Жаңалықтар

ГОЛОВКИН оқыған мектепке – 50 жыл

Қарағандыдағы №65 орта мектептің іргесі қаланғанына биыл жарты ғасыр толып отыр. Еңселі білім ошағы күні бүгінге дейін жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып келеді.

 

Мектеп түлектері арасынан биік шыңды бағындырған спортшы да, ұстаз да, дәрігер де, кенші де шықты. Білім ошағының бірінші директоры Евгения Кременчугская бастаған ұстаздар қауымы 1969 жылы 1 қыркүйекте алғашқы оқушыларды қабылдаса, Раиса Бақтыбаева бұл қызметті 1971-1977 жылдар аралығында атқарды. Раиса Кенжебекқызы бар білгенін жас мамандарға үйретті.

Кейін мектеп директоры қызметіне Александр Гладков келді. Әйтсе де, ол одан арғы еңбек жолын облыстың білім басқармасында жалғастырған болатын. Сөйтіп, 2013 жылдан биылғы 25 қаңтарға дейін Бекбай Смағұлов мектепке басшылық етіп, білім ошағының дамуына көп еңбегін сіңірді. Мектептің жылу жүйесін ретке келтіріп, ішкі-сыртқы келбетін көз тартарлық етті. Білім ошағы ауласын көгалдандыруды қолға алды. Бар жағдайды жасады. Мектепті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіп, оқушылардың жүйелі білім алуына үлкен назар аудара білді. Оқушылардың біліммен қатар, спорт саласында да айтулы жетістіктерге жетулеріне жағдай жасады.

«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен, ал ұстаз шәкіртімен көрікті» деген ұғым бар. Жарты ғасырда мектеп қабырғасынан сан ұрпақ түлеп ұшқан екен. Берісі аудан, облыс, әрісі республиканың экономикасы мен мәдениетіне үлестерін қосуда.

Осы мектепте оқығандар спорттың қай түрінен болсын жемісті жетістікке жете білген. Мәселен, төрткүл дүниеге атағы жайылған былғары қолғап шебері Геннадий Головкин мен бокстан ҚР спорт шебері Максим Головкин, конькимен сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Станислав Палкин, каратэ-додан спорт шебері Виталий Ешкин, гимнастикадан спорт шебері Любовь Леонтьева – осы мектептің түлектері. Білім ошағында қазіргі уақытта еңбек етіп, дене тәрбиесінен дәріс беріп жүрген Қайрат Дарабаевты да ерекше атап өтуге болады.

Жарты ғасырлық тарихы бар білім ошағының тізгіні бүгінде Нұрбол Күнеділовтің қолында. Директор мектеп өмірінің тыныстіршілігіне белсене араласып, оқу-тәрбие жұмыстарын одан әрі жандандыру жолында. Өз кезегінде, білімін жетілдірген мектеп ұстаздары талмай ізденіп, еңбек етіп келеді. Жаңартылған білім жүйесі бойынша тәлім алатын оқушыларымыз республикалық және облыстық білім сайыстарында, спорт жарыстарында жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.

Алма ТҰЯҚОВА, Валентина КОТЕЛЬНИКОВА, №65 мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдері.

Басқа материалдар

Back to top button