Ал, Сарышағандағы кешеннің сыйымдылығы – 150 орындықты. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Пайдалануға биыл беріледі деп жоспарлануда. Бұл кешеннің құны – 1,5 млн теңге. Ғ.Мұстафиндегі жаңа кешен – 320 орындықты. Кешенді құруға 1 млрд 256 млн теңге бөлінген. Одан бөлек, өңірде жасанды жабыны бар 49 спорт алаңы және 11 көпсалалы хоккей корты орнатылды. Былтыр жалпы сомасы 862 млн теңгеге өңірдегі 26 спорт нысаны жөнделген. Оның 14-і – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған нысандар.
Басқарма басшысы Серік Сәпиев «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің қызметкерлерімен кездесуінде облыс орталығында келешекте бірнеше спорттық нысан салу жоспарда тұрғандығын баса айтқан еді.

– Майқұдық пен Қарағанды арасында үлкен спорттық кластер ашылады. Бұл – алдағы күннің еншісіндегі дүние. Сонымен қатар, заманауи футбол стадионын, мұз сарайын салуда жоспарлануда. Онда шорт тректен және коньки спортының бірнеше түрінен турнирлер өтеді. Әрі балалар да осы жерге жаттығуға келеді. Қазіргі уақытта аймақ бойынша спорттық мектеп-интернаттары жеткілікті. Бірақ, келешекте колледж интернатын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл – өңір спортын дамыту жолындағы маңызды қадам, – деді.

Былтыр өңірде төрт спорт нысанының құрылысы басталған еді. Биыл ондағы жұмыстар толық аяқталып, жоспарға сай ғимарат пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл қатарда салынып жатқан ең ірі кешен – Приозерск қаласында. Кешеннің сыйымдылығы – 210 орындықты. Құрылыс жұмыстары үшін бюджеттен 877,7 млн теңге бөлініпті. Ақтас кентінде де дәл осындай жаңа кешен бой көтермек. Сыйымдылығы – 150 орындықты. Дегенмен, бұл кешеннің құрылысы – 1 млрд 164,8 млн теңге. Қарағайлы кентіне де жаңа кешеннің құрылысы жүргізілуде. 150 орындықты кешен үшін бюджеттен 518,1 млн теңге жұмсалған. Одан бөлек, Қарқаралыда құны 356,8 млн теңге болатын жаңа стадионның құрылысы жүргізілуде.

– Одан бөлек, былтыр тағы төрт жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған. Биыл толық ашылып, ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Қарқаралының Көктас ауылына жаңа кешен салынуда. Ол үшін республикалық бюджеттен 300 млн теңге бөлінген. Бұқар жыраудағы Қушоқы ауылына да құны 330 млн теңгелік кешен салынуда. Ал, Ақсу-Аюлы мен Осакаровка кентіне жаңа бассейннің құрылысы жүргізілуде. Ол үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Және басқарма қарамағындағы ұйымдардың 13 спорттық базасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін бюджеттен 293,1 млн теңге бөлінеді, – дейді басқарманың баспасөз қызметі.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button