Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Хандық тарих тараулары

Қарағандыда Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында Қазақ  хандығының қалыпқа келтірілгеніне 180 жыл толу құрметіне орай тағылымы мол шаралар өтуде.

Қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру жайлы сөз болғанда алмағайып күрделі кезеңде Тәуелсіздік үшін күресіп, қазақ деген көшпелі жұрттың туын жықпай, саналы ғұмырын ат үстінде өткізген ұлт қайраткерлері Кенесары хан, Әлімхан Ермек, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбай және басқа да ұлыларымыз еске түседі.

Бірі – қазақтың батырлар институтына тән күрескерлік жолды таңдаса, енді бірі – саяси, дипломатиялық жолмен қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіруге үлес қосты. Ұлт қайраткерлерінің бұл еңбектері зая кеткен жоқ. 1841 жылдың қыркүйегінде барша қазақ рулары Кенесары Қасымұлын ақ киізге отырғызып, хан көтерді. Осы арқылы қазақ халқының мемлекеттілігі Абылай хан қайтыс болғаннан кейін 60 жыл өткен соң қайта жаңғырды. 2021 жылдың қыркүйегінде осы тарихи мәні терең оқиғаға 180 жыл толады.

Жалпы алғанда, Қазақ мемлекеттілігін жаңғырту жолында қазақ шекарасын белгілеуге қатысқан Ә.Ермектің, 1917 жылы  құрылған Алашорда үкіметінің басшысы болған Әлихан Бөкейханның, 1917 жылы құрылған  Түркістан автономиясының бастауында тұрған Мұхаммеджан Тынышбай және Мұстафа Шоқайдың еңбектері зор. Бұл тарихи күнді келер ұрпаққа насихаттау мақсатында Қазақ күнтізбесіндегі 15 қыркүйек – Қазақ мемлекеттілігі қалпына келтірілген күн болып белгіленді.

Осы айтулы датаны атап өту мақсатында қалалық Әнет баба мешітінде ұлт Тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғаларға арнап құран оқылды. Ұйымдастырушы Н.Сұршаұлының сөзінше, мұндай тарихи даталарды ұлықтау, әрі оларды жас ұрпаққа насихаттау – жастар тарапынан ұлттық тарихқа деген қызығушылықты оятады. Сондай-ақ, аталған шараға қоғамдық негізде құрылған ұлттық жобаларды қаржыландыруды мақсат тұтатын «Қазақ жігіттері және Қазақ қыздары» меценаттар клубы қолдау білдірді.

«Қазақ халқының мұрасы – Мәңгілік ел» кітаптар сериясы жобасы аясында жұртшылыққа бұған дейін Тәуелсіздік лентасы, Жауынгерлік Даңқ лентасы мен Қазақ күнтізбесі сияқты бірегей жобалар ұсынылғанын айта кету керек. 15 қыркүйектен бастау алған шаралар айдың аяғына дейін жалғасады деп жоспарлануда.

Жаңабек НАР,

«Бірінші Қарағанды» телеарнасының тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button