Газетке гаджетпен жазылдық
Ормандай оқырманы бар «Ortalyq Qazaqstan» газетінің сайтынан басылымға «Kaspi.kz» банк қосымшасы арқылы жазылуға болатынын оқып қалдық. Содан QR код арқылы газетке жазылдық.
Біз аймағымыздың бас басылымына әрқашан құрметпен қараймыз. Жұмыс үстелімізде жатады. Көзімізге түскен мақалаларды астын сызып оқимыз. Қаламы қарымды әріптестеріміздің салмақты сараптамаларын, өткір көтерген проблемаларын үзбей қарап отырамыз. Расы керек, кейде телеарнадағы әріптестеріме сол мәселе бойынша бағыт беремін. Телеарнада көрсетілген сюжеттерімізді мақала күйінде газеттен көреміз. Бұл дегеніміз – әріптестік ынтымақтастықтың күштілігі.
Редакцияның замана көшінен қалмай, жаңғырып, даму үдерісінен қол үзбегендігіне ризамыз. Мінекей, оқырмандарына оңтайлы етіп, жазылымның жаңа түрін қолға алған екен. Сәтті болсын, оқырманы көбейсін! Біз де белсенді оқырманы ретінде, банк қосымшасы арқылы жазылдық. Енді ондағы журналистердің жазары көп болсын дейміз.
Берік ДҮЙСЕТАЕВ,
«Saryarqa» телеарнасының директоры.