АбайАймақ

Өңі кірген өнер ошағы

«Энергетиктер» мәдениет үйі – Топар кентіндегі әсем де сәулетті ғимараттардың бірі. Бұл елді мекен Мичурин ауданының орталығы болып тұрған 1958 жылы силикат кірпіштен салынған екі қабатты өнер мен мәдениет ошағы жылдар сынына төтеп беріп, әлі де өңін берер емес. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде 2019 жылы мұнда жүргізілген ағымдағы жөндеуден кейін ол тіпті әрленіп, ажарланып кеткендей.

Мәдениет үйі күні бойы келушілерден босамайды. Себебі, ғимаратта кітапхана, жаттығу, спорт, үлкен және кіші акт залдары орналасқан. Кент тұрғындары осы жерде жиі өтіп тұратын мәдени-спорттық шараларды тамашалап, түрлі үйірмелер мен секцияларға, клубтардың жұмысына белсене қатысады. Кітап, газет-журнал оқып, рухани азық алады.

– Бізде 17 құрылым бар, – дейді мәдениет үйінің директоры Әдемі Әбдиева. – Мысалы, баскетбол, волейбол, грек-рим күресі, киокушинкай секцияларында үлкен-кіші бірдей спортпен айналысса, қыз-келіншектердің йога, қариялардың «Денсаулық», былтырдан бері мүмкіндігі шектеулі балалардың «Батыл жүрек» топтары мен клубтары жұмыс істейді. Әрине, бұқаралық спортты өрістету мен салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін бұл аз емес.

Мәдениет саласы бойынша «Арманай», «Эспода» би және «Браво», «Бәйтерек» вокал топтары, ардагерлердің «Поющие сердца» хоры аудан, облыс, одан әрі республикаға танымал өнер ұжымдары болса, «Алтын құшақ» қолданбалы-көркемсурет және «Аккорды души» гитара үйірмелері балалар мен ересектер қабілетін дамыту мақсатында құрылған.
Өнер ошағын 23 жылдан бері басқарып келе жатқан Әдемі Әбдиева 15 адамдық ұжымымен 65 жылдық ғұмыры бар Мәдениет үйінің іші-сыртында көлденең көк шөп жатқызбай, оны аялап күтіп ұстап келеді.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button