Бас тақырыпОблыс әкімі

Грант саны көбейеді

Қарағандыда Жастар жылы қорытындыланды. Жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысына қатысқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдің экономикалық дамуына үлес қосып жүрген жастарға алғыс білдіріп, өндірісті өлкеде жас кәсіпкерлердің көбейіп келе жатқаны қуантатынын тілге тиек етті. Қуануға себеп жоқ емес. Бүгінгі таңда облыста 11 мыңнан астам жас азамат өз кәсібін дөңгелетуде. Олар өздеріне мемлекет сеніп тапсырған 87 млн. теңгенің гранттарына 114 жобаны жүзеге асырған.


Аймақ басшысы кеңес отырысында облыста еріктілер қозғалысы мен IT-қоғамдастық дамып келе жатқанын айтты.
– Қарағанды IT-хабын құру мақ¬сатында келесі жылы өңірдегі технологиялық компаниялар үшін үлкен білім беру орталығын ашу жоспарлануда. Шығармашыл өрендерді қолдау жұмыстары облыстық балалар мен жеткіншектер сарайының құрылысынан басталады. Бүгінгі таңда Қарағандыда көркем және музыка мектептерінің жаңа ғимараттары бар. Алдағы төрт жылда жабдықтарды жөндеу мен жаңартуды талап ететін барлық білім беру нысандары жаңғыртылатын болады. Жалпы 542 ескі ғимаратты жөндеуге және 11 жаңа ғимараттың құрылысына 40 млрд. теңге қарастырылған, – деді аймақ басшысы.
Жиында жастар атынан сөз алған «Global procurement» компаниясының негізін қалаушы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Олжас Сүлеймен елімізде IT-салысын дамытуға, әсіресе кәсіппен айналысамын дейтін жастарға қолжетімді жағдай жасалғанын айтты.
– Кәсіппен айналысамын дейтін жастарға мүмкіндік көп. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасында жас кәсіпкерге біршама жеңілдік қарастырылғанын айтса да жеткілікті. Бағдарламаның өзі отандық кәсіпкерді, оның ішінде, жас кәсіпкерді кешенді түрде барынша қолдауға мүмкіндік береді. Өзім кәсіпкер болғандықтан, жастарды бизнеске шақырғым келеді. Өйткені, жастарымыз жұмыс іздемей, керісінше жұмыс орнын ашатын болса, ол еліміздің дамуына үлкен септігін тигізеді, – деді жас кәсіпкер.
Кеңес отырысында аймақ басшысы өңірдің алдағы даму жоспарында жастарға грант беру жұмыстары жүзеге асатынын айтты. Осы мақсатта білім беру орталығын, көркем және музыкалық мектептерді, студенттік жатақханаларды салу жобалары қолға алынбақ.
– Жастарға гранттар бөлу арқылы қолдау көрсету бар жағынан тиімді деп есептейміз. Сондықтан, форумдар мен конференцияларға кететін артық шығындарды қысқартуға және оның орнына гранттар санын арттыруға шешім қабылданды. Келесі жылдан бастап облыс әкімі грантының жалпы сомасы 100 млн. теңгені құрайды, – деді Жеңіс Қасымбек.
Жиында сондай-ақ, аймақта жастарға арналған денсаулық орталығы ашылатыны белгілі болды. Онда медициналық, әлеуметтік, психологиялық көмек алуға болады. Студенттер үшін жатақханалар мен 300 орындық университеттік клиниканың да құрылысы басталмақ.
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жөнінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова сөз қозғады.
– Жастарды жұмыспен қамту «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының, «Бастау Бизнес» және «Жас кәсіпкер» білім беру жобаларының арқасында жүзеге асуда. Облыста 2019-2021 жылдарға арналған жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша жол картасы әзірленді. Ол 29 пункттен тұрады, қазір құжат бекітілу сатысында, – деді Әсем Жүніспекова.
Кеңесті қорытындылаған жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Нұржан Жетпісбаев келесі жыл Еріктілер жылы болып жарияланғанын атады. Қазіргі таңда облыста 14-29 жас аралығындағы 281 406 жас болса, олардың 5000-нан астамы 89 волонтерлік клубта жұмыс істейді.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button