Руханият

Хасеннің қалақ домбырасы (Оны Қасым ұстаған болуы мүмкін)

Қарқаралыға қарасты Темірші, Қараағаштың тумасы күйші Хасен ІРГЕБАЙҰЛЫНАН қалған бұл домбыраның кемі 100 жылдық тарихы бар. Аттың қанжығасына лайықталып қарағайдан шабылған домбыраның иесі Хасен күйші 1895-1959 жылдар аралығында өмір сүрген. 1937 жылы Алматыға көркемөнерпаздар байқауына Дина НҰРПЕЙІСОВАМЕН бірге қатысып, ІІ орын алғанын айтып отырады екен. Көркемөнерпаз ретінде Алматыға 3-4 рет шақырту алған. Соның бірінде үлкен бір дүниенің алдына отырғызып, бірнеше күй тарттырғанын айтыпты күйші. Сондықтан, Хасен күйші шерткен күйлердің жазбасы архивте сақталуы да мүмкін. Әзірге күйшіден қалған мұра – 40 жыл ҚарМУ-дың мұражайында тұрып, бүгінде баласы Хамза өз иелігіне қайтып алып, домбыра жасаушы шебер Аман СӘДУАҚАСОВҚА қайта қалпына келтірткен осы киелі домбыра.

Сурет:автордан

Күйшінің жалғыз ұлы Хамза әкесінің үлкен әкесі Халықбергеннің де домбырашы болғанын естігенін айтады. Немересі Хасен Іргебай күйші болса, оның немере інісі Қоспан Теміршіде ең алғаш мектеп ашқан көрінеді. Хасен күйші үлкен қызы Ханшайымға арнап істеткен екінші домбырасы қазір Қарқаралы мұражайында тұр екен. Хамза аға бізге әкесінің өлер алдында Қараағашта, Қарашоқының бауырында домбырамен қалай қоштасқаны туралы майын тамызып әңгімелеп берді. Біз білмейтін «Жетпіс қой» күйінің тарихы тіптен қалың. Хасен күйшіге кезінде колхоздың қойын бақтырған. Қыс ішінде қойды бір ауылдан екінші мекенге жеткізу үшін күннің боранына қарамай, ауыл басшылары жалғыз айдатқан. Жолай қалың қоймен бір қыстаққа түнесе, түнде қойға қасқыр шапқан ғой. 70-ке жуық қой шығынға ұшырағанда, басқарма «менің мойныма мінеді. Бұларды адал деп Қарағандыға ет комбинатына өткізесің» деген. Оны өткізгенде, адал екендігін дәлелдеу үшін Қарағандыда арнайы сараптамаға салып, күйшіні әурелеп, әбден қинағаны өтіп кетсе керек. «Жетпіс қой» күйінің тарихы осындай.

1980 жылдары Темірші ауылының Қараағаш бөлімшесінен жәдігерлер жинаған ғой. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың мұражайының өкілдері. Сонда «қолды» болып кеткен Хасен күйшінің бұл домбырасы. Бір жақ бүйірі омырылып тұрған домбыраны Хамза ағамыз жұмыста жүргенде, жолдасы Бибіжан апамыз (Күлбарам) «атамыздың домбырасы еді, сынып тұр, енді болмаса ештеңеге жарамай қалар. Музейде сақталсын» деп беріп жіберген. Содан бергі уақытта домбыраның иесіне қайтқаны биыл, күні кеше ғана. Әкесі Хасен күйшіден, бәлкім оның әкесінен қалған болуы мүмкін қалақ домбыра туралы Хамза Хасенұлы былай дейді:

«Сейдіғали деген ұстазымыз болған, менің мұғалімім. Соғысқа барып келген. Сол бертінде мені тоқтатып алып сұрады: «Хамза, сенің әкеңнің 18-20-ға жуық күйі бар еді өз жанынан шығарған. Сен сол күйлерді білесің бе?» деп. Мен «білмеймін» дедім. Алайда, «Жетпіс қой», «Он сегіздің зары» атты күйлерін естігенмін. Сосын балалары қайтыс болғанда шығарған зарлы, қайғылы, сай-сүйегіңді сырқырататын бір күйі болатын. Оны тарта бастаса, шешем «болды, осы күйді тарта бермеші» деп кейіс білдіретін. Естуімше, әкейдің күйлерін мына Томар ауылында тұратын Жидебай деген кісі көп тартыпты. Ол кісі әкейдің шәкірті көрінеді. Күйлері қалса, Алматыда архивте қалуы мүмкін. Өйткені Бейсенбек атты әкеміз Қарағандыдан келгенде айтып отыратын. Сақталуы тиіс деп.

Аққора ауылында Ақыжан деген ақсақал өткен. Әлгі кісі әкейге жылына екі рет күй тыңдауға арнайы келіп, жатып күй тыңдап кететін. Сонда бір сөздерінде «бұл – Қасым ұстаған домбыра» деп айтып қалғандарын естіп қалғанмын. Бірақ, анық білмегендіктен, нақты кесіп айту қиын, әрине. Аққора ауылы Совет колхозының орталығы болды да, басқармасы Нұрмағанбет Өтен әкейді той-думандарға арнайы алдырып, күй шерттіретін.

Бір күні әкей маған «көрші-қолаңды үйге шақыр. Айт бәріне, домбырасымен қоштасайын деп жатыр де! Кешу алысам!» деді.

Замандасы Шәукен домбыра, гармон тартатын. Екеуі кезек-кезек күй шертіп, жиылған жұрт қауқылдасып, мәре-сәре болысты. Сол күні әкей таң атқаннан түн ауғанша домбыра тартты. Кеш бата, келгендер тарарға таман әкей киініп алды да, «ал, алып қалыңдар» деп домбыраны керегеге сүйей салды. Замандасы Шәукен «неге олай дейсің, Хасен? Соңыңда із бар емес пе? Балаң Хамза ұстамай ма домбыраны?» дегенде, «жалғыз ұлым аман болсын. Бұған қонбады ғой» деп налығандай сыңай танытты. Ел кеткен соң, маған «қызым Дәмешті шақыр, маңдайынан иіскейін» деді. Дәмеш менен үлкен, апам. Ол кезде қасқа құнаным бар. Соған мініп, шауып отырып, көрші ауылдағы апама бардым. Түнделетіп жүргенімді көрген ол бірден «әкей қалай?» деді. «Ой, әкең концерт қойып жатыр, елдің бәрін жинап» дедім. «Өзі өліп қалған жоқ па?» деді. Өлмегенін айттым. Сөйтсем, апам үйінде атасымен ғана отыр екен. Жолдасы енесі жағында біреу қайтыс болып, сонда кетіпті. Содан атасы ақылға салып, «жарайды, жеті түнде әуре болмаңдар, таңертең барасыңдар» деген соң, сонда түнеп шығып, таңертең барсақ, әкем бақилық болыпты. Домбырамен осылай қоштасып еді» дейді Хамза Хасенұлы.

«Әкей тығыз денелі, саусақтары жуан болатын. Кейде үйде қоңырлатып күй тартып отырғанда, Ханшайым апамның баласы Несіпхан жиеніміз домбыраның мойнына жармасатын. Сонда әкей «менің өнерім осында қалады екен ғой» дегенін естігенім бар. Айтқанындай, Несіпхан жиеніміз «Салтанат» ән-би ансамблінің құрамында домбыра тартып, Франция, Германияға шейін барып, әкейдің атын шығарды. Қазір ортаншы ұлдан туған немерем домбыра десе, үйірсектейді де қалады. Көре қалса, ішкен асын жерге қояды» дейді Хамза ағамыз.

Аман СӘДУАҚАСОВ, домбыра шабушы шебер:

«Қызыл қарағайдан жасалған 9 пернелі көне домбыра. Отыз жыл домбыра шапқанда, тұңғыш кездестіруім. Сынған жерлерін гипспен қаптап, бетіне жай ағаш қағып қойыпты. Соның бәрін қызыл қарағайдан жамап, қалпына келтірдім. Түпнұсқаны сақтадым. Мойны жуандау екен, ептеп жұқарттым. Бұл домбыраның ерекшелігі – қанжығаға ықшамдалып, қарағайдан бітеудей шабылуында».

Иә, домбыра тамаша сөйлеп тұр. Тек оны төрге іліп қана қоймай, дәулескер күйшілерге тарттырып, тыңдап көрсе деген ой көкей түрткілейді.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button