Руханият

«Хан Кенедей ер қайда?»

Достық үйінде Кенесары Қасымұлының туғанына 220 жыл толуына орай «Хан Кенедей ер қайда?» атты жас жыршылар сайысы өтті. Олар Доскей жыраудың Кенесары дастаны мен Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» жырын жатқа оқып, көпшіліктің рухын көтерді.

Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының туғанына 220 жыл толуына арналған көкпар өтті. Ал, оның сәл алдында велошабандоз, жиһангер жерлесіміз Ернат Мелсұлы «Астана-Қарағанды» велошеруін өткізіп, атаулы мерейтойды еске салып қойғаны тағы бар. Осы игі шаралардың жалғасы ретінде бұрнағы күні «Достық үйінде» Айтбай Жұмағұлов, Дидар Қами бастаған азаматтар бас болып, ұлтжанды кәсіпкерлердің демеу көрсетуімен «Хан Кенедей ер қайда?» атты жыршылар сайысы өтті. Иә, ханның мерейтойы былтыр еді. Әйтсе де, ұйымдастырушылар белгілі себептерге байланысты бұл шараны биыл өткізуді жөн көріпті. –

Былтыр жыл соңында түрлі шаралар қабаттасып қатар келіп қалды. Солардың көлеңкесінде қалып кетпесін деп биыл жыл басына ауыстыру туралы шешім қабылдадық. Сайысқа қатысуға отызға тарта жас өрен келіп отыр. Олар Доскей ақынның «Кенесары» дастаны мен Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» жырын жатқа оқып, сынға түсті. Жалпы қазақ үшін Кенесары ханның орны ерекше екені белгілі. Ел басынан бақ тайып, замана көшін басқа арнаға бұрған шақта азаттық жолында қол бастап, күреске түсті.

Қанша айтсақ та, ұлықтасақ та артық болмас еді. Өкінішке қарай, былтыр тиісті деңгейде аталмай қалды. Сондықтан, өз үлесімізді қосайық, өсіп келе жатқан жастарға Кенесары ерлігін насихаттайық деген мақсатта ұйымдастырып отырмыз, – дейді Айтбай Жұмағұлов.

Жыр додасының шымылдығын жыршы Мұхтар Тілегенұлы Доскейдің Кенесары дастанымен ашып берді. Әрі қарай кезек қатысушыларға берілді. Жасөспірімдер екі аталым бойынша бақ сынасты. Бірінші аталым – мәнерлеп оқу. Сахна төріне көтерілген балалардың өнерін бағалаған қазылар алқасы оларға жырдың әр жерінен үзінділер келтіріп, сынап отырды. Ал, екінші аталымның қатысушылары жырды домбыраның сүйемелдеуімен орындап, өнер көрсетті.

– Қазір балаға жыр жаттату қиын ғой. Қаншама беттік қисаны былай қойғанда, екі ауыз өлең жаттауды ауырсынатындар да бар. Десек те, осы сайысқа отызға тарта бала қатысуға ниет білдірген екен. Мұның өзі қуаныш, – дейді сайыстың қазылар алқасының мүшесі, ақын Дидар Қами.

Атап өткеніміздей, сайыс толықтай демеушілер қолдауы есебінен ұйымдастырылған. Бас жүлде алған өнерпазға бір тай берілді. Сондай-ақ, өзге қатысушыларға I, II, III орындардан бөлек Байғозы, Манаш, Ағыбай, Наурызбай батыр атындағы арнайы жүлделер берілді. Білім басқармасы тарапынан 5 балаға «Балдауренге» жолдама беріліп, барлық қатысушылар қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды.

Байқауды ұйымдастырушылар осы арқылы ұлттық құндылықтарымызды, батырларымызды насихаттауды және жыр өнерін дамытуды мақсат тұтқан. Тағы бір атап өтерлігі, бұл мерейтойлық, бір жылдық қана шара емес. Алдағы уақытта жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұру жоспарланған.

Жан АМАНТАЙ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button