Ресми

Халық сенімі – маңызды депутаттар оған селкеу түсірмейтіндеріне сенімді

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен VIII шақырылған облыстық мәслихаттың бірінші сессиясы өтті. Жаңадан сайланған депутаттық корпустың ашық дауыс беруінің нәтижесі бойынша мәслихат төрағасы сайланып, тұрақты бес комиссияның құрамы бекітілді.

Сайлау заңнамаға сәйкес өтті

Жиынды ашқан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нүркенов алдымен облыстық мәслихатқа депутаттарды сайлаудың қорытындылары туралы хабардар етті. Бұған дейін белгілі болғандай, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне және облыстық мәслихатқа сайлау аралас жүйе бойынша өткен болатын. Одан бөлек, алғаш рет пропорционалды-мажоритарлық жүйе қолданылды. Қайрат Қаршығаұлының айтуынша, облыстық мәслихаттың жаңа құрамын қалыптастырудың жаңа моделі саяси әртүрлілікті қамтамасыз етіп, өңір азаматтарының мүдделері мен құқықтарын толық қорғауға мүмкіндік бермек.

– Барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының жұмысына саяси партиялардың өкілдері қатысты. AMANAT, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Қазақстан Халық партиясы, AQ JOL Қазақстан демократиялық партиясы, сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, кәсіподақтар, ұлттық-мәдени орталықтар, Жастар одағы және басқалары сайлау барысында белсенділік танытты, – дейді Қайрат Нүркенов.

Жалпы, өңірде облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша қалалар мен аудандардың әкімшілік-аумақтық бірлігі шеңберінде 18 бірмандатты сайлау округтері құрылғанын айту керек. Одан бөлек, қалалар мен аудан әкімдері 654 сайлау учаскесін құрды. Қалалық және аудандық мәслихаттардың сессияларында аудандық және учаскелік сайлау комиссияларының бес мыңнан астам, атап айтқанда 5491 мүшесі сайланды.

Саяси партиялар мен өзін-өзі ұсынушылардан кандидаттарды ұсыну және тіркеу де заңнамаға сәйкес өткенін айтады Қайрат Қаршығаұлы.

Ал, алты партия бойынша да қанша кандидат тіркелгенін айтқан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы сайлау барысында байқаушылардың болуы халықтың объективті ерік-жігерін білдіруін қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін айтады. Мәселен, дауыс беру барысын саяси партиялардан бөлек, аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерден 5 мыңнан астам бақылаушы, коммерциялық емес ұйымдар, парламенттік сайлауды бақылау жөніндегі ДИАҚБ/ЕҚЫҰ миссиясынан және ТМД байқаушылары бақылады.
Ал, депутаттар сайлауына тізімге енген сайлаушылардың жалпы санының 59,48%-ы, яғни, 761673 сайлаушының 453 043-і өз таңдауын жасаған.

 

Мандат – мансап емес, мақсат

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 112-бабына және «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңның 20-бабына сәйкес, сайлау комиссиясы облыстық мәслихаттың 36 депутатын тіркеді. Бұл оларға өздерінің депутаттық өкілеттіктерін бастауға мүмкіндік береді.
Сонымен, сайлаушылардың 51,67 пайыз дауысына ие болған AMANAT партиясы облыстық мәслихаттың 10 депутаттық мандатын иеленді. Одан кейінгі орында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы. Олар 12,92 пайыз дауыс жинап, 2 депутаттық мандат алды. AQ JOL Қазақстанның демократиялық партиясы «Ауылдан» кейін көп дауыс жинағандардың қатарында. 2 депутаттық мандат алған олар сайлаушылардың 10,77 пайыз дауысын иеленген. Қазақстан халық партиясы да сайлаушылардың 10,43 пайыз дауысын иеленді. Сәйкесінше, облыстық мәслихаттағы екі мандат осы партияға тиесілі. Ал, сайлаушылардың 6 пайыздан астам дауысына ие болған «Байтақ» жасылдар партиясы мен Respublica партиясы бір-бір депутаттық мандаттан алды.

Ал, облыстық мәслихаттың 18 депутаты бір мандатты округтер бойынша сайланды.

– Сіздердің сайлаудағы жеңістеріңіз жоғары жауапкершілік жүктейді. Себебі, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңға сәйкес мәслихат пен атқарушы органдар тиісті аумақта мемлекеттік саясатты жүргізуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға, олардың заңды мүдделерін қанағаттандыруға жауапты. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, өткен сайлау ауқымды өзгерістер жасаудағы елеулі қадам және елдегі реформалардың басталуы болып табылады. Сіздер елдің саяси дамуындағы реформалардың тікелей қатысушысы болып табыласыздар. Барлығыңызға жұмыста жаңа табыс, жақсылық тілеймін, – деді облыстық мәслихат депутаттарының куәліктері мен төсбелгілерін тапсырған Қайрат Нүркенов.

Алдыңғы шақырылымнан сегіз адам депутаттық өкілеттіктерін сақтап қалғанын айту керек.

Бұрын – хатшы, қазір – төраға

Бұл лауазымды бұған дейін Бұқар жырау ауданының әкімі болған Нүркен Қобжанов атқаратын болады. Оның кандидатурасын VIII шақырылымның бірінші сессиясында жаңадан сайланған депутаттар бірауыздан мақұлдады.

– Облыстық мәслихат төрағасына Нүркен Қобжановтың кандидатурасын ұсынамын. Біз оны ауыл шаруашылық саласын ұтымды ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде білеміз. Нұркен Сайфиддинұлы еңбек жолын бас инженер ретінде бастап, түрлі басшылық қызметтерді атқарды. Осакаров және Бұқар жырау аудандарын басқарды. Ол өндірістік және мемлекеттік қызметтен өткен. Ұжыммен және тұрғындармен жұмыс жасауда бай тәжірибесі бар. Одан бөлек, адамгершілік қасиеті мен жоғары кәсібилігін де айту керек. Маңызды сәттерде тиімді шешім қабылдай алатын Нүркен Қобжанов облыстық мәслихаттың төрағасы бола отырып, Мемлекет басшысы алдыға қойған міндеттерді шешуде лайықты үлесін қосатынына сенімдімін, – деді депутат Серғазы Әдекенов.

Заңнамаға сәйкес, өкілді органға ауысуына байланысты Нүркен Қобжанов аудан басшысы қызметінен босатылады.

– Мен үшін бұл – бүкіл депутаттық корпустың алдында, ең алдымен, өңір тұрғындарының алдында үлкен жауапкершілік. Сенімді ақтау үшін бар күшімді, білімімді және кәсіби тәжірибемді жұмсаймын. Сіздерді VIII шақырылымдағы облыстық мәслихат жұмысының басталуымен құттықтаймын және ел Президенті жүргізіп жатқан барлық міндеттер мен реформаларды іске асыруда табыс тілеймін, – деді Нүркен Қобжанов.

Мәслихаттың бірінші сессиясында бес тұрақты комиссияның құрамы бекітіліп, төрағалары сайланғанын айту керек.

Аманат жүгі – ауыр

Сессия соңында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің әлеуметтік-­экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы, сондай-ақ, депутаттық корпус пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы туралы айтып өтті.

– Халық көтерген мәселелерді шешу және Мемлекет басшысы алдымызға қойған міндеттерді сапалы жүзеге асыруға қол жеткізу үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Биылғы жылы алдымызда 10 мыңға тарта жұмыс орнын құру арқылы жалпы өңірлік өнімді арттыру міндеті тұр. Ол үшін 47 миллиард теңгеге 11 ірі инвестиция­лық жобаны жүзеге асыру керек. Saran индустриялық аймағында құны 30 миллиард теңгеге жуық тұрмыстық техника зауыты іске қосылады. Одан бөлек, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында екі импортты алмастыратын жоба қолға алынбақ. Ал, Нұра ауданында «Шұбаркөлкөмір» арнайы кокс өндірісі бойынша жобаны жүзеге асырады. Өздеріңізді бұдан былай жаңа инфесторларды тарту бойынша жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырамын, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Одан бөлек, аймақ басшысы облыс бойынша атқарылып жатқан шараларға кеңінен тоқталды.

«Құрметті депутаттар, алдағы жұмыстарыңызда халықтың білдірген сенімі мен аманатын ақталуын тілеймін!» – деп аяқтады сөзін Ермағанбет Қабдоллаұлы.
Ал, облыстық мәслихаттың жаңа төрағасы болса, депутаттық корпус атынан алға қойған міндеттерді бірге атқарып, сенімдерін ақтайтындарын айтты.

Салтанат ІЛИЯШ.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button