ХИДЖАБ – сән емес, Ниқаб –қазаққа тән емес
Қазақтың қыз-келіншегі қалай киінген еді? Әрине, әдептіліктің белгісі ретінде тұла бойды жауып тұрды. Бас киімі ше? Жасына, отбасына қарай өзгеріп отырған оның да өзіндік бір философиясы бар. Асқан шеберлікпен, әсемдікпен тігілген қазақ әйелінің киімі оның ұлттық болмысын айқындап, елдің тарихын қаттады. Көйлек етегінің ұзындығы ибалықты білдірсе, кимешек секілді бас киім бір жағынан тазалықты, бір жағынан көшпелі елдің көшпенді өмірінде әйелді қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғады.
Ол жай ғана киім емес, өнер туындысы, әдеміліктің, сұлулықтың, нәзіктіктің нышаны еді. Сан түрлі ою-өрнекпен, әшекей тастармен безендірілген киім киген, шашында шолпысы сылдыр қаққан бойжеткеннің талайдың жүрегіне шоқ тастап, өлең-жырға арқау болғаны рас. Ал, сол бойжеткеннің шашы ше? Арқасына түскен қос бұрымын жасырмай, оған да әйел сұлулығының бір белгісіндей қарап, сырт көзден таса етпей, ерекше күтіммен қарады.
Қазақ келіншегінің киімі ше? Көргенде көздің жауын алатын сәукелемен шығарып салып, балалы болғанша жаулық, одан кейін кимешек киді. Оның да себебі бар. Келін атанып, үй шаруасын дөңгелеткен келіннің жаулық салуы – даярлаған тамағының таза болуы. Кимешек киюінде де мән бар. Төсте емізулі баласы бар әйелдің басы жабық болмаса – оны үнемі аңдып отыратын шайтан баланың аузына шешесінің қайызғағын салып жіберсе, бала мәңгүрт болып өседі деген аңыз бар.
Шындығында да, Алла әуел баста ер мен әйелді жаратқан кезде екі түрлі етіп жаратып, әйелге сұлулық пен нәзіктікті, ерлерге қара күш пен ерік-жігерді берді. Бұл – табиғаттың тепе-теңдігі. Тепе-теңдік бұзылған жерде аласапыранның болатыны анық. Сол себепті қазақ әйелінің киімі де оның әдемілігін одан сайын айқындап тұрды.
Бұл – бұрын болатын! Қазір ше?… Қызы демей, келіншегі демей жаппай «хиджаб» кию сәнге айналды. Әуелде бастарына жаулық салып, жерді сыза ұзын көйлек киген бірлі-жарым қыздарды көрген кезде жатырқай қарағанымыз рас. Дін жолында жүрген болар деп, оған де етіміз үйренді. Бұл бара-бара жастар арасында сәнге айналды. Тек біздің елде ғана емес, хиджабқа деген «мода» еуропаны жаулап алды. Оған ғаламтордағы өздерінің хиджаб киген суреттерін елдің назарына ұсынып жүрген белгілі «жұлдыздар» куә. Хиджабтың түр-түрі сатыла бастады. Сән әлемінде «сенсация» жасап, ақша табу жолында жүргендер үшін бұл да бір маркетингтік қадам болар. Оған да хош делік. Арабтардың ұлттық болмысын айқындайтын хиджаб киген қыздың да шын мұсылман әйеліне лайық болғаны дұрыс болар. Тағы қайталап айтамыз, арабтың ұлттық киімін киген мұсылман әйелі! Біз араб емес, қазақ емес пе едік?
Хиджаб кигендер ше? Біз бұл жерде қыздарды – бастарына жаулық тартып, жерді сызған көйлек кигендерді, кірпіктеріне кірпік жалғап, қала берсе еріндерін ісіріп, беттерін әлеміштеп бояғандарды айтамыз. Жарар, жоғарыда айттық, ол да сәнге кірді деп. Оған да жөн дедік… Ең сорақысы – бастан аяқ қара жамылған қыз-келіншектердің көбейгені. Ол хиджабтан да сорақы болды, «ниқаб» деп аталады. Денесінде көзінен басқа ашық жер қалдырмай, қара түнекке айналған, айналасына қорқыныш дәнін сепкен, еріксіз түрде «террорист» деген ой туындататын бұл қыз-келіншектердің басына күн туған жоқ, жат ағымның жетегінде жүр. Ұлтынан, салт-дәстүрінен, дінінен безініп, дүбәраға айналуда. Қазақ үшін қара түс қайғының белгісі. Көңілге қуаныш сыйлап, әдемілікті паш ететін арулар қара жамылды. Бетті бүркемелейтін жамылғы кию ислам үшін міндетті болып табылмайтындықтан өзге елдерінің өзінде ниқаб киюге тыйым салу ойластырылып жатқанда, біздікілердің бұл әдетін қалай түсінуге болады?
Қазақстан да мұсылман елі. Бес уақыт намазын қаза қылмай, Алласын аузынан тастамаған, басына төнген қиын кезеңде де дініне опасыздық жасамаған. Қазақ әйелі де нағыз мұсылман әйелі ретінде шариғатқа сай қалыптастырылған ұлттық киім киіп, жаугершілік заманда ерлермен бірге еліне қорған бола алды. Ерлерше киім киіп, атқа қонған батыр қыздарымыз тарихта баршылық. Бірақ, ешқайсысы қара жамылған жоқ еді…
Әрине, заман өзгерген сайын киім кию үлгісі де өзгермек. Әлемдік деңгейдегі сәнгерлердің үлгісімен тігілген киімдер қоғамға еніп, біздің әйелдер де оларға басымдық берді. Олар ұлттық киімді ығыстырса да, қазақи болмыстан айырған жоқ…
Осындайда Бауыржан Момышұлының «…тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі ойға келеді. Өзге ұлттың ұлттық киім үлгісін сәнге айналдырып, өз елінің тәртібіне бағына алмай, өзгеге құл болып кетіп жүрмейміз бе?!
Салтанат ИЛЬЯШОВА