ЖаңалықтарМәселе

Генофондқа жойқын соққы

БҰҰ-ның есірткі және қылмыспен күрес жөніндегі басқармасының синтетикалық есірткі саудасы туралы былтырғы ақпары адам шошытады. Басқарма оның Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияда күшейіп бара жатқанын мәлімдеді. Шошытатын себеп – мұндағы сауда айналымы 2021 жылы рекордтық көрсеткішке жеткендігі. Айталық, синтетикалық есірткінің бірі – метамфетаминнің заңсыз айналым географиясы 2016-2020 жылдарда әжептәуір ұлғайған. Айналдырған төрт жылда есірткі 117 елден табылған. Бұл көрсеткіш 2006-2010 жылдары 84 ел екен. Сонда алты жылда 33 елге тамыр жайып үлгеріпті. Сөйтіп, 2010 жылдан 2020 жыл аралығында тәркіленген метамфетаминнің көлемі бес есеге жеткен екен. Яғни, ол синтетикалық есірткінің жер шарын шарлап кеткендігін білдірсе керек-ті. Оның «қармағында» Қазақстан да бар.

Өзге ел есірткімен қалай күреседі?

Есірткі саясаты мәселелері жөніндегі жаһандық комиссия есірткімен әлемдік соғыста осыдан оншақты жыл бұрын «Жеңілдік!» деп қолын көтерді. Комиссия 2011 жылы «Есірткімен ғаламдық соғыс жеңіліс тапты. Есірткі бар әлемдегі жеке тұлғаларға және қоғамға зор зардаптар әкелді» деп ашық айтты мінберден. АҚШ президенті Никсонның сол уақытта елу жыл бұрын жариялаған есірткімен ымырасыз соғыстың жарты ғасырдан асса да, нәтижесі мардымсыздығы мойындалды. Заңнаманы қанша күшейтіп, есірткі саудасына жаза қатаңдағанымен, есірткінің әлемге бой бермей тұрғаны алғаш рет осылай жария етілді.

Содан әбден сансыраған Жаһандық комиссия 2014 жылы есірткінің кейбір түрін заңдастыруды ұсынды. Осылайша есірткілерді амалсыз заңдастырған әлем елдері пайда болды. Олар Аргентина, Бельгия, Канада, Ұлыбритания, Германия, Португалия, АҚШ, Уругвай секілді мемлекеттер. Әлбетте, жетіскеннен емес. Уды умен қайтарудың бір тәсілі екені белгілі. Ашық ресурстағы деректер мұның жақсылығын да, жамандығын да жасырмайды. Қайсыбір елде ілгерілеу болса, енді бірінде нашақорлар көбейіп кеткен. Қылмыс артқан. Яғни, жаһандық комиссияның бұл жаңалығы да жағдайды оңалтпаса керек.

Бұл кезде синтетикалық есірткі етек ала қоймаған еді. Ал қазір бұрынғы дәстүрлі есірткіге синтетика қосылып, әлем жұрты таза қайранда қалғандай күй кешіп отыр.

 «Ауруын жасырған өледі»

Сондықтан, жасырары жоқ, синтетикалық есірткі әлем тұрмақ, қазір Қазақстанның әр қаласына тарап жатыр. Күнде болмаса да оны таратушылар мен жасаушылар жиі ұсталып та жүр. Онымен күрес жоқ емес. Мәселе күрес күшейген сайын, оның өңін өзгертіп шығуында болып тұр. Дәл осы БҰҰ дерегінше, әлемде аптасына бір синтетикалық есірткі «дүниеге келеді». Яғни, бұл наркоэкономика нарығының «барондары» заңнамада жоқ жаңа есірткі түрін жасап шығарып жатқанын білдіреді.

БҰҰ-ның айтуынша, елдер арасындағы кикілжіңдер мен заң толықтай үстемдік құра алмаған уақытта наркоэкономика «гүлдене» береді. Өйткені кикілжіңдер синтетикалық есірткіні шығаруға ықпал ететін көрінеді.

Оңтүстік Америкада метамфетаминді тәркілеу алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр 7 пайызға өссе, Оңтүстік-Шығыс Азияда ол 30 пайызға артыпты. Бұл да рекордтық көрсеткіш БҰҰ мәлімдеуінше. Ал метамфетаминнің алынуы Оңтүстік-Батыс Азияда 50 пайызды көрсеткен. Алайда, бұл Орталық Азияны айналып өтті дегендік емес.

Мысалы, Ішкі істер министрлігінің ашық ресурстағы дерегінше, былтыр ел ішінде заңсыз жүрген 12 мың тонна есірткі алынған. Оның 212 тоннасы синтетикалық. 36 есірткі зертханасы жойылды. 43 есірткі каналы ұсталды. Есірткіні жарнамалаған 1900 сайт жабылды. 19 миллион халқы бар ел үшін аз көрсеткіш емес, біздіңше.

Сондықтан да бұл күні синтетикалық есірткі – бір ғана отбасының проблемасы деуге келмейді. Ол отбасы аясынан әлдеқашан шығып кеткен. Соңғы жылдардағы күшті қарқыны оны мемлекеттік деңгейдегі іс қатарына «жеткізді». Сол себепті ел Президенті «күрестің жалпыұлттық болуы тиістігін» атады. Әйтпесе, жөргегінде жатқанда тұншықпаған тажал тоқтар емес. Тіпті, жас атаулыны жаппай жалмайтын ертегідегі жеті басты айдаһарға айналған.

«…Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел.

Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан, Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында.

Президент тапсырмасымен Ішкі істер министрлігі есірткімен күрес туралы кешенді жоспар әзірледі де. Осыған дейін де синтетикалық есірткі таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейгені белгілі. Атап айтқанда, синтетикалық есірткі тізілімінің қатары тағы 11 жаңа түрімен, 17 есірткі заттармен толыққан-ды. Оған қоса, бұрғынғыдай бірнеше грамм емес, бір грамм синтетикалық есірткі үшін қылмыстық жауаптылық туындайтын қаулы шықты. Дегенмен, есірткімен соғыста әлі жеңіс туы желбірер емес. Оның түйткілінің бірқатарын жоғарыда айттық. Енді тағы бір себебі бар. Ол – интернеттің де есірткі экономикасы «өрісін» кеңейтіп тұрғаны.

Интернеттегі күрес тоқтаусыз

Бұдан біраз жыл бұрын көпқабатты үйлердің қабырғаларына ойқыш-ұйқыш жазу-сурет күпінің битіндей көп еді. Білмейтін адам әншейін еріккеннің ермегі дер еді. Ал, ол жазу есірткінің атауы мен сілтемесі. Оны білетіндер жазбай таниды. Бүгінде сәл толастады. Есесіне әлеужеліде сайраны күшті. Адамнан айла артылған ба? Оларды сату негізінен интернет арқылы іске асып келеді. «Тelegram», «Signal», «VIPole», «WhatsApp» әлеужелілерінде отыр.

Қарағанды аймағында полиция департаментінің баяндауынша, есірткі және психотроптық заттардың таралуы туралы ақпаратты қамтитын контенттерді анықтауға тұрақты негізде интернет-кеңістіктің мониторингі жүзеге асырылады. Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың, олардың синтетикалық түрлерінің жарнамасын ақпараттық-коммуникациялық желілерде бұғаттау да ұдайы. Мәселен, былтыр «кибер қадағалау» барысында жүз отызға жуық сайт, аккаунт бұғатталған.

Жақында Қарағанды облыстық полиция департаменті Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерімен «Синтетика» есірткі арнасының жолын кесудің арнайы операциясын өткізді.

«Жедел шара Қарағанды және оған серіктес Теміртау мен Абай қаласында жүргізілді. Арнайы шара кезінде 21 мен 33 жас аралығындағы төрт азамат ұсталды. Полиция қызметкерлері күдіктілердің арнайы сайт ашып, синтетикалық есірткіні әлеуметтік желі арқылы сатқанын анықтады. Жедел қызметкерлер күдіктілердің жалдамалы пәтерлерінің бірінен сатуға дайындап қойған 90 орам ақ түсті ұнтақ заттар тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат 603 грамм синтетикалық есірткі заты екені белгілі болды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», дейді полиция департаменті баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, 2022 жылы «кибернадзор» ақпараттық жүйесіне есірткі құралдарының таралуы туралы мәліметтерді қамтитын 153 ақпараттандыру объектісі енгізілген. «Курьерлер» деп жұмыс ұсынған сайттарда 93 жарнама бұғатталды. Сондай-ақ, граффити-суреттердің және есірткі сайттарының QR кодын таратпауға қатысты шаралар да қабылданған. Өткен жылы есірткіні насихаттайтын сайттарға 1780 адам сілтеме жасаған екен.

Бұл бір Қарағанды облысындағы ахуал. Мұндай кеп кез келген елдің түкпіріндегі қаланың басында бар. Осыдан-ақ синтетикалық есірткінің ел ішіндегі сайранын көзіңізге елестете беріңіз.

 Көрінбейтін соғыс

Денсаулық сақтау министрлігінің Жастар істері жөніндегі кеңесте синтетикалық есірткіні тұтыну кейінгі 5 жылда 14 есеге өскені айтылды. Мәселен, мұндай науқастар 2017 жылы 40 болса, 2022 жылдың 1 шілдесіндегі дерек 587-ге дейін өскенін көрсетеді.

Министрлік дерегінше, есірткі қолдану арқылы «Психикалық мінез-құлық бұзылысы» диагнозымен тіркелгендер саны 108 мыңға жуық. Оның 6245-сі 18 бен 29 жас аралығындағылар. Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және арзандығы бұрынғы есірткілерді ығыстырып келе жатқанын да мәлімдеді құзырлы орындар.

Интернет бетіндегі деректерден синтетика қолданғандардың қырыққа жетпей қыршын кететіні жиі жазылып жүр кейінде. Шизофрения, деградация, соңы өлімге әкеліп соғады. Ағзаның ерте қартайып, тозуы осы есірткінің салдары. Ең алдымен, бұл есірткіде ми зақымданады деседі мамандар. Психолог Татьяна Савицкая ересек адамдарға қарағанда жасөспірімдердің қалыпты өмірге қайтуы қиын екенін айтады сұхбаттарында.

– Жасөспірімдер үлкендерге қарағанда қалыпты өмір сүруге қайта оралуға құлықсыз. Бұл арада ми құрылысының ерекшелігін ескеру қажет. Мида соңғы боп, маңдайалды бөлік дамиды. Онда ойлау үдерісіне жауап беретін ми бөліктері орналасқан. Мидың бұл қалыптасу үрдісі 24 жаста тәмамдалады екен. Оған дейін адам жасөспірім саналып, бұл жас аралық қауіпті мінез-құлықпен сипатталады, – дейді психолог.

Сондай-ақ, синтетикалық есірткіге тәуелді жиырмадағы жастың ағзасы жетпістегі қарияға пара-пар екенін де мамандар жиі айтып, дабыл қағып жүр. Демек, өмірмен қоштасуы да жақын деген сөз. Көрінбейтін соғыс жүріп жатыр. Талай дуалы ауыздардың «Генофондқа жойқын соққы» деуі де осыдан.

Қайтпек керек?

Әлі күнге бұл сұраққа толыққанды жауап жоқ. Қабылданып жатқан заңнама, дайындалған кешенді жоба-жоспарлар тосқауыл бола алмай жүргені өтірік емес. Дүние жүзі шешім іздеп, басын тауға да, тасқа да соқты. Әйткенмен, саны аз ұлттар үшін уақыттың өзі кері жұмыс істеп жатыр. Оны да ұмытпау қажет.

Бұл тек құқық органдарының ғана міндеті емес. Бұған қоғамның барлық саласы жұмылуы тиіс. Соларды жұдырықтай жұмылдыратын алгоритм қажет.

Әлем жеңе алмай, қос қолын көкке көтеріп отырғанда, әлбетте, бұл оңай соғыс емес. Бірақ әлем «құдыққа түсті» деп, құдыққа түсетін емес. Шешімі жоқ мәселе болмайды. Бұл арада әлі де жетілдірілген әрекет алгоритмі керек. Кидлиннің «Егер сіз мәселені нақты айта алсаңыз, мәселе жартылай шешілді» деген заңының маңызы зор. Ескеру керек.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button