Ілкімділік — ілгерілеу кепілі

Сәрсенбі күні облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және тұрғындарды әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтіп, біршама маңызды мәселелер талқыға түсті. Аталған тұрақты комиссияның төрағасы Серғазы ӘДЕКЕНОВ тізгінін ұстаған басқосуға облыстық мәслихаттың хатшысы Серік ӨТЕШОВ қатысты.

Депутаттар бірінші кезекте «Қарағанды облысының тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің жағдайы және болашақта дамуы туралы» тақырыбында есеп берген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың баяндамасына құлақ түрді.

Сала басшысының мәлімдеуінше, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ісінде айтарлықтай соны серпін бар. Облыс тұрғындары оның жағымды нәтижелерін нақты сезіне бастағаны аңғарылады. Тарата айтсақ, Қарағанды облысында медициналық-санитарлық алғашқы көмекті 43 ұйым көрсетеді. Оларда 1000-нан астам дәрігер жұмыс істейді, оның ішінде 499 жалпы практика дәрігері, 75 терапевт және 99 педиатр маман бар.

Жыл сайын медициналық-санитарлық алғашқы көмекті қажетсінетін адамдардың саны 7 миллионнан асып түседі.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге осы саладағы қызметпен шұғылданатын жеке кәсіпорындар да тартылған. Олардың саны бүгінгі күні 16-ға жеткен екен.

Медициналық көмек көрсетудің аса маңызды әрі сұранысқа ие бағытын одан әрі кеңейту және жаңғырту мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі тиімді пайдаланылу үстінде. Соның аясында өткен жылы Қарағанды қаласында 2 отбасылық дәрігерлік орталығы ашылған. Алдағы уақытта аймақта «қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша халыққа медициналық көмек көрсететін 4 емхана салынатын болады. Ол үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен арнайы жоба әзірленген.

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру шеңберінде емханалар мен ауруханалар электронды құжат айналымына көшірілген. Электрондық цифрлық денсаулық төлқұжаттарын жасау жұмыстары тиянақталу шегінде тұр. Дәлірек айтсақ, 1 300 000 электрондық цифрлық төлқұжаттар әзірленген, бұл көрсеткіш халық санының 94 пайызын құрайды.

Материалдық-техникалық базаны жақсарту, дәрігерлерді тұрақтандыру мақсатында көтерме сыйақы беру, баспанамен қамтамасыз ету мәселерінде де айтарлықтай ілгері басушылықтар бар.

Облыс орталығынан тысқары өңірлерде де емханалар мен ауруханалар жөндеуден өткізіліп, жаңа нысандар ел игілігіне берілуде Ең бастысы, әлі де күрделі саналатын жайттардың түйінін тарқату бағытындағы әлеуетті әрекеттер мақсатты негізде жоспарланған.

 Тұрақты комиссияның құрамындағы депутаттар басқарма басшының қоғамдық маңызға ие мәселені сипаттаған баяндамасын жан-жақты талқылап, өздерінің сауалдарына жауаптар алды, тақырыпқа қатысты өздерінің көңіл төріндегі ой-пікірлерімен бөлісті. Өз кезегінде Серік Балғатайұлы істің ілкімді болуы ілгері басу кепілі екендігін ерекше атап өтті.

 Бұдан кейін облыстық мәслихаттың аппарат басшысы Қайрат Нүркенов VI шақырылған облыстық мәслихат шешімдерінің орындалуын зерделеу қорытындысы жөнінде хабарлама жасады.

 Халық қалаулыларының басқосуында облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының 2018 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі де сарапталды.

Комиссия төрағасы Серғазы Әдекеновтің мәлімдеуінше, өткен жылы аталған комиссия отырыстарының күн тәртібіне бірқатар өзекті сауалдар енгізіліп, оларға қатысты түйінді талаптары бар шешімдер шығарылған. Азық-түлік түрлерінің нарықтағы бағасының жағдайы, білім беру жүйесін жаңғырту, оның ішінде, апатты мектептердің үлес салмағын төмендету, үш ауысымды оқытуды болдырмау, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу жайы мен олардың тиімді қолданысқа енгізілуі, жастар саясаты және тағы да басқа көптеген өзекті жайттар депутаттар назарында ұдайы болған. Сонымен қатар, комиссия мүшелері өз сайлаушыларының талаптары мен ұсыныс-пікірлерін зерделеуге, тиісінше, оңтайлы ықпал етуге көңіл бөліп отырған. Елбасы Жолдауы мен бағдарламалық мақалаларында алға қойылған міндеттерді іс жүзіне асыру шараларының бел ортасынан табылып, атқарылған істің қоғам үшін пайдалы қайтарымы болуын өз құзыреттілігі шеңберінде қадағалауды ширата түскен.

Тұрақты комиссия отырысының түйінінде күн тәртібіне енгізілген барлық сауалдар бойынша тиісті қаулылар қабылданып, егжей-тегжейлі қарастырылған мәселелер облыстық мәслихат сессиясының қарауына жолданды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»