Індетпен күресте шығынсыз шығу үшін…

Қарағанды және онымен  қанаттас төрт қала – Саран, Абай, Шахтинск, Теміртау наурыздың 30-ынан бері карантинде тыныстап тұр. Қоғамдық маңызы зор һәм мәнді шектеулер қойылды. Бірақ, індет мұны місе тұтар емес. Ашығын айтқанда, ахуал карантинді қатаңдатуды талап етіп отыр. Географияға қарамайтын індеттің мысықтабандап, қай тұстан тарпа бас саларын  болжау – әсте мүмкін болмай келеді. Сол себепті, бүгіннен бастап Қарағанды аумағында карантин режимі күшейтілді. Дәлірек айтқанда,  2020 жылғы 7 сәуірдің 00:00 сағатынан Қарағанды облысының карантиндік аймағына кіруге және одан шығуға тыйым салынады.  Індеттің қазіргі күшті екпіні осындай күрт шараларды қабылдатты. Карантин жарияланса да, жағасы жайлауда жүрген кейбіреулер індеттен келер кесапатты әлі ұғынар емес. Ал, осы күннен күшіне енген қатаң ережелер мұндай немқұрайдылық пен жауапсыздықтың жолын біржола кеседі. Тыңдамайтынды заңмен тыяды. Індетпен күресте шығынсыз шығу үшін…

ЕРЕКШЕ ТӘРТІПТЕ ҚАНДАЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕР?

 Карантиннің ерекше тәртібі Қарағанды, Абай, Саран, Теміртау және Шахтинск қалаларында, Бұқар жырау ауданының бірнеше елді мекендері – Доскей, Үштөбе, Ботақара, Көкпекті, Ғабиден Мұстафин атындағы ауыл және Петровкада енгізіледі. Қарағанды аймағында күшейтілген карантин режимінің талаптары туралы облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Асқаров тікелей эфирде облыс жұртшылығын құлағдар еткені мәлім.

Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, жоғарыда аталған елді мекендердің тұрғындарына үйінен бейсауат шығуға тыйым салынады. Тұрғындарға тек жұмысына барып-келуге, 1500 метр қашықтықтан аспайтын азық-түлік дүкеніне, дәріханаларға, шұғыл жағдаймен медициналық ұйымдарға баруға, үй маңынан 500 метрден аспайтын радиуста үй жануарларын серуендетуге, тұрғылықты маңайынан ғана жанармай сатып алуға рұқсат етіледі. Мұнда қалалар мен аудандардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметтер ғана жұмысын жалғастырады. Ал, басқа барлық ұйымдар қызметі тоқтатылды. Кәсіпорындарға қызметкерлерді дезинфекцияланған қызметтік көлікпен ғана жеткізуге рұқсат. Қоғамдық көлік те тоқтайды.

Сондай-ақ, сауда және дәріхана объектілеріне барғанда, жұмыс орындарында бір-бірінен екі метрден кем емес арақашықтықты сақтауы тиіс. Көшеде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топпен жиналуға, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ересектерсіз жүруіне тыйым салынады. 65 жастан асқан адамдар аса қажет болғанда ғана көшеге шыға алады. Жерлеу рәсімін өткізу кезінде екі метрден кем емес арақашықтықты сақтай отырып, 10 адамнан артық жиналуға жол берілмейді. Банк филиалдарының жұмыс уақыттары сағат 10:00 бастап 16:00-ге дейін шектеледі. Карантин аймағы шегінде инкассаторлар, техникалық қолдау көрсету инженерлерінің ғана жүріп-тұру құқы бар. Облыс аумағында барлық авто және теміржол вокзалдары, әуежайлар жұмысы тоқтады.

Мұның сыртында облыстағы өзге де қалалар мен аудандар әкімдері карантиндік шектеу талаптарын орындауға міндетті. Жергілікті әкімдер, нақтылап айтқанда, тұрғындардың қозғалысына, дезинфекцияның күшейтілуіне, қоғамдық көпшілік орындардың жабылуына қатысты тәртіптің бұлжымай орындалуын баса қадағалуы тиіс. Осындай қатаң шаралар арқылы ғана індеттің таралуын тыю мүмкіндігін атайды мамандар.

ДҮНИЕ ДЕМІН ІШІНЕ ТАРТҚАН…

КВИ-ге шалдыққандардың саны дүние жүзінде өсіп барады. Көрсеткіштер күн сайын көбейіп келеді. Бұл шаралардың барлығы – жергілікті атқарушы биліктің жіті бақылауында. Әлемдегі алпауыт мемлекеттердің әйдік шаһарларының өзі қаңырап бос қалып  жатыр. Дүние демін ішіне тартып тұр. Қытайдың тәжірибесі, өзге елдердің ұстанымы – карантин талаптарын берік ұстану арқылы індетті жеңуге болатынын айғақтады. Жеңіске апарар бірден-бір жол – оқшаулану екенін көрсетті. Бұл күрес – жалқының күресі емес. Не Үкіметтікі, я дәрігер мен полицияныкі емес. Дәрігерлер қауымы үйінен безініп, 24 сағат науқастардың қасында. Індет шыққаннан бері үйіне ат ізін салмай жүр бұл адамдар. Оңай емес. Індетті жұқтырудың ең жоғары тәуекелі де соларда. Бірақ, солай екен деп, олар сын сағатта жалт бермеді. Полиция қызметкерлері желдің өтінде күні-түні күзетте тұр. Сарбаздар санитарлық шараларға кірісті. Бұл жағдайда бұқара қайтсе септеседі? Ол – карантин ережелеріне мойынсұну. Біз өз қозғалысымызды шектеу арқылы індеттің де қозғалысын шектейміз. Ескеріңіз. Ескермесеңіз, опық жейсіз. Біздің алғы шепте жүргендерге көмегіміз – осы болмақ.

Әрқайсымызды күзетіп тұруға полиция да, дәрігер де, мемлекеттік қызметші де жетпейді. Әркім жауапкершіліктің жүгін өзі сезінуі тиіс.

Үкімет тарапынан бұқара үшін төтенше жағдайда қабылданған шараларда кемдік бар деп айта алмаймыз. Халықты қиын жағдайда қалдырмас үшін әлеуметтік, экономикалық міндеттемелерді мойнына алды. Жәрдемақы, өтемақы беру, жұмыс берушілермен жұмысшы қауымға қатысты мәмілеге келу, азық-түлік қауіпсіздігі – бәрі билік назарында.

ТАЛАП ҮДЕСІНЕН

Жасыратыны жоқ, коронавирус әлемдегі талай дуалы ауыздың болжамдарын бұзып-жарып келеді. Адамзат атаулыға келген бұл індеттің қашан және қандай нәтижемен тоқтайтынын ешкім тап басып айта алмайды. Дүние жүзі халқының баршасы жан сақтаудың жалғыз жолы – карантин екенін әбден ұғынды. Сөйтіп, сайран салған індеттің шынжырын үзуді көздейді. Адамдар тасымалдаушы болмай, үйінде байыз таппаса, бұған шырмала беретінін көрсетті уақыт. Бүгінді ертеңге жалғағымыз келсе, талапқа жүгінуге тиіспіз. Індет – ұлтқа, ұлысқа, түрге, түске қарап тұрған жоқ.

Ендеше, үйден шықпаңыз. Ертеңіңіз үшін…

Қызғалдақ АЙТЖАН