Халыққа қызмет көрсету орталықтары онлайн жұмысқа ауысты

Бүкіл ел бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтары карантин кезінде өз жұмысын тоқтатты. Бұл тапсырманы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы төтенше жағдай жөніндегі комиссия отырысында берді.

Қарағанды облысының Халыққа қызмет көрсету орталықтары да онлайн режимде жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 80%-дан астамын «egov.kz» порталы арқылы алуға болады.  Сондай-ақ, жеке қызметтер мен сервистер «ЕgovМоbile» мобильдік қосымшасында, «eGovKzBot2.0» телеграмм-ботында, Facebook және Vk әлеуметтік желілерінде қолжетімді.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының 1800-ден астам білікті және арнайы дайындықтан өткен қызметкерлері «1414» байланыс орталығының кеңесшілерімен бірге қазақстандықтарға онлайн-форматта консультациялық көмек көрсетеді.  

Жоспар бойынша, Call-орталықтар бір мезгілде мыңнан астам азаматқа кеңес бере алады. Олар аптаның дүйсенбі-сенбі күндері аралығында сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Ұялы және стационарлық телефондардан қоңырау шалу тегін.

Бұдан басқа, «Азаматтарға арналған үкіметтің» 200-ден астам қызметкері бейнеқоңырау арқылы қызмет алушыларды мобильдік азаматтар базасында тіркейді.

Егер, азаматтар 21 наурызға дейін қандай да бір құжатқа тапсырыс берген болса, онда  дайын құжатты тапсырылған қызмет көрсету орталықтарындағы дайын құжаттарды беру терезесінен алуға болады. Көлік құралын қайта тіркеген немесе жүргізуші куәлігін онлайн ауыстырған автокөлік иелері дайын құжаттарды және нөмірлерді өз қаласының мамандандырылған ХҚКО-нан ала алады. Оларда   дайын құжаттарды беру терезесі ғана жұмыс істейтін болады.

Дайын құжаттарды беру терезелерінің жұмыс кестесі: дүйсенбіден жұмаға дейін 09.00-ден 17.00-ге дейін. Сенбі — 09.00-ден 14.00-ге дейін.