Жаңалықтар

Ілгерілеу бар, кемшілік те жоқ емес

«Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Жезқазған қаласы басшылық құрамының 62%-ы «Қазтест» сынағынан сүрінген. Бұл туралы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия отырысында мәлім болды. Ұлытау ауданы да мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда ақсап тұрған сыңайлы.

Комиссия отырысына облыстың тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнәрайым ҚАҢТАРБЕКОВА басшылық жасады.

Мәселен, Жезқазған қаласы әкімінің қос бірдей орынбасары мен аппарат басшысы, сондай-ақ, 7 бөлім басшысы «Қазтесттен» өтпеген. Бұған қоса, қала көшелеріндегі ілінген аншлагтарда бірізділік жоқ. Кейбір көшелердің ескі атаулары жазылған тақтайшалардың ауыспауы да тұрғындардың наразылығын тудырған. Бұл – комиссия отырысында айтылған сын. Металлургтер қаласындағы мұндай келеңсіздіктерді біздің «Орталық» та бірнеше мәрте жазған-ды.

Ал, Ұлытау ауданы басшылық құрамының 47%-ы аталған сынақтан өтпей қалған. 17 адам сертификаттық тест тапсырып, соның тек біреуі ғана білім деңгейін дәлелдеген.

Комиссия отырысында Сәтбаев және Балқаш қалаларында мемлекеттік тілді дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар да сарапқа салынды.

«Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту жөніндегі бөлімі» ММ тарапынан атқарылған жұмыстарда жас буынның жетістіктерін ерекше атауға болады. Биылдың өзінде «Жырлайды жүрек» республикалық байқауында, «Асыл мұра» ІХ халықтық ән-би байқауында көркемсөз шеберлері сайысында сәтбаевтық мектеп шәкірттері Бас жүлделерді қанжығаға байлаған.

Балқаш қаласында «Үш тұғырлы тіл» саясатын насихаттау мақсатында айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Тіл үйрету жұмыстарын балабақшадан бастау жүйелі жолға қойылған. Үштілді білім берудің нәтижелі орындалуын қамтамасыз ету үшін, «Білім мазмұнын жаңарту» бағдарламасы бойынша орыс тілінде білім беретін барлық мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, ағылшын тілі пәнінің 13 мұғалімі, орыс тілі мене әдебиеті пәнінің 25 мұғалімі біліктілікті арттыру курсынан өткен.

Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықованың айтуынша, «Тілдер орталығы» мекемесінде мемлекеттік тіл және ағылшын тілі курстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Өткен жылы қазақ тілі курсында 245 адам оқыса, оның 75-і орыс ұлтынан, 25-і өзге ұлт өкілдері. 2017 жылдың І тоқсанында қазақ тілі курсымен 80 адам қамтылған.

Ал, ағылшын тілі курсында 2016 жылы 174 адам оқыса, биылғы жылдың І тоқсанында мұндай курсқа 74 адам жазылған.

Отырыс қорытындысы бойынша, анықталған кемшіліктерді жою және жұмысты жандандыру тапсырылды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button